Осы доданың 21-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингте 64-орында тұрған эстониялық Кайя Канепимен кездесті. Қазақстандық спортшы 21-де болса, тәжірибелі Канепи 35 жаста еді. Қарсыластар матчты брейк алмасумен бастады – 1:1. К.Канепи тағы бір брейкке қол жеткізді – 3:2. Дегенмен қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді – 4:4. Сосын сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4. Екінші партияда Е.Рыбакина брейкпен алға кетті – 3:0. Содан соң есепті 5:0-ге жеткізді. Ақыры бұл сетте қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Бәсеке 1 сағат 14 минутқа созылды.
Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Дженнифер Брэйди немесе рейтингте 58-сатыдағы испаниялық Сара Соррибес-Тормоның біреуімен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Miami Open WTA 1000 турнирінің екінші айналымында сербиялық Нина Стояновичке қарсы өткен 2 сағат 45 минуттық кездесуде (7: 5, 5: 7, 2: 6) есебімен үш сетте де жеңіліс тапты. Келесі айналымда Стояновичтің қарсыласы әлемнің екінші ракеткасы, жапониялық спортшы Наоми Осака болмақ.
Сондай-ақ ерлер арасында Александр Бублик Miami Open турнирінің екінші айналымында сербиялық Ласло Джерені 6:3, 6:4 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. 3-кезеңде Бублик Әлемнің 104-ракеткасы аустралиялық Джеймс Даквортпен сынға түседі.
Ал Хорватияда өтіп жатқан Zadar Open турнирінің жартылай финалында жұптық сында өнер көрсеткен қазақстандықтар Александр Недовесов пен Андрей Голубев словакиялық Алекс Молчан/ Лукас Клейн дуэтіне есе жіберді. 1 сағат 11 минутқа созылған ойын 3:6, 4:6 есебімен аяқталды.
Кездесу барысында Недовесов/Голубев жұбы он брейк-пойнттың екеуін сәтті орындап, 4 мәрте қателікке жол берді.
Zadar Open - Задар қаласында (Хорватия) Tenis klub Borik жергілікті спорт кешенінде өтетін кәсіби теннис турнирі. Жарыс ATP Challenger 80 сериясына жатады және жүлде қоры 44 820 еуроны құрайды.
Ермұхамед Мәулен