Осы доданың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте 72-орында тұрған франциялық Жереми Шардимен күш сынасты. Бірінші партияда қазақстандық спортшы 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Бублик брейкке қол жеткізіп, сосын өз геймін де алды – 3:1. Бірақ Шарди қарымта қайтарып, өзі алға шықты – 5:4. Тай-брейкте Жеремидің жолы болды – 7:6 (7:4). Үшінші, шешуші партияда есеп 4:3 болған мезетте Бублик брейк жасап кетті. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді – 6:3.
Тартысты бәсеке 2 сағат 5 минутқа созылды. Бублик финалда әлемнің 23-ракеткасы, аустралиялық 21 жастағы Алекс де Минаурмен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Сонымен қатар бүгін Australian Open қарсаңында Мельбурнде өтетін WTA 500 жарыстарына қатысатын Қазақстан теннисшілері анықталды. Gippsland Trophy және Yarra Valley Classic деген атауға ие болған турнир 31 қаңтар мен 6 ақпан аралығында өтеді. Оған әлемдегі ТОП-88-ге кіретін барлық теннисшілер қатыспақ. Осынау байрақты бәсекеде Қазақстан атынан Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Ярослава Шведова және Зарина Дияс өнер көрсетпек. Аталған тениисшілердің барлығы бірнеше күн бұрын Абу-Дабиде әйелдер арасында өткен турнирге қатысқан болатын. Алайда жерлестеріміз финалға шыға алмай, жарысты аяқтаған болатын. Енді олар Мельбурнде ел намысын қорғайтын болады.
Алдағы уақытта қазақстандық спортшылардың екі жарысқа қалай бөлінетіндігі белгілі болады. Әр турнирдің кестесі 64 ойыншыдан тұрады.
Ермұхамед Мәулен