Бүгін қазақстандық дзюдошының есепшотына 128 миллион теңге сыйақы түсті

Мемлекеттік төлем жіберілгендердің арасында олардың жаттықтырушылары да бар. 

Бүгін қазақстандық дзюдошының есепшотына 128 миллион теңге сыйақы түсті Фото: Depositphotos.com/rarrarorro

Қазіргі заңнама бойынша елімізде Олимпиада мен Паралимпиада жүлдегерлеріне арнайы сыйақылар беріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Үкіметі 2024 жылы Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпиада және XVII жазғы Паралимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы беру туралы қаулы қабылдады.

Қаулыға сәйкес, Үкімет резервінен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына төлемдер жіберілді. Бүгінде барлығы 49 спортшы мен 63 жаттықтырушы ақшалай сыйақы алған. Олардың арасында Олимпиада жеңімпазы Елдос Сметов те бар. Министрлік таратқан ақпаратқа сенсек, бүгін оның есепшотына 128 миллион теңгеден көп сыйақы түсті деуге болады. 

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мынадай мөлшерде ақшалай сыйақылар қарастырылған:

  • 1-орын – 250 000 АҚШ доллары;
  • 2-орын – 150 000 АҚШ доллары;
  • 3-орын – 75 000 АҚШ доллары;
  • 4-орын – 30 000 АҚШ доллары;
  • 5-орын – 10 000 АҚШ доллары;
  • 6-орын – 5 000 АҚШ доллары.

Ақшалай сыйақы жүлдегерлердің бірінші, жеке және бас жаттықтырушыларына да беріледі, – деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.

Сонымен қатар, Олимпиада мен Паралимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау да көрсетіледі. Мысалы, әкімдіктер спортшыларға жергілікті коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер ұсынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу