Бублик жартылай финалда

1404

Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик Францияның Метц қаласында өтіп жатқан Moselle Open ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты.

Бублик жартылай финалда

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 31-ші, осы жарыстың 4-ракеткасы, даниялық Хольгер Рунемен кездесті. Бұл туралы еліміздің теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Бірінші партияда Бублик 6:3 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде қарсыласы есе қайырды – 7:5. Үшінші, шешуші сетте қазақстандық спортшы дегеніне жетті – 6:4.

Александр финалға шығу үшін дүниежүзілік рейтингте 284-орында тұрған, "Үлкен дулыға" турнирлерінің екі дүркін чемпионы, швейцариялық Станислас Вавринкамен кездеседі. Матч елорда уақытымен бүгін 19:30-да басталады.

Тағы бір қазақстандық Тимофей Скатов жекелей сында Брага (Португалия) Челленджер жарысының жартылай финалына өтті. Дүниежүзілік рейтингте 242-орында тұрған қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 121-інші, доданың екінші ракеткасы, испаниялық Карлос Табернермен шеберлік байқасты. Бірінші партия тартысты өрбіп, тай-брейкте Скатов сәтті ойнай білді – 7:6 (7:2). Екінші сетте Тимофей қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Тимофей финалға шығу үшін әлемнің 308-ракеткасы, америкалық Николас Морено Де Альборен немесе рейтингте 341-сатыдағы испаниялық Хавьер Косано Барранконың біреуімен кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу