banner

Бублик пен Голубев ширек финалға шыға алмады

2376

Australian Open турнирі қазақстандық теннисшілер үшін аяқталды.

Бублик пен Голубев ширек финалға шыға алмады

Қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубев жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Қазақстандық жұп төртінші айналымда сальвадорлық Марсело Аревало – нидерландылық Матве Мидделкоппен күш сынасты. Тартысты өткен бірінші партияда А.Бублик пен А.Голубев тай-брейкте басымдылық көрсетті – 7:6 (7:4). Екінші сетте қарсыластары дәл солай жауап қайырды – 7:6 (7:3). Үшінші сетте де олардың жолы болды – 6:3. Бәсеке 2 сағат 22 минутқа созылды.

Мельбурндегі Australian Open-мен қатар, 14 ақпанда басталған жүлде қоры 235 мың долларды құрайтын WTA 250 Phillip Island Trophy турнирінде қазақстандық Зарина Дияс жарыстың екінші айналымына жолдама алды. Бұл додада Аустралия ашық чемпионатында жолы болмағандар қатысуда. Олардың арасында Аустралия біріншілігінің өткен жылғы чемпионы, америкалық София Кенин де бар.

Әлемнің 83-ракеткасы Зарина Дияс дүниежүзілік рейтингте өзінен бір саты төмен тұрған америкалық Кристина Макхэйлмен кездесті. Осы уақытқа дейін бұл қарсыластар бір-бірімен төрт рет кездесіп, есеп тең аяқталған болатын - 2:2.

Ал бұл жолы бірінші партияда америкалық теннисші басымдылық көрсетті - 6:3. Есесіне содан кейін Зарина Дияс ойын тізгінін қолға алып, жеңіспен тәмамдады 6:3, 6:1. Тартысты матч 1 сағат 54 минутқа созылды. Зарина Дияс екінші айналымда әлемнің 96-ракеткасы, румыниялық Ана Богданмен шеберлік байқасады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу