Италияның Милан, Кортина-д’Ампеццо және Валь-ди-Фьемме қалалары алдағы 10 күнде паралимпиадалық спорттың орталығына айналады.
Паралимпиада ойындары Италияда 2026 жылғы 6-15 наурыз аралығында өтеді. Ашылу салтанаты Веронаның тарихи аренасында ұйымдастырылады. Біздің заманымыздың шамамен 30-жылдары салынған ежелгі рим амфитеатры шамамен 12 мың көрерменді сыйдыра алады. Ұйымдастырушылар бұл барша адамның жүрегін толқытатын және паралимпиадалық құндылықтарды дәріптейтін ерекше мереке болатынын мәлімдеді. Ашылу салтанатын бүгін сағат 23:50-де "Qazsport" телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Паралимпиадалық алау 24 ақпанда Ұлыбританиядағы Сток-Мандевилл ауылында – паралимпиадалық қозғалыстың отанында жағылды. Ол бүгін 6 наурыз күні, дәл ашылу салтанатына орай, Веронаға жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Қысқы ойындарда 50 елден келген шамамен 650 параспортшы 79 медаль жиынтығы үшін бақ сынайды. Жабылу салтанаты 15 наурызда Кортина-д’Ампеццодағы хоккей стадионында өтеді.
Дүбірлі додада Қазақстан ұлттық құрамасы пара шаңғы және пара биатлон спорт түрлері бойынша ел намысын қорғайды. Халықаралық аренада Қазақстан атынан 7 спортшы сынға түседі. Олар: Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Сергей Усольцев, Анна Грачева және Нұрлан Алимов.
Жарыстар алты спорт түрі бойынша өтеді: паралимпиадалық тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы, сноуборд, шайбалы хоккей және арбадағы керлинг. XIV Қысқы ойындарда арбадағы керлингтен аралас жұптық сайыс алғаш рет бағдарламасына енгізілді және жарыстар 4 наурызда басталып кетті.
Айта кетейік, 2025 жылдың қыркүйек айының соңында Халықаралық паралимпиадалық комитет Украинаға қарсы қақтығыс басталғаннан кейін енгізілген Ресей мен оның одақтасы Беларуське қатысты дисквалификацияны алып тастау туралы шешім қабылдады.
Бұған жауап ретінде Украина Веронадағы ашылу салтанатына бойкот жариялайтынын мәлімдеді. Оған Польша, Чехия, Хорватия, Нидерланды, Канада, Финляндия, Эстония, Латвия және Литва қосылды. Ал, 3 наурызда Германияның паралимпиада спортшылары мен Германияның спорт және еріктілер мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Кристиане Шендерляйн де ашылу салтанатына байкот жариялады.