Бүгін, 26 қазан күні футболдан Қазақстан Премьер-лигасының соңғы - 26-тур ойындары өтеді. Соңғы турда "Елімай" – "Атырау", "Жеңіс" – "Қайсар", "Жетісу" – "Қызылжар", "Ұлытау" – "Тобыл", "Қайрат" – "Астана", "Ақтөбе" – "Ордабасы" және "Оқжетпес" – "Тұран" командалары арасында кездесулер өтеді.
Турдың басты ойыны Алматыда ұйымдастырылмақ. "Қайрат" өз алаңында "Астананы" қабылдайды. Бұл кездесу ел чемпионын анықтайды. Алматылықтарға тең нәтиже жеткілікті болса, елордалықтарға тек жеңіс қажет. Қазір "Қайраттың" еншісінде 58, ал "Астанада" 56 ұпай бар.
Маусымның шешуші ойыны Алматының Орталық стадионында өтеді және 15:00-де басталады. Клуб жанкүйерлерге бақылаудан еркін өтіп, кезек күтпеу үшін стадионға ойын басталардан 2-3 сағат бұрын келуге кеңес берді.
"Қайрат" – "Астана" матчын Qazsport тікелей эфирде көрсетеді, сондай-ақ трансляция телеарнаның ресми сайтында қолжетімді болады. Қалған ойындарды KFF League YouTube-арнасынан көруге болады.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионы Чемпиондар лигасына (іріктеу кезеңінің бірінші раундынан) қатысады. Күміс жүлдегер Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінен бастайды. Ал, қола жүлдегер Еуропа лигасының бірінші іріктеу раундында ойнайды. Төртінші орын иегері Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде бақ сынайды.