Бублик, Данилина және Рыбакина Мәскеудегі турнирде бірінші кезеңнен әрі аса алмады

1007

Ресей астанасында ATP 250 / WTA 500 ерлер мен әйелдер арасында дәстүрлі "Кремль кубогы" халықаралық турнирі өтуде.

Бублик, Данилина және Рыбакина Мәскеудегі турнирде бірінші кезеңнен әрі аса алмады

Александр Бублик украиналық Илья Марченкодан 4:6, 3:6 есебімен ұтылып, бірінші айналымнан әрі аса алмады. Кездесу 1 сағат 23 минутқа созылды. Әлемнің 35-ші ракеткасы, қазақстандық теннисші он эйс пен алты қосарланған қателікке жол берді. Әлемдік рейтингте 164-сатыға жайғасқан Илья допты ойынға қосу барысында үш рет қателік жіберіп, үш брейк пен алты эйс жасады. Бұл қос теннисшінің алғашқы кездесуі,

Елена Рыбакина чехиялық Маркет Вондроушовадан 4:6, 4:6 есебімен ұтылды. 1 сағат 22 минутқа созылған кездесуде Елена төрт эйс орындады, допты ойынға қосу кезінде алты рет қателесті және екі брейк-пойнт жасады. Ал қарсыласы допты ойынға қосу кезінде бір рет қиыс кетіп, тоғыз қосарланған қателік жасап, төрт брейк жасады. Бұл спортшылардың алғашқы ресми кездесуі болды.

Ал Анна Данилина жұптық сында екінші кезеңге өте алмады. Аустралиялық Арина Родионовамен дуэтте қазақстандық теннисші чехиялық Мария Боузкова мен Луция Градецкаядан 1:6, 1:6 есебімен ұтылды.

Сонымен қатар Қарағандыда ITF World Tennis Tour W25 турнирі өтуде. Жеребе бойынша Жібек Құламбаева мен Екатерина Дмитриченко бірінші айналымда қарсылас атанды. 1 сағат 42 минутқа созылған кездесуде Құламбаева 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

"Матчқа көңілім толады. Өкінішке орай, алғашқы ойында жерлесіммен ойнауға тура келді. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Әр ұпай үшін күресіп, жеңіске жеттім. Матчты тамаша өткіздік", – деді ойыннан кейін Жібек.

Жібек келесі айналымда белоруссиялық Юлия Готовко немесе бельгиялық Клара Власселермен кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу