Бублик "Уимблдон" турнирін жеңіспен бастады

582

Бүгін жекелей сында Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева кортқа шығады.

Бублик "Уимблдон" турнирін жеңіспен бастады

Әлемнің 26-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты. Бублик алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 54-орында тұрған америкалық Маккензи Макдональдпен бақ сынасты. Бірінші партияда тай-брейкте америкалық спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:3). Екіншісінде есеп 4:4 болған мезетте Бублик брейк жасап, сосын өз геймін алды – 6:4.

Үшінші сетте қазақстандық теннисші доп берген кезде қателікке бой алдырып, қарсыласының брейк жасауына жол беріп қойды – 0:2. Дегенмен таразы басын теңестіре алды – 4:4. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізіп, партияны өз пайдасына шешті – 6:4. Төртінші партияда брейк жасаған қазақстандық спортшы 3:1 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4. Екі сағат 49 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Бублик 24 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Александр екінші айналымда тағы бір америкалық, әлемнің 48-ракеткасы Джеффри Джон Волфпен кортқа шығады.

Бүгін Лондонда (Ұлыбритания) Уимблдонның екінші ойын күні өтеді. Бұл жолы Қазақстанның екі өкілі "Үлкен дулығаның" көгалды корттарында әйелдер арасындағы жекелей сында өнер көрсетеді.

Рыбакина бүгін турнирдің қазіргі чемпионы ретіндегі алғашқы кездесуін орталық кортта өткізеді. Оның қарсыласы АҚШ-тан келген 30 жастағы Шелби Роджерс (№49) болмақ. Бұл кездесу Астана уақытымен 18:30-да басталады.

Ал Путинцева турнирдің 13-ракеткасы бразилиялық Беатрис Хаддад-Майямен ойнайды. Бұл олардың екінші кездесуі. Биылғы Абу-Дабиде өткен турнирде Хаддад-Майя жеңіске жетті - 6:4, 6:7(5), 7:6(4). Жеребеде Путинцеваның жолы болды деп айта алмаймыз. Себебі Юлия бірінші айналымда-ақ биыл екі рет Рыбакинаның өзін жеңген өте мықты теннисшіге қарсылас атанып отыр. Олардың кездесуі 15-ші шамамен Астана уақытымен 22:30-да басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу