Бублик алғаш рет "Уимблдон" турнирінің үшінші айналымына өтті

1127

Биылғы маусымда Александр Бублик сәтті өнер көрсетуде.

Бублик алғаш рет "Уимблдон" турнирінің үшінші айналымына өтті

Әлемдік рейтингте 38-ші орында тұрған қазақстандық теннисші Александр Бублик "Уимблдон" турнирінің үшінші айналымына өтті. Жекелей сында екінші кезеңде ол әлемнің 21-ракеткасы - болгар Григор Димитровты үш сетте де 6: 4, 7: 6 (8: 6), 7: 6 (7: 4) есебімен жеңді.

Кездесу 2 сағат 28 минутқа созылды. Бублик ойын барысында 34 эйс жасап, 10 рет қателік жіберді. Димитров допты ойынға қосу барысында төрт қателік жіберді. Қазақстандық теннисші келесі кездесуін Юбер Гуркач (Польша) - Маркос Широн (АҚШ) жұбының жеңімпазымен өткізеді.

Естеріңізге сала кетейік, турнирдің 1-кезеңінде Бублик жерлесі Михаил Кукушкинді жеңген болатын.

Сонымен қатар Зарина Дияс "Уимблдонда" жұптық сайыста екінші айналымға шықты. Ол аустралиялық Арина Родионовамен бірге Тимей Бабош (Венгрия) / Кристина Младенович (Франция) дуэтін екі сетте жеңді - 6: 1, 6: 2. Кездесу 1 сағат 13 минутқа созылды. Ойын барысында Зарина Дияс пен Арина Родионованың қарсыластары бірде-бір эйс жасамай, жеті рет қателік жіберді. Дияс пен Родионова керісінше, допт ойынға қосу барысында бір ғана қателік жіберді.

Дияс пен Родионова келесі кездесуін Варвара Грачевамен (Ресей) / Оксана Калашникова (Грузия) - Нэкта Бейнс / Саманта Марреймен (екеуі де - Ұлыбритания) жұптары арасындағы жеңімпазбен өткізеді.

"Уимблдон" турниріне қатысқан тағы бір жерлесіміз Юлия Путинцева әйелдер арасында өткен жекелей сында екінші айналымда қарсыласына жол берді. Ол испаниялық Паула Бадос Хиберттен жеңіліп қалды. Бірінші сет 6: 4 есебімен Путинцеваның пайдасына аяқталса, екіншісінде Паула қазақстандықты жеңді - 6: 1.

Кездесу 1 сағат 20 минутқа созылды. Осы уақыт аралығында испаниялық екі эйс жасап, сегіз мәрте қателік жіберді. Ал Путинцева  бір рет қателесті. Хиберт келесі ойынын Элина Свитолина (Украина) - Магда Линетта (Польша) жұбының жеңімпазымен өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу