Бублик Штутгартта Марреймен кездеседі

849

Қазақстандық теннисшілер халықаралық турнирлерде сәтті өнер көрсетуде.

Бублик Штутгартта Марреймен кездеседі

Александр Бублик жүлде қоры 770 мың еуроны құрайтын Штутгарт (Германия) ATP 250 додасында, жекелей сында алғашқы кездесуін америкалық Денис Кудламен өткізді. Қазақстандық спортшы 7:6 (7:3), 7:5 есебімен ұтты. Ол 12 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың екеуін мүлт жіберген жоқ. Александр ертенң екінші айналымда "Үлкен дулыға" турнирінің үш дүркін чемпионы, әлемнің экс-бірінші ракеткасы ұлыбританиялық Энди Марреймен күш сынасады. Теннисшілер биыл өзара екі рет кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.

Елена Рыбакина Нидерландының Хертогенбос қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінің алғашқы айналымында америкалық Джейми Лобпен сынға түсті. Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:4, 7:5 есебімен жеңді. Елена 10 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді. Ал ертең еліміздің бірінші ракеткасы 1/8 финал аясында Шелби Роджерспен кездесетін болды. Сондай-ақ отандасымыз жұптық сайыста да өнер көрсетуде. Ол Людмила Самсоновамен бірге бүгін елорда уақытымен 19:00-де Т. Зиданшек/Э. Перес жұбынына қарсы өнер көрсетеді.

ATP рейтингінде 166-орында тұрған қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Ноттингемде (Ұлыбритания) өткен жекелей турнирде алғашқы кездесуін өткізді. Ол румыниялық Мариуш Копилмен кездесіп, екі сетте 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Кездесу бір сағат 18 минутқа созылды. Айта кетейік, бұл матч турнирдің 1/16 финалы кезеңінде өтті.

Дмитрий Попко Словакия астанасы Братиславада өтіп жатқан турнирде жекелей сында алғашқы кездесуін жеңіспен бастады. Екі сағатқа созылған 1/16 финалдық матчта қазақстандық Украинадан келген Олег Приходькодан үш сетте 4:6, 6:1, 6:2 есебімен басым түсті.

Айта кетейік, осылайша қазақстандық теннисші жарыстың 1/8 финалына жолдама алды.

Ермұхамед Мәулен