Көрші ел Орталық Азияда ешбір мемлекет жете алмаған жетістікке жетті

645

Өзбекстанда "ұлы индустрияландыру" басталып кетті.

Көрші ел Орталық Азияда ешбір мемлекет жете алмаған жетістікке жетті Фото: canva

Қара жұмысты қор санамайтын, не өзге елде табыс табуға пысық қазақстандықтарға құлаққағыс. Оңтүстік көрші тұтасымен "алып құрылыс алаңына" айналғалы тұр. 2026 жылы Өзбекстанда жалпы сомасы 52 миллиард доллар жұмсалатын 782 жаңа өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаның құрылысы басталады.

Сонымен қатар, өзбек мемлекеті шетелдік серіктестерімен арада құны 140 миллиард долларды құрайтын жаңа инвестициялық келісімдерге қол қойды. Бұған қоса, келесі жылы тағы 50 млрд доллар инвестиция тартылатын жобалар бойынша түпкілікті мәмілеге келуді жоспарлап отыр. Онсыз да Өзбекстан биыл елге құйылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша ТМД-да көшбасшыға айналды.

Құрылысы келер жылы бастау алатын 782 жаңа кәсіпорын сыртында, 2026 жылы өзбек елінде 228 ірі өндірістік зауыт іске қосылғалы тұр, құрылысы аяқталып қалған. Бұл – елдің технологиялық, индустриялық және инновациялық дамуындағы маңызды кезең болады.

Бұл туралы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев халыққа және Олий Мажлиске (парламентке) жолдауында мәлімдеді.

"Жалпы, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейту, инвестициялардың тиімділігін арттыру, өнеркәсіп салаларын технологиялық трансформациялау мүлдем жаңа тәсілдерді қажет етеді. Осы мақсатта Экономика, Инвестиция, Өнеркәсіп, Сауда министрліктерінің қызметі толық қайта қаралады", – деді Президент.

Өнеркәсіптік даму бағдарламасында 5 жыл ішінде өнеркәсіп өнімдерінің қосылған құнын қазіргі 36,5 млрд доллардан кемінде 60 млрд долларға дейін арттыру, ал жоғары технологиялы салалардағы өнім өндірісін 2,5 есе өсіру көзделген. Экспорт құрылымындағы дайын және жартылай дайын өнімдердің үлесі 55%-дан асады.

Мемлекет басшысы жаһандық бақталастық өрістеген заманда тек шикізатпен шектелмей, қосылған құны жоғары өнімдерді шығаратын елдер ғана табысты болатынын нықтады. Шикізаттық елдер даму көшінің соңында салпақтап қалады, алпауыттарға босқа жем болады.

Сондықтан Өзбекстандағы реформаның негізгі талап-критерийі – барлық салаларды инновациялық өсу моделіне көшіру болады. Мирзиёевтің байламынша, Өзбекстан экономикасын 2030 жылға қарай 240 миллиард долларға жеткізудің жалғыз жолы – барлық саланы заманауи технологиялармен жарақтандыру. Бірде-бір өнеркәсіпте кеңес кезінің не 90-шы жылдардың ескірген жабдығы қалмауға тиіс, бәрі жаңа әрі озық болуы шарт. Бұл тәсіл 2026 жылды қоса алғанда, алдағы жылдардағы экономикалық дамудың негізін қалайды.

"Шетелдік серіктестерге талап өзгереді. Инвестицияланған әрбір доллар технология трансфертіне, экспорттың өсуіне және жергілікті кадрларды оқытуға серпін беруге тиіс! Яғни, Өзбекстанға жоғары технологиялар мен жаңа құзыреттілік-компетенцияларды әкелетін және экспортқа жұмыс істейтін әрбір инвестор біздің ең сенімді серіктесімізге айналады", – деп түсіндірді Президент.

Ол Өзбекстандағы еркін экономикалық аймақтар (ЕЭА) әлемдік танымал брендтерді тарта алғанына және бұл жұмысты белсенді жалғастырып жатқанына тоқталды. Енді ЕЭА-ларда халықаралық техникалық стандарттар мен шетелдік құқықтық режимдер, соның ішінде арбитраж енгізілуде. Дәл осындай ағылшын құқығы Қазақстанда "Астана" қаржы орталығы аумағында қолданылатыны белгілі.

Нәтижесінде, 5 жыл ішінде ЕЭА-лар 1 миллион жоғары жалақылы жұмыс орнын құруға, 180 млрд доллар шетелдік инвестиция тартуға ықпал етеді деп күтілуде.

Индустрияландыру аясында көптеген жоба жүзеге асырылады. Оның арасында жаңа металлургиялық кешендер, химиялық зауыттар салу және жоғары технологиялық салаларды дамыту бар. Мысалы, Наманған облысында алтын және күміс кеніштері кеңейтіледі.

Алмалықта 300 000 тонна мыс катодтарын шығаратын қуаттылыққа ие, 2,7 миллиард доллар тұратын металлургиялық кешен тұрғызылып жатыр. Самарқанд пен Қашқадария облысындағы химиялық зауыттарда тыңайтқыштарды, химиялық өнімдерді және полимер компоненттерін шығаратын жаңа өндіріс орындары қолданысқа беріледі, деп хабарлады Podrobno.uz.

Сондай-ақ, шешуші жобалар қатарына Навоидегі кеніштердегі өндірісті кеңейту және Мұрынтау кен орнын игеру де кірді. Алтын өндірісі 2030 жылға қарай 175 тоннаға жетеді деп күтілуде. 2026 жылы химия өнеркәсібінде – 4,5 миллиард долларлық, тау-кен өндірісінде – 3 миллиард долларлық және мұнай мен газ саласында – 2 миллиард долларлық жобалар іске қосылады.

ІТ-секторға (ақпараттық технологияларға) және стартаптарға ерекше назар аударылады. Жоспар бойынша 2030 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын 5 миллиард долларға дейін арттыру міндеті қойылды. Ташкентте, Бұхара, Ферғана және Ташкент облысында 4 дата-орталық, 2 суперкомпьютер және 15 жасанды интеллект зертханасы іске қосылады.

"Fergana" агенттігінің хабарлауынша, жергілікті стартаптардың әлемдік нарықтарға шығуына көмектесу үшін Сингапурмен бірлесіп Қаржы технологиялары кеңсесі құрылып жатыр.

Сонымен қатар, Өзбекстан вольфрам өндірісінде әлемдік көшбасшы болуды мұрат етеді. Өзбекстанның Жизақ облысында жылына 1 000 тонна вольфрам өндіретін кәсіпорынның жобасы қолға алынды. Галляарал мен Нұрабадтағы ұқсас 2 зауыт іске қосылған соң, Орталық Азия республикасы көптеген салада қолданылатын және қат тауар ретінде өте жоғары бағаланатын осы отқа төзімді металды өндіру бойынша әлемдегі жетекші державалардың біріне айналады.

Вольфрам беріктікті, тозбаушылықты, тат баспаушылықты, экстремалды температураға (-3000°C дейін) төзімділікті талап ететін салаларда, әскери-өнеркәсіптік кешенде (қару өндірісінде), авиацияда, металлургияда, электротехника мен электроникада, химияда, тіпті тоқыма өнеркәсібі, медицина мен ғылымда қолданылады.

Жауапты мекемелерге Фариштегі қорғасын-мырыш кен орнында геологиялық барлау жұмыстарын аяқтау және Арнасайдағы уран өндіру жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау жүктелді.

Бұдан бөлек, келесі жылы Өзбекстанда жалпы құны 515 миллион доллар болатын, каолинді терең өңдеуге бағытталған 40 жоба іске қосылады. Каолин қағаз (тегістік пен жылтырақтық береді), керамика (фарфор, фаянс, қыш ыдыс, отқа төзімді материалдар), бояулар, резеңке, пластмассалар, сондай-ақ косметика, медицина және басқа да салаларда кең пайдаланылады.

Ол кіршіксіз ақтығы, отқа төзімділігі, иілгіш, икемді қасиеттері және адсорбциялық қасиеттері үшін жоғары бағаланады. Жергілікті Spot порталының мәліметінше, Өзбекстанда 1 миллиард тоннадан асатын каолин қоры бар.

Өнім құрылыс материалдары өндірісінде де қажетке жарайды және бұл сала қарқынды өркендеп келеді: құны 2,4 миллиард долларға жететін бірден 112 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев елді құрылыс материалдарының экспорты бойынша әлемдік көшбасшыға айналдыру мақсатын қойды. Көршілердің нарығы 4 млрд доллардан асатыны, 9 өнім санатында экспорт көлемін 26 елге кеңейтуге мүмкіндіктің бар екені мәлімделді.

Өзбекстанның өзі де белсенді түрде құрылыс жүргізуде. Келер жылы құрылысының көрігі қызатын алып зауыт-фабрикаларды айтпағанда, соңғы 8 жылда республикада 210 миллион шаршы метр пайдалануға беріліпті. Құрылыс материалдарын өндіру көлемі осы уақыт ішінде төрт есеге өсті және биыл 53 триллион сумға жетеді деп тұспалдануда. Ал, экспорт көлемі 1,1 миллиард долларды құрады.

Өзбек ағайындардың индустриялық дамудағы жетістіктерін бүгінде республиканың ең қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіптік аймақтарының біріне айналған Жизақ облысының мысалынан көруге болады. Соңғы 8 жылда онда 6,5 миллиард доллар қаржы салынған инвестжобалар жүзеге асырылды. Мысалы, автомобиль өндірісі жолға қойылды – жылына шамамен 175 000 бірлік машина шығарады, бұл Өзбекстанның жалпы өндіріс көлемінің төрттен біріне тең.

Соңғы 8 жылда Жизақ облысының өнеркәсіптік өнімі 2,5 триллион сумнан (210 млн доллардан) 25 триллион сумға (2,1 млрд долларға) дейін өсті. Қызмет көрсету саласы 2,5 триллион сумнан (210 млн доллардан) 20 триллион сумға (1,7 млрд долларға) ұлғайды. Жизақтың республикалық автомобиль өндірісіндегі үлесі 25%-ға жетті. Келесі мақсат – автозауыттардың айналасында сабақтас, жапсарлас салаларды, шағын және орта бизнесті дамыту, локализациялану үлесін арттыру және өндіріс шығындарын азайту.

Бизнесті жан-жақты қолдау шаралары қабылдануда. Алдағы жылы Өзбекстан Үкіметі кедейшілікті азайту және азаматтарды кәсіпкерлікке белсенді тарту бағытында екпінді іс-қимылға көшеді. "Asia-Plus" агенттігінің жазуынша, микро, шағын және орта бизнесті қаржыландыруды 140 триллион сумға (11,7 млрд долларға) дейін ұлғайту жоспарланды.

Биыл махалла (жергілікті көрші-қолаң не ағайын-туған қоғамдастығы) бастамаларын қолдау аясында 89 000 адам жалпы сомасы 1,1 триллион сум (92 миллион доллар) несие алды. Жыл соңына дейін алушылар саны 100 000-ға жетеді деп күтілуде.

Президент Шавкат Мирзиёев өз жолдауында 2026 жылды Өзбекстанда "Махалланы дамыту және әлеуметтік өркендеу жылы" деп жариялады.

"Біздің тарихымыз қаншама тауқыметке, нәубет пен зұлматқа толы болса да, біз ең алдымен бірліктен күш-қуат жидық. Қиын-қыстау замандарда халқымыз, махалла тұрғындары, тізе қоса отырып, кез келген қиындықты еңсерді. Отбасы – отбасына, көрші – көршіге көмекке келді, қол ұшын созды. Егер махалла бейбіт әрі тату болса, онда біздің қоғамымыз да бейбіт және біртұтас болады! Егер махалла дамыса, бүкіл еліміз гүлденеді", – деді Мемлекет басшысы.

"Махалладағы өнеркәсіп пен қызметтер" жобасы аясында 10 000 өндіріс және қызмет көрсету жобаларын жүзеге асыруы үшін халыққа 5 триллион сум (416,6 миллион доллар) үлестіріледі. Бұл махаллалар ішінде қосымша 100 000 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Өзбекстан шенеуніктерінің дерегінше, жоғары экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін коммерциялық банктер де 2026 жылы ел экономикасына жалпы сомасы 450 триллион сум (37,6 миллиард доллар) құятын болды.

Салыстырсақ, 2025 жылдың басынан бері кәсіпкерлерге бизнесті дамытуға 116 триллион сум (9,7 миллиард доллар) несие беріліпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға көп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу