"Бүгінгі жағдай барлық елді қорғаныс қабілетін нығайтуға мәжбүрлеп отыр"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2160

Нұрсұлтан Назарбаев сақтықта қорлық  жоқ екенін еске салды.

"Бүгінгі жағдай барлық елді қорғаныс қабілетін нығайтуға мәжбүрлеп отыр"

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өтіп жатқан V халықаралық "KADEX-2018" қару-жарақ және әскери-техника көрмесінің ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі.

"Халықаралық "KADEX-2018" қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылуы құтты болсын! Бесінші рет өткізіліп отырған айтулы шара Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

"Қазақстандағы ғарыш күндері" атты форумның ұйымдастырылуы биылғы көрменің басты ерекшелігі.  Мұнда әлемдік ғарыш саласының жетістіктеріне арналған арнайы павильон ашылды", – деді елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық  көрмеге әлемнің 28 елінен 318 кәсіпорын қатысып отырғанын атап өтті.

"Көрме қонақтары қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің, ғарыш саласының соңғы жетістіктерімен танысады. Бұл ретте электронды-жүйелі байланыс, қару-жарақты басқару ісіне ерекше назар аударылған. Ақпараттық қауіпсіздік саласын жетілдірудің тың жолдарын зерттеу мәселесінде де мән берілген.  Көрме Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, оны жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді деп сенеміз", – деді Қазақстан басшысы.

Президент сақтықта қорлық жоқ екенін алға тартып: "Өздеріңіз білетіндей, біздің ел алыс-жақын елдермен тату көршілікті нығайтуға бағытталған бейбітсүйгіш саясат жүргізіп келеді. Дегенмен әлемдегі бүгінгі жағдай барлық елдерді қорғаныс қабілетін нығайтуға мәжбүрлеп отыр. Біз де ҰҚШҰ аясында дәл осыны жасауға ұмтыламыз", – деді.

Қазақстан KADEX халықаралық көрмесі арқылы өзінің қорғаныс саласын заман талабына лайықтап жатқанын жеткізген елбасы әскери-өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту арқылы ғана бейбіт өмірге ұмтылып, қауіпсіздікті сақтап тұруға болатынын баяндады.

"KADEX-2018" қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі алғаш рет Қазақстан Республикасының қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қамқорлығымен өтіп жатыр. Бағдарлама өзінің форматы мен мазмұны жағынан барынша толыққанды және біз байқап отырған жаһандық геосаяси тұрақтылықтың өршуі жағдайында өзекті", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

26 - мамырға дейін жалғасатын шараға Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Түркия, Иордания, Әзербайжан, Израиль, Италия, Бельгия, Болгария, Бразилия, Германия,  Үндістан, Испания, Италия, ҚХР, Нидерланды, АҚШ, Сербия сынды мемлекеттердің өкілдері қатысып жатыр. Шара барысында отандық 17 кәсіпорын әскери техниканың 57 бірлігі мен әскери азаматтық мақсаттағы 162 бұйымның таныстырылымын өткізеді.

"Қазақстан Инжиниринг" ұлттық компаниясының мәліметінше, көрмеде "КАЕ" ЖШС жауынгерлік модульдердің жаңа түрлерін, электронды-оптикалық құрылғыларды, мобильді бағдарламалық-аппараттық кешенді, ал "Еурокоптер Қазақстан Инжинирг" ЖШС  тікұшақтардың түрлі модельдерін таныстырады. С.Киров атындағы машина жасау зауыты полигон жабдықтарын, байланыс құралдары мен жаңғыртылған командалық штабтық машиналарды, "Тыныс" АҚ күштік құрылымдарға арналған амуницияны, автокрандар мен арнайы техниканы көрсетеді. "КаМАЗ-инжиниринг" АҚ 10-нан астам жүк және арнаулы техниканы, "Қазақстан инжиниринг-811 автожөндеу зауыты" КМ-ЖБ базасында брондалған медициналық тасымалдағыш эвакуаторды ұсынады.

"Қазақстан Парамаунт инжиниринг" ЖШС жаңа буынның "Барыс", "Арлан", "Алан"  сауытты машиналарын көрсетеді.  Ал "Семей Инжиниринг" АҚ жаңартылған және конверсиялық сауытты техниканың жаңа үлгілерін, "Семей машина жасау зауыты" АҚ автомобильдер мен арнайы техниканың үлгілерін паш етеді. "Зенит" Орал зауыты" АҚ және "Гидроприбор" ғылыми-зерттеу институты жаңа қайықтар мен навигациялық жабдықтарды таныстырады.

Айта кетейік, биыл қару-жарақ және әскери-техника көрмесінде 10 павильон жұмыс істейді. Шара шеңберінде "Қазақстандағы ғарыш күндері" халықаралық форумы, "Cyber and Digital Security" және "Advanced Def Tech" конференциялары өтеді. Мұнда қорғаныс өнеркәсібі, әскери-техникалық ынтымақтастық, ғарыш қызметі мен ақпараттық қауіпсіздік сынды тақырыптар талқы таразысына салынады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу