Бүкіл Астана ақылы аумаққа айнала бастады

4946

Әр көлік орнынан тасқындаған қаржы кімнің қалтасына құйылады? 

Бүкіл Астана ақылы аумаққа айнала бастады

Елорда әкімдігі еліміздің бас қаласының бүкіл аумағын ақылы автотұраққа айналдыруға көп жылдан бері тырысып келеді. Оны жұртшылықтың қатаң қарсылығы ғана тоқтатып келген. Қаңтар оқиғалары әкімдіктің бұл жобасына түпкілікті нүкте қойғандай болған.

Алайда халық наразылығының қызуы түсіп, ізі суыған соң қала әкімдігі бұл кесірлі бастамасына жаңа қарқынмен қайта кірісті.

Осының алдында журналистер елорданың Есілдің қос жағалауындағы ескі және жаңа орталықтарында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап шыға келген ақылы тұрақтар ел арасында әлеуметтік кернеу туғыза бастағанын Алтай Көлгіновке жеткізген болатын. Ол осы жобаны қолдайтынын ашық білдірді.

"Ақылы тұрақ – бұл жаңа жоба. Әлемнің үлкен қалаларында мынадай тәжірибе бар: ақылы автотұрақтар абыл-сабыл қозғалысты немесе бейберекет тұрақты тәртіпке келтіреді", – деп дәйектеді қала әкімі.

Оның айтуынша, бұл жоба "Министрліктер үйі" орналасқан Мәңгілік ел даңғылында біраз уақыт сыналды. Нәтижесінде, қала билігі оның тәжірибесін бүкіл елордаға таратуға шешім қабылдады.

"2019 жылы келісімшартқа мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ретінде қол қойылды. Тұрғындардан түскен шағымдарды қарастырдық, өйткені әлеуметтік тұрғын үй жанында ақылы автотұрақтар орнатылған еді, біз мұны құптамадық және оны қайта қарастырдық. Қазір де барлық шағымдарды қарастыруға дайынбыз. Рұқсат етілмеген жерге қойылған ақылы тұрақтарды алып тастаймыз", – деді әкім Алтай Көлгінов. 

Ондай шағымдар қайтадан қарша борауда. Себебі әкімдік сөзінде тұрмай, көп пәтерлі үйлердің айналасын ақылы етіп жатыр.

Астананың ескі орталығының басты бір орталық көшесі саналатын Шоқан Уәлиханов көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғыны Зейнеп апай әкімдіктің бұл бастамасына қарсы екенін айтады. Үйдің тұрағында ақылы тұрақ аймағының нөмірі көрсетілген ақпараттық қалқан орнатылыпты.

"Біздің тұрғын үйдің ішкі ауласы шағын ғана, онда балалар ойнайды, сондықтан тұрғындар ақылдаса келе, онда автокөлік қоюға тыйым салуға, ауланы жабуға ұйғарылды. Бәрібір көп көлік симас еді. Содан тұрғындар көліктерін үйдің сыртына, айналасына қойып жүргенбіз. Таяуда әлдебір адамдар келіп, сол орнымызға көк бояу жағып, секцияларға бөле бастады. Төлем қабылдайтын автоматты орнатты. Сағатына 100 теңгеден сұрайды. Күніне 1200 теңгеден төлейтіндей, Алтай бізді өзі сияқты бай дей ме? Бұл өз үйіміздің ту сыртындағы, іргедегі жер. Әлдебір әкімшілік ғимараттың жеріне таласып отырған жоқпыз", – деп ашынады ол.

Жангелдин, 10 мекенжайының тұрғындары да ақылы автотұрақтарға қарсы бас көтеруде.

"Әкімдік біздің төл автотұрағымыздың ақылы болуы проблемасын шешіп берем деп уәде еткен. Шешетін емес. Мұның астарынан коррупцияның күлімсі иісі шығатындай. Біздің тұрғын үйге қатысты тұрақты әлдебір компания өзінің ақылы автотұрағы деп рәсімдеп ала қойыпты! Біз, үйдің тұрғындары әкімдікпен, "Парковочное пространство Астаны" компаниясымен 2022 жылғы ақпанда келіссөздер жүргізгенбіз. Сонда ақылы автотұрақ қалады, бірақ "Топаз" қонақүйіне бөлінген жерді біздің үйдің автотұрағына береді деген уағдаластыққа қол жеткіздік. Бұған қалалық сәулет басқармасы, қонақүй қарсы болмайды делінген. Алайда қонақүй өз аумағына кіреберісте биік дуал мен шлагбаум орнатып алды. Қонақүй біздің жерімізді, балалар алаңының бір бөлігін және бүкіл шаруашылық алаңымызды тартып алып отыр", – деп қапаланады аталған үй тұрғыны Диана Биімжанова.

Ол қашықтан жұмыс істейді екен, сондықтан көлігі көбіне үйдің қасында тұрады. Салдарынан, күн сайын босқа шығындалуына тура келеді. Ол Көлгінов мырзадан биылғы 31 мамырда жауап хат алғанын айтады.

"Құрметті Диана! Қаланың көше-жол желісін дамытуға қатысқаныңыз үшін сізге алғыс айтамын. Сіз көтерген мәселе қарастырылуда. Сондай-ақ сіздің үйдің тұрғындарына автотұрақ орындарын ұсыну бойынша "Топаз" қонақүйінің әкімшілігімен жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз", – делінген.

Дегенмен содан бері ештеңе өзгермеген, тұйткіл түйінді күйінде қалды.

Содан тұрғындар әрі қарай шағымдана бастайды. Олар әкімдіктің дау туған бірқатар жерден ақылы автотұрақты жойғанын, бірақ өз мәселелері шешімін таппай қалғанын білді.

"Қоғамның ұсынысы бойынша қала әкімдігі бірқатар ақылы коммуналдық тұрақтарды қайта қарады. Нәтижесінде, мемлекеттік мектептер, балабақшалар, емханалар және ауруханалар сияқты әлеуметтік объектілер жанында жасақталған кейбір ақылы автотұрақтар жойылды. Ал Жангелдин,10 мекенжайындағы жер учаскелері ақылы тұрақтар ұйымдастыруға бөлінді. Себебі бұл учаскелер Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының балансында тұр. Тиісінше, қаланың көше-жол желісінің бір бөлігі болып табылады", – делінген әкімдіктің таядағы жауабында.

Тұрғындар әкімдіктің бастапқы уәдесінен тайып, қонақүйді тұрғындармен татулықта тұруға иліктіруден бас тартқанынан күдік қылады "осы арқылы әкімдік ақылы автотұрақ мол сұранысқа ие болсын деп тұрғындарды соны пайдалануға мәжбүрлегісі келеді" деп сезіктенеді. Тұрғындар мәселе шешілмесе, Президентке жүгінуге бел бумақ. Оның үстіне Мемлекет басшысы А.Көлгіновті жиі қабылдайтыны құпия емес.

Әкімдік болса, ақылы тұрақтар желісін тек кеңейте беруге ұмтылуда.

"Ақылы тұрақтар – заманауи қалада трафикті реттеудің құралы. Ақылы тұрақтар елордаға негізгі жол-көлік проблемаларын еңсеруге көмектеседі. Тұрақ үшін ақыны енгізу көше-жол желісінің жүктемесін жеңілдетуге және жолаушылар мен көлік құралдарының қозғалысы үшін қолайлы жағдайлар жасауға септеседі. Бұл жүргізушілерді қоғамдық кеңістікті мейлінше жауапты пайдалануға, жол жүрісі ережелеріне бағынуға, көлікті тұраққа қою ұзақтығын нақты жоспарлауға ынталандырады. Осылайша, күні бойға көшеде босқа қалдырылған машиналар саны қысқарады. Тиісінше, одан босаған орындарды басқа жүргізушілер пайдалана алады", – деп түсіндірді әкімдік.

Тұрғындарға ресми блогы арқылы елорда әкімі Алтай Көлгінов те жауап берді. Оның айтуынша, Астананың "Сарыарқа" ауданы әкімдігі аппаратының мамандары дауға тамыздық болған орынға барып, істің мән-жайына қанығыпты. Олардың сендіруінше, сөз болып отырған жер "Топаз" қонақүйінің жеке меншігіне беріліп қойылған.  

"Астанада ақылы автотұрақтар жобасы тек мемлекеттік мектептер, балабақшалар, ауруханалар және емханалар сияқты әлеуметтік нысандардың жер телімдеріндегі тұрақ аумақтарында ғана жүзеге асырылмайды. Ал Жангелдин 10 мекенжайындағы тұрақ аумағы әлеуметтік маңызды сипатқа ие емес. Өйткені оның аумағында жоғарыда аталған әлеуметтік нысандар орналаспаған. Осыған байланысты ол учаскені ақылы автотұрақтар жобасынан алып тастау мәселесі қарастырылмайды", – деп шорт кесті әкім А.Көлгінов. 

Соған қарағанда, әкім атаған тізімнен басқа аумақтардың бәрі ақылы болатынға ұқсайды. Қоғам саясатқа бас қатырып жатқанда, әкімдік тып-тыныш қана Астананы ақылы етіп жатыр.

"1 наурыздан бастап Астана қаласы бойынша штаттық режимде барлық ақылы тұрақтар жұмыс жасайды. Төлем – сағатына 100 теңгеден. Тұрақ орны үшін төлемді алғашқы 30 минут ішінде енгізу керек", – деп түсіндірді "Парковочное пространство Астаны" ЖШС.

Ақы 12 сағатқа төленеді. Себебі ақылы автотұрақтардың жұмыс уақыты жұмыс күндері таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейінгі аралықты құрайды. Ал демалыс және мереке күндері автотұрақтар тегін болады.

Жалпы халықтың басқа да шағымдары жетерлік. Мысалы, ақылы автотұрақтар қожайыны көлік жүргізушілерден алдын ала төлем жасауды талап етеді.

"Мұнысы енді басынғандық. Мен келіп тоқтағанда емес, өз жұмыстарымды бітіріп шыққанда ғана төлеуім керек. Өйткені алдын ала болжап білмеймін ғой, қанша уақыт тұратынымды. Бәлкім, 30 минут, әлде 4 сағатқа созылуы мүмкін", – деп пікір білдірді Жасұлан Бекен.

Халық наразылығы артқан соң ба, ақылы тұрақ жобасын жүзеге асыратын компания әлеуметтік желідегі парақшасында пікір қалдыруды шектеді. "Парковочное пространство Астаны ограничил(-а) список людей, которые могут оставлять комментарии к публикации" деген ескертпе үнемі тұрады.

Statsnet дерегінше, "Парковочное пространство Астаны" ЖШС (ППА) жекеменшіктегі компания. Алматыдағы Бостандық ауданында тіркелген. Басшысы ретінде Досыбаев Чингиз Байгелович көрсетілген.

Әділбек Жақсыбеков Астана әкімі болып тұрған тұста, 2015 жылғы 21 қазанда "Астана қаласының аумағында коммуналдық ақылы автотұрақтарды (паркингтерді) пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Астана қаласы әкімдігінің қаулысына қол қойды.

Ал содан сәл бұрын 2015 жылғы 17 ақпанда "Парковочное пространство Астаны" ЖШС тіркелді. Қосалқы қызметі ретінде арендаға алған жылжымайтын мүлікті субарендаға берумен айналысатыны жазылған.

Statsnet ақпараты бойынша ППА-ның 2016 жылғы табысы 183 млн болса, ал 2021 жылғы табысы 1 миллиард 420,8 миллион теңгеге дейін, яғни бірден 8 еседейге артып шыға келіпті.

Компания ақылы тұрақтарды басқару жобасын өз қаражаты есебінен жүзеге асыратынын және инвестицияларды бюджеттен қайтаруды талап етпейтінін жеткізді.

Осы орайда сол жағалаудағы тұрғындар ППА өз ақылы тұрақтарындағы қарды да аршымайтынына наразылықтарын білдірген. Компанияның түсіндіруінше, қала әкімдігі мен "Парковочное пространство Астаны" ЖШС арасында жасалған МЖӘ (ГЧП) шартының талаптары бойынша ақылы автотұрақтар аумағын жинау қаланың коммуналдық қызметтерінің қарауында қалды. Яғни оларды қардан аршуға компания жауапты емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу