Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Мельбурнда өтіп жатқан ATP 250 Great Ocean Road Open турнирінің үшінші айналымына өтті. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.
Жарыстың 8-ракеткасы болғандықтан, бірден екінші айналымнан бастаған Бублик рейтингте 121-орында тұрған аустралиялық Кристофер О'Коннеллмен кездесті. Қазақстандық спортшы 23-те болса, тәжірибелірек қарсыласы одан үш жасқа үлкен.
Бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда қазақстандық теннисші сәтті ойнай білді – 7:6 (7:2). Тартысты өрбіген екінші сет те тай-брейкпен бітіп, бұл жолы аустралиялық теннисші жинақылық көрсетті – 7:6 (8:6). Үшінші, шешуші партияда есеп 4:4 болған мезетте А.Бублик брейк жасады. Содан кейін матчқа доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4. Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 7 минутқа созылды. Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 71-ракеткасы, италиялық Стефано Травальямен таласады. Жүлде қоры 382 575 АҚШ долларына бағаланған дода 7 ақпанда мәреге жетеді.
Сонымен қатар Мельбурндағы Grampians Trophy WTA 500 турниріне қатысып жатқан Әлемнің 28-ракеткасы, қазақстандық Юлия Путинцева 1-кезеңді сәтті бастады. Аустралияда қатаң карантинде болған теннисшілер үшін арнайы ұйымдастырылған жарыста қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін рейтингте 191-орында тұрған испаниялық Джеорджина Гарсия Переспен өткізді. Барынша тартысты өрбіген бірінші партия тағдыры тай-брейкте шешілді. Тай-брейкте қазақстандық теннисші бет қаратпады – 7:6 (7:1). Екінші партияда есеп 3.3 болған мезетте Юлия брейк жасап, алға кетті. Ақыры осы басымдылығын сақтап қала алды – 6:4. Бәсеке 1 сағат 43 минутқа созылды. Путинцева екінші айналымда әлемнің 13-ракеткасы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен күш сынасады.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина доданы екінші айналымнан бастайды. Ол рейтингте 66-сатыдағы чехиялық Барбора Крейчиковамен шеберлік байқасады.
Ермұхамед Мәулен