7 мамыр – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күні. Бұл күнді қазақстандықтар Отан қорғаушылар күні ретінде атап өтеді. Осыған орай Президенттің құттықтауы Ақорданың ресми сайтына жарияланды.
Мереке қарсаңында Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті әскери шендер беру туралы Жарлыққа қол қойып, ерекші көзге түскен әскери қызметкерлерді марапаттады.
Айта кетейік, биыл COVID-19 пандемиясына қатысты бірқатар елде төтенше жағдай жарияланып, сарбаздар мен полиция қызметкерлері коронавирусты таратпау үшін алдыңғы шепте қызмет етіп келеді. 2 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлық шығарды. Осыған орай еліміздің бірқатар өңірінде бөлімшелер құрылып, әскери міндеттілер арнаулы жиынға шақырылды. Олар жедел штабтың жұмысына қатысу, блокпосттарды бақылау, қала аумақтарын дезинфекциялап, инфекция ошақтары бар нысандарды күзету жұмыстарымен айналысуда.