XXV қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты жабылу рәсімі 22 ақпанда Италияның Верона қаласында өтеді. Ауқымды шоу түнгі сағат 23:45-те басталады деп жоспарланған.
Жабылу салтанаты көне әрі әйгілі Арена ди Верона амфитеатрында ұйымдастырылады. Біздің заманымыздың шамамен 30-жылдары салынған бұл тарихи нысан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Бұған дейін Верона Олимпиада жарыстарын қабылдамағанымен, дәл осы қала ойындардың финалдық аккордын орындамақ.
Ұйымдастырушылар көрермендерге "Beauty in Action", яғни "Әсемдік әрекетте" атты әсерлі бағдарлама ұсынбақ. Сценарийде спорт рухы, итальян мәдениеті мен заманауи өнер тоғысады.
Шараға әлемге танымал биші Роберто Болле, музыканттар Акилле Лауро мен Габри Понте қатысатыны белгілі болды.
Кештің шарықтау шегі дәстүрлі спортшылар шеруі, Олимпиада туын келесі қысқы ойындар өтетін Француз Альпілеріне (2030 жыл) табыстау және Олимпиада алауының салтанатты түрде сөндірілуі болмақ.
2026 жылғы XXV қысқы Олимпиада ойындарын Милан мен Кортина-д’Ампеццо бірлесіп қабылдады. Бұл Олимпиада тарихында алғаш рет екі қаланың ресми ұйымдастырушы атануы. Сонымен қатар, жарыстар Италияның солтүстігіндегі өзге де өңірлерде өтті.
Айта кетейік, Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 6 ақпанда Миландағы әйгілі Сан-Сиро стадионында өткен болатын.
Жабылу рәсімі шамамен 2,5 сағатқа созылады деп күтілуде. Верона төріндегі тарихи сахнада өтетін бұл кеш тек спорт мерекесінің қорытындысы ғана емес, Италия мәдениетінің салтанатты көрінісі болмақ. Олимпиада алауы сөнгенімен, Милан мен Кортина-2026 ойындарының жарқын сәттері әлем жанкүйерлерінің жадында ұзақ сақталары сөзсіз.