Қонақтарға терминалдың инфрақұрылымдық мүмкіндіктері, оның Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытудағы рөлі, сондай-ақ Грузия мен Қара теңіз өңірі арқылы жүк логистикасын дамытудың перспективалары таныстырылды.

Терминалдың таныстырылымы мен нысан бойынша экскурсияны "Поти ТрансТерминал" АҚ бас директоры Олжас Арықбаев жүргізді. Ол конференция қатысушыларына Поти қаласындағы контейнерлік инфрақұрылымның дамуы, қазіргі жүк ағындары, терминалдың Орта дәліз аясындағы жұмысы және Грузия арқылы жүк тасымалын одан әрі ұлғайту перспективалары туралы айтып берді.
Сапар барысында қонақтар контейнерлік алаңмен, теміржол инфрақұрылымымен, тиеу-түсіру жабдықтарымен және мультимодальды тасымалдарды ұйымдастыру жүйесімен танысты. Қатысушылардың ерекше қызығушылығын порт пен терминал инфрақұрылымының өзара байланысы, жүктерді өңдеу жылдамдығы, тариф қалыптастыру және логистикалық үдерістердің ашықтығы мәселелері тудырды.
"Ең алдымен қатысушыларды Поти қаласындағы көлік торабының қалай жұмыс істейтіні қызықтырды – жүктерді әртүрлі көлік түрлері арасында ауыстырып тиеу қалай ұйымдастырылғаны, порт пен терминал инфрақұрылымының өзара іс-қимылы қандай екені туралы сұрақтар көп болды. Сонымен қатар қызмет құны, тарифтер және жүктерді өңдеу жылдамдығына қатысты сауалдар да қойылды. Бүгінде Орта дәліз нарық тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр, бірақ бұл жүйенің ішкі жұмысы қалай ұйымдастырылғанын бәрі бірдей түсіне бермейді", – деді "Поти ТрансТерминал" АҚ бас директоры Олжас Арықбаев.

Оның айтуынша, нарық Грузия арқылы өтетін маршруттың мүмкіндіктерін біртіндеп тереңірек зерттей бастады. Қазіргі таңда Қазақстан мен Орталық Азия жүктерін Поти порты арқылы экспорттаудың әлеуеті ерекше жоғары.
"Тұтынушы үшін жүгінің қалай қозғалып жатқанын және нақты не үшін ақы төлеп отырғанын түсіну маңызды. Сондықтан мұндай инфрақұрылымдық нысандарға жасалатын сапарлардың маңызы зор. Біз Қазақстан мен Орталық Азия жүктерін Поти арқылы экспорттауда үлкен әлеует көріп отырмыз. Бұл бағыт біртіндеп қарқын алып келеді, ал нарыққа бұл маршруттың үйреншікті әрі тұрақты бағытқа айналуы үшін уақыт қажет", – деп атап өтті Олжас Арықбаев.

"Поти ТрансТерминал" АҚ 2025 жылы пайдалануға берілді және бүгінде PTC Holding халықаралық логистикалық экожүйесінің құрамына кіреді. Терминал ТХКБ және CASCA+ бағыты аясында контейнерлік және жалпы жүктерді өңдеуді, сондай-ақ Грузия, Әзербайжан және Армения бағытындағы экспорттық-импорттық тасымалдарды қамтамасыз етеді.
