Бүгін – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

359

Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін Кеңес Одағы дәуіріндегі миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салды.

Бүгін – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Фото: almaty.tv

Бұл қаралы күн Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдан бастап бекітілген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстанда 100 мыңнан астам адам жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілді. Еліміздің аумағында 11 еңбекпен түзеу лагері болды.

Зұлмат заманда тұтас халықтар қудалауға түсті. Туған жерінен зорлықпен көшірілген 5 миллионға жуық адам қасиетті қазақ жерінен пана тапты. Қазақстан олардың құтты мекеніне айналды.

Ұлтымыз алапат аштықтың зардабын тартып, орны толмас шығынға ұшырады. Шектен шыққан ұжымдастыру науқаны Ұлы даланы бұрын-соңды болмаған ауқымды гуманитарлық апатқа ұрындырды.

Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біз арыстарымызды ақтауға кірістік. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел жадында жаңғырттық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы 4 жыл бойы (2019-2023) жұмыс істеді. 

Комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарын жүргізді. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті.

Олар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте сақталған құжаттарды зерделеді. Соның арқасында 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды.

Қазір осы комиссияның жұмысын Президент тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастырып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу