Бүгін – Қадір түні. Қандай амалдар жасаған абзал?

1014

ҚМДБ кестесіне сәйкес 2024 жылы Қадір түні сәуір айының 5-нен 6-на қараған түнге сәйкес келіп тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгін – Қадір түні. Қандай амалдар жасаған абзал? Фото: yandex.kz

Қадір түнінің мәні. Қасиетті түнде не істеу керек?

Қадір түні араб тілінде Ляйлятуль-Кадр немесе Аль-Кадр деп айтылады. Мағынасы "қасиетті, қадірлі, құдіретті, маңызды түн" дегенді білдіреді. Қадір түнінде Мұхаммед пайғамбарға Жәбірейіл періште келіп, Құранды берген деп саналады. Бұл Рамазан айының аяғы, яғни он түнінің бірі болған. Ораза айында мың айдан да қадірлі түн бар екені айтылады. Бұл түн Қадір түніне сәйкес келеді. Қадір түні туралы Құран Кәрімнің "Қадір сүресінде" де айтылған.

Құранда Қадір түні оразаның соңғы он түнінің бірінде екені айтылған, бірақ нақты күні айтылмаған. Бұл түні періштелер жерге түсіп, береке орнайды деп саналады. Періштелердің жерге түсуі Қадір түнінің маңызды екенін көрсетеді.

Қадір түнінің артықшылығы неде?

Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді: 

"Қадір түні мың айдан да қайырлы".

Пайғамбарымыз:

"Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі", - дейді.

Әнас ибн Мәлік былай деп айтқан:

"Рамазан келгенде Алла Елшісі: "Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады".

Имам Мужаһид:

"Қадір түнінде жасалған амал (намаз, Құран оқу, садақа беру) мың айдың ішінде жасалған амалдан хайырлы" – десе, Хафиз Ибн Ражаб: "Қадір түнін жіберіп алғандарымның орнын толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!" - деген.

Қадір түнінде не істеу керек?

Қадір түні басталғанға дейін толық дәрет алған жөн, сонымен қатар, теріс ойлардан жаны мен жүрегін аулақ ұстаған дұрыс. Осы түнде жасаған күнәлар үшін кешірім сұрап, өкініп, көп дұға еткен жөн. Құлшылық жасап, сауапқа кенелетін ең ұтымды уақыт - қадір түні. Сонымен қатар, Құран оқып, мағынасын түсініп, діни білім алған абзал екені айтылады. 

Қадір түнінде не істемеу керек?

  • Зиян нәрселерден аулақ болған жөн;
  • Дінде рұқсат етілмеген нәрселерді істеуге болмайды. Мысалы, ішімдік ішуге болмайды;
  • Біреудің сыртынан ғайбат айтуға, бос әңгімеге үйір болуға болмайды;
  • Ұрысуға, біреу туралы жаман нәрсе айтуға болмайды;
  • Фильмдер мен ойын-сауық бағдарламаларын көріп, уақытты бос өткізуге болмайды.

Қадір түні ұйықтамау шарт па?

"Рамазан оразасына қатысты пәтуалар" кітабында Қадір түнін барынша құлшылықпен өткізген дұрыс екені, бірақ ұйықтамай өткізу шарт емесі жазылған. Себебі Айша анамыз:

"(Алла Елшісі) таң атқанша түнді (барлық бөлігін) намазбен өткізген емес"[1], - дейді.

Сондықтан мұсылман адам барынша осы түнді құлшылықпен өткізіп, сауаптан құр қалмауға тырысуы қажет. Ал шаршаса кішкене тынығып, кейін ары қарай құлшылығын жалғастырудың оқасы жоқ.

Қадір түні қандай амал жасаған абзал?

Қадір түнінде мұсылмандар жамағатпен жергілікті мешіттерде имамдардың уағыздарын тыңдап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, ізгілікті амалдарды үйреніп, таң сәресіне дейін құлшылықпен өткізгені дұрыс. Қадір кешін кейбір азаматтардың денсаулығына, т.б. жайттарға байланысты өз үйлерінде қарсы алуларына да болады. Жалпы, бұл рухани кеш - адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға шақыратын кеш.

  • Сол күні ауызашарда мейлінше көбірек дұға-тілек ету;
  • Қадір түнінде көбірек Құран оқып, сауап алуға тырысқан абзал;
  • Құптан намазында 20 бас тарауих намазын оқу;
  • Қадір түні кешінде таң атқанға дейін төрт рәкәт нәпіл намазын оқу;
  • Тәспі тарту;
  • Қадір кешінде "Таһажуд", "Қажет" намаздарын 4 бас етіп оқуға болады.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу