Бұдан былай басшылар жиі ауысатын заман тууы мүмкін

3005

Үкімет басшысы мұның қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді.

Бұдан былай басшылар жиі ауысатын заман тууы мүмкін Фото: newizv.ru

Жалпы, еліміздің әрбір азаматының мемлекеттік қызметке қол жеткізу құқығы Ата заңмен бекітілген. Дегенмен, өмірде мұны жүзеге асыруда бірқатар қиындықтар, кедергілер бар.  

Оның үстіне Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарына түсіндіргендей, нақты бір мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар сол лауазымдық міндеттердің сипатына ғана негізделеді, әрбасқа болып келеді.

Сондай-ақ, саяси мемқызметшілердің лауазымдарына орналасу – тағайындау не сайлау жолымен, әкімшілік лауазымдарға – конкурстық негізде жүргізіледі. Оның бәрінің жай-жапсарын, "таудан биік табалдырық" талаптарының ньюанстерін былайғы жұрт түсіне бермейді.

"Мемлекеттік саяси лауазымға орналасу келісуді және біліктілік талаптарына сәйкестікті талап етеді. Қосымша шарттар қойылуы мүмкін, оны Президент белгілейді. Сонымен қатар саяси мемлекеттік лауазымдарға кандидаттарды іріктеу процестерін автоматтандыру үшін "Е-қызмет" ақпараттық жүйесінде әртүрлі критерийлер бойынша кандидаттарды серпінді іріктеуге арналған "Персоналды іріктеу" функционалы іске асырылды", – деді Премьер-министр.

Ол сонымен қатар, кандидаттарды іріктеу "жеке және кәсіптік дамуын бағалайтын цифрлық рейтинг" негізінде жүзеге асырылатынын еске салды. Мұнда әрбір үміткердің жеке парақшасында оның білімі, еңбек қызметі, наградалары, спорттық, кәсіптік жетістіктері, әлеуметтік-қоғамдық қызметке қатысу тәжірибесі туралы деректер болады.

Бұдан бөлек, әрбір адамның тәртіптік жазалары, құқық бұзушылықтары сияқты "тәуекел факторлары" ескеріледі. Мұндай "минустары" бар кандидаттардың мемлекеттік қызметке тұру шансы төмендейді. Бұл ретте белсенділердің үлкен бөлігінің ұсақ әкімшілік құқық бұзушылық үшін жазасы бар екені жасырын емес.  

Содан ауылдан шыққан жас дарын иелеріне, сондай-ақ тиімділігі жоғары, тетігі жетік, тегі мықты, тегеуріні қатты басқарушыларға, менеджерлерге талаптары құпия, суасты иірімдері көп мемлекеттік қызметке тұрғаннан бизнесте қалған, тіпті бақытын шетелден іздеген жеңілірек.

Соған қарамастан, Үкімет басшысы мемлекеттік қызметке білімі терең, біліктілігі жоғары азаматтарды тартуға қадам жасалып жатқанын айтты.

"Мысалы, "Персоналды іріктеу" модулінде меморгандардың ведомстволық бағынысты ұйымдары басшыларының цифрлық рейтингін қалыптастыру іске асырылды. Ол лайықты кадрларды мемқызметтен тыс іздеуді кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке жеке сектордың, бизнес қоғамдастықтың мамандарын, дарынды жастарды тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде", – деді Бектенов.

Ол жас қазақстандықтардың билік құрылымдарында жақсы лауазым иеленуінің бір тәсіліне тоқталды.

"Атап айтқанда, Президенттік жастар кадрлық резервін құру талантты жастар үшін әлеуметтік лифтті қамтамасыз етті. Дарындарды басқарудағы негізгі бағыттардың біріне айналды. Бүгінде резервте тұрған 300-ге жуық азамат мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың негізгі лауазымдарына тағайындалды", – деді Премьер Бектенов.

Егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба ретінде Президенттік жастар кадрлық резерві 2019 жылы құрылған болатын. Бертінде жаңа форматта қайта іске қосылды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ақпаратынша, 316 резервшінің ішінен 168 адам – Үкіметке, министрліктерге, өзге орталық органдарға, 36 – әкімдіктер мен жергілікті атқарушы органдарға, 64 – ұлттық компанияларға, 48 – өзге ұйымдарға тағайындалды.

Бұдан басқа, 2024 жылы жергілікті әкімдіктердің кадрларға деген сұранысын қанағаттандыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің барлық өңірлерінде алғаш рет облыстардың, 3 мегаполистің Өңірлік кадрлық резервтеріне іріктеу өткізілді.

Іріктеу нәтижесінде 505 адам екі жыл мерзімге өңірлік кадрлық резервке қабылданды. Олар әкімдіктерде "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурссыз орналасу мүмкіндігіне ие болды.

Қазіргі кезде мемлекеттік қызметке азаматтық-құқықтық сипаттағы шартымен де алады. 2023 жылдан бастап меморгандарға мемлекеттік ауқымдағы маңызды жобаларды іске асыру үшін жоғары білікті мамандарды жеке сектордан тартуға мүмкіндік беретін "келісімшарт қызметшілері институты" енгізілді.

"Жеке сектордан білікті кадрларды тарту үшін кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі, сондай-ақ халықаралық және шетелдік ұйымдардағы жұмыс өтілін есепке алу бөлігінде "Б" корпусының басшылық лауазымдарына орналасу үшін біліктілік талаптарына өзгерістер енгізу арқылы мемлекеттік қызметке "кіру" жеңілдетілді. Сонымен қатар, міндетті ротациялауға жататын мемлекеттік әкімшілік лауазымдар тізбесі кеңейтілді", – деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, ротация жүргізу қағидаларына сәйкес, Президент әкімшілігі мен Үкімет аппаратының "Б" корпусының мемлекеттік қызметшілері, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдарда басшы лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер әрбір 4 жыл сайын ротацияға жатады.

Бұл басқару құрылымын жаңартуға және мемлекеттік қызметшілердің мансаптық ілгерілеуіне ықпал етеді. Сондықтан мемлекет "ротациялау институтын" енді белсендірек іске қосуға ниетті. Тиісінше, бұдан былай басшылар жиі ауысатын заман тууы мүмкін.

Премьер биыл мемқызметті одан әрі дамытудың, оның кадрлық әлеуетін жақсартудың жаңа векторы, жаңа белесі басталғанын мәлімдеді.

Өйткені ел Президенттің 2024 жылғы 17 шілдедегі №602 жарлығымен, 2029 жылға дейінгі Қазақстанның мемлекеттік қызметін дамыту тұжырымдамасы іске қосылды. Бұл бағдарламаның негізгі басымдықтарына:

  • мемлекеттік қызметті дарынды адамдар үшін тартымды ету,
  • патриотизмнің жоғары стандарттарына сай, ұлт пен қоғамның мүддесіне адал қызмет ететін кадрларды ұстап қалу,
  • шенеуніктердің кәсіпқойлығын жоғарылату жатады.

"Тұжырымдама аппараттың тиімділігін арттыру үшін түрлі тәсілдерді үйлестіретін гибридтік модельді пайдалана отырып, оның кәсіпқойлығын жоғарылату арқылы мемлекеттік қызметті одан әрі дамытуды көздейді. Үкiмет агенттiкпен бiрлесiп мемлекеттiк қызметтiң кадрлық әлеуетiн нығайту жөнiнде дәйектi жұмыс жүргiзуде. Тиісті жұмыс жалғасатын болады", – деп уәде етті Премьер Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи кадр мәселесі ушыққанына назар аудартты. Бұл ретте елімізде білікті мамандар мен басқарушылар жоқ емес, көп. Тек олар билік сатыларына көтеріле алмайды.

Президенттің өзі айтқандай, алдағы 5 жылда Үкімет алдында тұрған 5 міндетті – ірі инфрақұрылымдық жобаларды, цифрландыру мен жасанды интеллекті, ядролық энергетиканы дамытуды, агроөнеркәсіп кешенін нығайтуды және инвестиция тартуды, жалпы алғанда, барлық экономикалық түйткілдерді тек қана кадр шешеді.

"Президент биылғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бізге ең алдымен білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керектігін, оларды тауып, басшылық лауазымдарға тағайындайтынын мәлімдеді. Мұндай кадрларды алыстан, Марстан іздеу қажет емес. Олар жанымызда жүр! Жауапкершілікті мойынына алатын, отаншыл, мемлекетшіл, ұлттық мүдде жолында жанын салатын табанды азаматтар баршылық. Тек бірінші кезекте ел мүддесін ойлайтын ондай оғлан азаматтарды бизнестен және азаматтық қоғамнан батыл іздеу керек", – деді мәжілісмен Бапи.

Қоғам мен бизнестен келген, халық арасынан шыққан кадрлар қоғаммен де батыл, етене және шынайы сөйлесе алады. Олар мансап пен лауазымдық құзіретін қорғаштап, отырған орнына қауіп төндіруі мүмкін қорқыныштан қаймықпайды, билік мен қоғамның арасына батыл буфер бола алады.

Қоғамға іскерлігімен, бизнестегі жетістігімен, мемлекетшіл азаматтық ұстанымымен танылған азаматтар елдегі әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларға қатысты дүрмекті дабырасыз диалог үстелі басында шешуге әлдеқайда қабілетті келеді.

Ендеше елдегі жаңғырулар мен реформалар батыл жүруі үшін депутаттың айтуынша, енді білікті, білімді және батыл шешімдер қабылдай алатын кадрларды таңдауда да батылдық таныту қажет болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу