Брюссель кездесуі жаңа стратегияға жол ашты

4293

Еуропа одағы өзінің Орталық Азиядағы жаңа саясатын 2019 жылы жариялауды жоспарлап отыр. 

Брюссель кездесуі жаңа стратегияға жол ашты

Бұл стратегияның мақсаты – екі жаққа да ұзақ уақыт бойы тиімді болатын аймақаралық қатынастарды өркендету.

Қарашаның 23-де Брюссельде 14-ші Еуропа одағы-Орталық Азия министрлер кездесуі өтті. Онда Қазақтан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан дипломатиясының жетекшілері мен ЕО өкілдері жүздесіп, Еуропа одағының Орталық Азиядағы жаңа стратегиясын талқылап, оны 2019 жылдың бірінші жартысында Қырғызстанда өтетін кездесуде айқындаудан үмітті. Еуропа одағы  біздің аймақтың энергетикалық ресурстарына ғана емес, транспорттық дәліз әлеуетіне де қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар, Брюссель көмек бағдарламаларына қаржыны көбірек бөліп, Орталық Азияда өз ықпалын күшейтуге мүдделі.

"Бұл аймақтың динамикалары жылдам өзгеріп келеді. Оның Еуропа мен Азияны біріктіретіні де өте маңызды. Мұның бәрі біздің назарымызды Орталық Азияға аударып отыр. Аймақ елдері,  әсіресе, Түркіменстан  Еуропа одағын реформалар мен модернизация жолындағы сенімді серіктес деп қарастырады ", – дейді осы одақтың Сыртқы саясат пен Қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Федерика Могерини.

Айта кету керек, Түркіменстан еуропалық бағытқа енді ғана бет бұрды. Ал, Қазақстан ЕО-мен ынтымақтасу бойынша аймақтың көш басында тұр. Еуропа одағының Орталық Азияға арналған стратегиясы 2003 жылы жетілдіріліп, кейін бірнеше мәрте ретке келтірілген. Бұл құжат Еуропа мен Орталық Азияның әр мемлекеті арасында энергетика, білім-ғылым, терроризммен күрес, шекара қауіпсіздігі, адам құқықтарын қорғау салаларындағы қатынастарды дамытуды көздейді. Сонымен қатар, ЕО жалпы құны 230 миллион еуро болатын 110-нан астам жобаны қаржыландырған екен. Бұл статегия 2017 жылдың соңында қайта пысықталуы тиіс еді. Алайда, Еуропа одағын алаңдатқан өзге де мәселелер туындады. Оның үстіне, Брюссельде Орталық Азия үшін қаржы табылмады. Керісінше, Қытай мен Ресейдің ОА-дағы белсенділігі артты. Сондықтан, бүгінде Еуропа одағы Орталық Азияда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және сол жобаларға Ауғанстанды да тарту жайлы ұсыныстарды қарастырып жатыр.

Өзбекстанға назар ерекше
Жаңа стратегияда аймақтың әр елімен жекеше ынтымақтасуға ерекше мән берілген. Өзбекстан – сол тізімнің басында. Еуропа одағы бұл республикада 168 миллион еуроның жобаларын жүзеге асыруды көздеп отыр. ЕО-ның Халықаралық ынтымақтастық пен даму ұйымының бас директоры Стефано Мансервисидің мәлімдеуінше, "Еуропа одағы Өзбекстанды стратегиялық серіктес деп қарастырады". Және де оның айтуынша, ЕО Өзбекстанда экономиканың белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өзбек кәсіпорындарына еуропалық тәжірибе енгізбек. Сондай-ақ, Еуропа одағы өзбек жобаларын көбірек қаржыландырып, Өзбекстанда еуропалық компаниялардың санын арттыруы мүмкін.

"Өзбекстан – халқының саны жағынан Орталық Азиядағы ең үлкен мемлекет. Ал, Еуропа одағының сыртқы экономикалық саясаты мұнда экономикалық тұрақтылық орната отырып, саяси тұрақтылықты көздейді. Яғни, дағдарысқа жол бермеуге мүдделі. Мұндай тұрақтылық түбегейді трансформация кезінде өте маңызды", – дейді германиялық сарапшы Ашот Манучарян "Вестник Кавказа" басылымына берген сұхбатында. 

Қазақстанның ұсыныстары
Еліміздің сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдегендей, Еуропа одағы Қазақстанның саудалық, экономикалық, инвестициялық серіктесі болып қала береді. Сонымен қатар, қазақ дипломатиясының жетекшісі ЕО-ны Қазақстан сыртқы саясаты басымдық беретін аймақтардың бірі деп атап өтті. Көрші елдер Еуропамен жасалған пәтуаларды енді жаңартайын деп отырғанда, Қазақстан Орталық Азияда бірінші болып, ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік және ынтықтастық туралы келісім жасап үлгерді.

Могеринидің айтуынша, бұл құжатты Еуропа елдерінің көпшілігі ратификациялаған.  Ал, қалған үш мемлекет оны ратификациялау процедурасын таяуда аяқтайды деген үміт бар.

"Орталық Азияда Еуропа одағымен серіктестікті әртараптандыруға мұқтаждық артып келеді. Сонымен қатар, біз осы аймақпен қауіпсіздік, сауда, энергетика, байланыс және даму мәселелелерінде ынтымақтастықты күшейтуге мүдделіміз", – дейді Могерини.

Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері болса, Еуропа одағына білімді, орта және шағын бизнесті дамытуға көмектесу, мәдени, гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету туралы ұсыныстар айтты. Ал, Әбдірахманов Еуропа одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ, Қытай арасында өзара іс-қимыл туралы диалог жүргізуге Астананың платформа болуға дайын екенін атап өтті. Бұған қоса, Қазақстан сыртқы істер министрі Орталық Азияның 70 миллион тұрғыны үшін Еуропаға "универсалдық  виртуалдық терезе" болатын ортақ онлайн портал ашуды да ұсынды.

Тұрақты дамуға 124 млн еуро
Федерика Могерини жариялағандай, Еуропа одағы Орталық Азияның барлық бес мемлекетінде тұрақты дамуды қолдауға 124 миллион еуро бөледі. Оның ойынша, ЕО қаржыландыратын бағдарламалар жеке секторды дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға, климаттық өзгеріспен күреске, заңның үстемдігін мықтауға, тиімді білім саясатын қалыптастыруға жәрдемдеседі.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу