Бүгін Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеребесі тартылады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2748

Бүгін кешке Швейцарияның Ньон қаласында UEFA Еуркубоктарының жеребелері тартылады.

Бүгін Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеребесі тартылады Фото: UEFA.com

Әуелі UEFA Чемпиондар лигасының жеребесі тартылады. Жеребе тарту рәсімі біздің уақытпен 18:30-да басталады. Бұл – 32 команда арасындағы бірінші іріктеу сатысының жеребесі. Олардың біреуі әлі белгісіз. Осы айдың аяғында деңгейі төмен төрт команда арасында електік дода өтіп, соның жеңімпазы 31 елдің чемпионына қосылады.  

Бірінші іріктеу сатысында додаға түсетін командалар өздерінің рейтингтеріне сай алдын-ала үш топқа бөлінген (екеуінде – 10 командадан, үшіншісінде – 12 клуб). Осы үш топтағы клубтардың өздері екіге жіктелген. Мәселен, Қазақстан чемпионы – бірінші топтағы екшелгендер санатында. Бұл "Астана" клубы алғашқы кезеңде деңгейі өзінен төмендеу клубпен кездеседі дегенді білдіреді.

Сонымен, "Астана" биылғы Еурокубок додасын төмендегі бес клубтың бірімен бастайды. Олар – "Судува" (Литва), ЧФР (Румыния), "Ференцварош" (Венгрия), "Нымме Калью" (Эстония) және "Арарат-Армения" (Армения). Ал Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу сатысындағы ойындар 9/10 және 16/17 шілде күндері өтеді.

Содан кейін UEFA Еуропа лигасының жеребесі тартылады. Бұл да – осы лигадағы бірінші іріктеу сатысының жеребесі (біздің уақытпен 19:30-да басталады). Жеребе тарту рәсіміне 94 команда тіркеледі. Олардың 87-сі белгілі, ал жетеуі 27 маусым және 4 шілде күндері өтетін електік сатыда өз қарсыластарынан басым түскен клубтар болады.

Жалпы, Еуропа лигасының бірінші іріктеу сатысындағы 94 команда тоғыз топқа бөлінген (жетеуінде – 10 клубтан, екеуінде – 12 команда). Қазақстан клубтарының үшеуі де ("Қайрат", "Тобыл" және "Ордабасы") өз топтарында екшелгендер санатына енді. Енді әр командамыздың ықтимал қарсыластарымен таныс болыңыздар.

"Қайрат" /7-топ/: "Теута" (Албания), "Широки Бриег" (Босния), "ДАК 1904" (Словакия), "Кауно Жальгирис" (Литва) және "Ла Фиорита" (Сан-Марино) – "Энгордань" (Андорра) жұбының жеңімпазы;

"Тобыл" /3-топ/: "Милсами" (Молдова), "Мура" (Словения), "Дебрецен" (Венгрия), "Бананц" (Армения), "Женесс" (Люксембург);

"Ордабасы" /2-топ/: "Флора" (Эстония), "Торпедо" (Кутаиси, Грузия), "Титоград" (Црна Гора), "Гзира Юнайтед" (Мальта) және "Сант-Хулия" (Андорра) – "Еуропа" (Гибралтар) жұбының жеңімпазы.

Еуропа лигасының бірінші іріктеу сатысындағы ойындар 11 және 18 шілде күндері өтеді. Еурокубок додаларында ел намысын қорғайтын клубтарымыздың бәріне де сәттілік және жеңіс тілейміз. Отандық жанкүйерлердің сенімдерін ақтап, бірінші кезеңнен сүрінбей өтеді деп үміттенеміз.

Маруан Түсіп

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу