Бүгін Ақ Олимпиада алауы жағылады

162

Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-трекші Денис Никиша мен фристайлшы Аяулым Әмренова алып шығады.

Бүгін Ақ Олимпиада алауы жағылады

Миланда әйгілі "Сан-Сиро" стадионында 2026 жылғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне арналған соңғы дайындықтар өтіп жатыр. Шоудың сценарийі дәстүр бойынша құпия сақталғанымен, бұқаралық ақпарат құралдарына біртіндеп белгілі бола бастады.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Олимпиада алауын атақты италиялық теннисші Янник Синнер жақпайды. Оңтүстік Тироль тумасы бұл мәртебелі миссияға басты үміткерлердің бірі саналған еді. Алайда жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, ұйымдастырушылар тау шаңғысы спортынан үш дүркін Олимпиада чемпионы Альберто Томбаны таңдаған. Ал тау кластеріндегі балама алауды тағы бір тау шаңғышысы, үш дүркін Олимпиада чемпионы Дебора Компаньони жағатын болады.

"Сан-Сиро" стадионында өтетін шоудың басты әлемдік жұлдызы – бес мәрте Grammy сыйлығының иегері, америкалық әнші Мэрайя Кэри болмақ. Шақырылған италиялық өнерпаздар арасындағы ең танымал есім – әйгілі опера әншісі, тенор Андреа Бочелли. Ол Олимпиада аренасына 20 жылдан кейін қайта оралады. Бочелли 2006 жылы Туринде өткен Олимпиада ойындарының жабылу салтанатында өнер көрсеткен еді.

Стадиондағы 77 мың көрермен мен телеэкран алдындағы 2,2 миллиард адам сондай-ақ опера дивасы Чечилия Бартолиді тамашалайды. Заманауи италиялық музыканы поп-әнші Лаура Паузини таныстырса, тунистік рэпер Гали жастардың қалалық мәдениетін көрсетеді. Сонымен қатар қытайлық пианист Ланг Ланг пен италиялық скрипкашы Джованни Андреа Занон да өнер көрсетеді.

Ашылу салтанатына ең арзан билет 260 еуро тұрса, еркін сатылымға шыққан ең қымбат билет символикалық түрде 2026 еуроға бағаланған. Жалпы, салтанатты рәсімге 1300-ден астам әртіс пен 700 ерікті қатысады. Аренада Джакомо Пуччини, Джузеппе Верди және Джоаккино Россини секілді ұлы италиялық композиторлардың шығармалары шырқалады.

"Сан-Сиро" стадионындағы басты салтанаттан бөлек, ашылу рәсімдері тағы үш локацияда – Предаццо, Ливиньо және Кортина-д’Ампеццода өтеді. Бұл жерлерде Миландағыдай ауқымды шоу болмайды, негізгі назар қатысушылар шеруіне аударылады.

Сондай-ақ "Сан-Сиро" алаңында 2025 жылдың қыркүйегінде 92 жасында өмірден өткен әйгілі италиялық дизайнер Джорджо Арманиді еске алмақ. Бұған дейін ол италиялық құраманың салтанатты киімдерін әзірлеген болатын. Дәл сол атақты сән үйінің спорттық киімімен спортшылар шеруге шығады. Олимпиадашылардың киім үлгісі де ашылу салтанатының маңызды сәттерінің бірі болмақ. Сонымен қатар ВИП-орындардан құрметті қонақтар – шамамен 50 мемлекеттің басшылары, ірі бизнес өкілдері мен мәдениет қайраткерлері орын алады. 

Ашылу салтанаты Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі және Қазақстан уақыты бойынша 23:55-те басталады. Қысқы Олимпиада ойындарында 10 спорт түрі бойынша 36 спортшымыз ел намысын қорғайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу