Бүгін Ұлттар лигасының жеребесі тартылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5822

Биыл алғаш рет ұйымдастырылатын UEFA Ұлттар лигасы додасының жеребесі сәрсенбінің сәтінде Лозаннада тартылады.

Бүгін Ұлттар лигасының жеребесі тартылады Фото: UEFA.com

Бұл – жаңа жоба. Осы жобаның арқасында жолдастық кездесулер өткізу үшін бас қатырудың қажеті аз болуы да мүмкін. Биылдан бастап UEFA құрамына кіретін 55 құрама төрт лигада (топта, дивизионда) додаға түседі. Әр лиганың өзі бірнеше топқа бөлінеді. Қазақстан құрамасы ең төменгі, яғни "D" лигасында бақ сынайтын болады. Өйткені дәл қазір біздің құраманың деңгейі осы болып тұр.

Сонымен, Еуропадағы 55 құрама UEFA рейтингісі бойынша төрт лигаға (A, B, C және D) бөлінеді. Ал жаңа лига ойындары қоңыр күзде, 6 қыркүйекте басталады. Соңғы туры 20 қарашаға белгіленген. Әзірше олардың бәрі бірнеше қоржынға бөлініп, жіктеліп қойды. Енді соған тоқталып өтсек.

"A" лигасы

Ұлттар лигасының ең жоғарғы тобында UEFA рейтингісінің көшбасшылары, яғни деңгейлері жоғары 12 құрама додаға түседі. Олар төрт топқа үш командадан жіктеледі. Әзірше төмендегі үш қоржынға жіктелді:

1-қоржын: Германия, Португалия, Бельгия, Испания;
2-қоржын: Франция, Англия, Швейцария, Италия;
3-қоржын: Польша, Исландия, Хорватия, Нидерланд.

Осы лигадағы төрт топта бірінші орынға ие болғандар 2019 жылдың маусым айында плей-офф жүйесімен додаға түседі де (жартылай финал, 3-орын үшін және финал), UEFA Ұлттар лигасының чемпионын анықтайды. Финалдық ойындардың қай елде өтетіндігі 2018 жылдың желтоқсан айында белгілі болады (плей-офф шыққан төрт құраманың бірінің алаңында).

Ал төрт топта соңғы орындарға табан тіреген құрамалар бір саты төмендетіліп, 2020 жылғы Ұлттар лигасы додасында "В" лигасында ойнайтын болады.

"B" лигасы

Деңгейі жағынан екінші топ болып есептелетін "В" лигасында UEFA рейтингісіндегі келесі 12 құрама (13-24 орындардағы) бақ сынайды. Олар да төрт топқа үш командадан бөлінеді. Әзірше төмендегі үш қоржынға тең бөлінді:

1-қоржын: Австрия, Уэльс, Ресей, Словакия;
2-қоржын: Швеция, Украина, Ирландия, Босния және Герцеговина;
3-қоржын: Солтүстік Ирландия, Дания, Чехия, Түркия.

UEFA Атқару комитетінің шешімімен, жеребе тартылған кезде Украина және Ресей құрамаларының бір топқа түсуіне жол берілмейді (екі құрама міндетті түрде әр топқа ажыратылады).

Осы лиганың төрт тобында бірінші орынға ие болғандар "А" лигасына көтеріледі. Ал өз топтарында соңғы орынды қағат тұтқандар "С" лигасына түсіп қалады.

"C" лигасы

Үшінші топта, яғни "C" лигасында 15 құрама өнер көрсетеді. Олар – UEFA рейтингісінде 25-39 орындарға орналасқан құрамалар. Бұл лигадағы үш топта төрт құрамадан, ал біреуінде үш команда ғана болады. Яғни бір топта тек алғашқы үш қоржындағы командалар ойнайды.

1-қоржын: Венгрия, Румыния, Шотландия, Словения;
2-қоржын: Грекия, Сербия, Албания, Норвегия;
3-қоржын: Црна Гора, Израиль, Болгария, Финляндия;
4-қоржын: Кипр, Эстония, Литва.

Қыста ойын өткізудің қолайсыздығына байланысты Норвегия, Финляндия, Эстония, Литва құрамаларының тек екеуі ғана бір топта ойнауына қатаң көңіл бөлінеді.

Осы, яғни "С" лиганың төрт тобында бірінші орынға ие болғандар "В" лигасына көтеріледі. Ал өз топтарында соңғы орынды қағат тұтқандар "D" лигасына түсіп қалады.

"D" лигасы

UEFA Ұлттар лигасының ең соңғы "D" тобында Еуропадағы футбол қауымдастықтары одағының рейтингісінде 40-55 орындарға орналасқан 16 құрама ойнайды. Олар төрт топқа тең бөлінеді. Әзірше осы лигадағы құрамалар төмендегідей төрт қоржынға жіктелді:

1-қоржын: Әзербайжан, Македония, Беларусь, Грузия;
2-қоржын: Армения, Латвия, Фарер аралдары, Люксембург;
3-қоржын: Қазақстан, Молдова, Лихтенштейн, Мальта;
4-қоржын: Андорра, Косово, Сан-Марино, Гибралтар.

UEFA Атқару комитетінің шешімімен, жеребе тартылған кезде Әзербайжан және Армения құрамаларының бір топқа түсуіне жол берілмейді (екі құрама міндетті түрде әр топқа ажыратылады).

Осы "D" лигасындағы төрт топтың жеңімпаздары "C" лигасына көтеріліп, осы лигада соңғы орынға табан тіреген құрамалардың орындарын басады. 

Ең маңыздысы, биылғы Ұлттар лигасының қорытындысы бойынша Еуропа чемпионатының қосымша жолдамалары сарапқа салынатын болады. Таратып айтқанда, 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде жолдары болмай, "Еуро-2020" додасының финалы жолдамасына қол жеткізе алмағандар төрт жолдамаға таласады.

Ұлттар лигасының барлық тобындағы (A, B, C және D лигаларындағы), рейтингтері жоғары төрт құрамасы, сонда барлығы 16 команда қосымша төрт лицензияны сарапқа салынатын болады. Оған дер кезінде толығырақ тоқталатын боламыз.

Ойындар күнтізбесі:

1-тур: 6-8 қыркүйек 2018 жыл
2-тур: 9-11 қыркүйек 2018 жыл
3-тур: 11-13 қазан 2018 жыл
4-тур: 14-16 қазан 2018 жыл
5-тур: 15-17 қараша 2018 жыл
6-тур: 18-20 қараша 2018 жыл
Финалдық кезең жеребесі: желтоқсан, 2018 жыл
Финалдық кезең: 5-9 маусым 2019 жыл

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу