Бүгінгі Чемпиондар Лигасының негізгі кезеңіндегі "Қайрат" пен "Брюгге" матчында Қазақстан футболы үшін тарихи рекорд жаңарады.
Алматылық команда үшін бұл 7-ші матч болады. Осы ойыннан кейін олар Чемпиондар Лигасының негізгі турнирінде өнер көрсеткен Қазақстаннан шыққан ең тәжірибелі қатысушыларға айналып, "Астана" командасын (6 ойын) артқа қалдырады.
"Қайраттан" 3 футболшы ұлттық рекордты жаңартуға мүмкіндік алады. 7-ші матчтарын негізгі кезеңде 3 қазақстандық аяқдопшы – 32 жастағы Еркін Тапалов, 23 жастағы Дамир Қасабулат және 21 жастағы Александр Мрынский өткізеді.
Ал, Александр Мрынский Чемпиондар Лигасы тарихында ең ұзақ уақыт алаңда ойнаған қазақстандық футболшы атанады. Қазір ол 6 ойында 531 минут ойнады. Ал Мрынскиймен салыстырғанда Тапалов (377 минут) пен Қасабулаттың (328 минут) көрсеткіштері төмендеу.
"Қайрат" пен бельгиялық "Брюгге" кездесуінің тікелей эфирі 20:30-да (Қазақстан уақыты) басталады.