Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Монте-Карлода өтіп жатқан ATP турнирін сәтті бастады. Жарыстың бірінші матчында қазақстандық әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы швейцариялық Станислас Вавринокомен кездесті. Бублик бірінші сетте 3:6 есебімен жеңілгенімен, екінші кезеңде 7:5 есебімен есе қайтарды. Финалдық сетте қазақстандық теннисші швейцариялықтан тағы да мықты болды – 6:2.
Енді Бублик жалпы жүлде қоры 5,8 млн еуроны құрайтын Мастерс жарысының үшінші айналымына шығу үшін ертең әлемнің 19-ракеткасы, испаниялық Пабло Карреньо-Бустамен сынға түседі.
Александр Бублик Монте-Карлодағы Мастерс турнирінің бірінші кезеңінде Стэн Вавринканы жеңгеннен кейін ойынға қатысты пікір білдірді.
"Егер Стэн бабында болса, оны жеңе алмас едім. Сондықтан оның тезірек сауығып кетуін ғана тілеймін. Матч туралы, өз ойыным туралы ештеңе айтпаймын. Өйткені өздеріңіз бәрін көрдіңіздер. Мен құмдауыт төсенішті жек көремін (күледі). Ойын бағытын өзгерттім деп ойламаймын. Тек екінші сет аяқталғаннан кейін Стэннің денсаулығы сыр берді. Менің жеңісімнің себебі де осы", – деді Александр Бублик.
Ал тағы бір қазақстандық теннисші Андрей Голубев үшін Монте-Карлодағы жарыс сәтсіз басталды. Голубев италиялық теннисші Лоренцо Сонегомен бірге грециялық теннисшілер Стефанос пен Петрос Циципас жұбынан үш сетте де жеңіліп қалды. Ойын 7:6, 4:6, 2:10 есебімен аяқталды. Матч бір сағат 44 минутқа созылды.
Айта кетейік, бұл кездесу турнирдің 1/16 финалы кезеңінде өтті.
Ермұхамед Мәулен