ТМД елдері Қазақстандағы ардагерлерге деген құрметке тамсануда

7118

Ал көрші Ресейдің шенеуніктері ардагерлерді мазақ қылуын қояр емес. Новгород облысында 103 жасар майдангерге нан мен арақ сыйлаған.

ТМД елдері Қазақстандағы ардагерлерге деген құрметке тамсануда

Видеоесеп ретінде жергілікті билік жариялаған ролик әлеуметтік желіде пікірталас туғызды. Бейнежазбада жергілікті шенеуніктің әбден шау тартқан ардагер Николай Жуковтың үйіне келіп, екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің кезекті датасына орай сый-сияпат жасаған мезеті бейнеленген. Ол қоңыр дорбашаға қолын тығып жіберіп, аймақ басшылығының арнайы жіберген тартуын бірінен соң бірін суырды.

"Міне, фляжка! Есіңізде ме? Есіңізде әрине! Міне нан! Нан да жарайды! Қасына фляжканы қоялық. Мында сізге тағы не жіберді? Майдандық 100 грамм! Мынадай консерві әрдайым соғыста керек болады. Міне, көрпеше-плед, жамылсаңыз, жылынасыз! Мұның бәрі губернатордан! Мұнымен бітпейді, пакетте губернатордың өзінен ашық хат бар!", – деп мақтана, мардымси сөйлейді шенеунік.

Губернатордың сыйлық қоржынында тек нан, арақ, бір банкі консерві ғана барына көңілі қоңылтақсып, не жыларын, не күлерін білмей дал болған ардагер үнсіз отырып қалды.  

Пікір білдіргендер жөндеу жүргізілмеген, аядай ғана ескі бөлмеде тұратын, сықырлаған, тозығы жеткен кенестік ескі тахтада ұйықтайтын, ең құрыса, қызықтап көретін заманауи, үлкен мониторлы теледидары да жоқ, саяжай орнына бау-бақша өсімдіктерін терезе алдында өсіруге мәжбүр байғұс қарияға білдей басшының стандартты тілек терілген бір тілім қағаз сыйлағанына наразы.

Ресейдің әлемге дәріптеп көрсететін кеңауқымды парадты өткізуге жететін миллиардтары осы мерекенің басты қаһармандары – ардагерлерге жетпейтінге ұқсайды. Ресейдегі шенеуніктердің бұл сараңдығы, тіпті сорақы тірлігі ақылға сыймайды.

Өйткені мұндай масқара оқиғалар некен-саяқ емес, әр өңірде кездеседі. Бұдан бұрын Түмен (Тюмень) облысында соғыс ардагерлері губернатордан қатып қалған пряниктерді сыйға алды. Бұл жайтқа 94 жасар майдангердің туысы шағымданды. Ол өзі түсірген видеода тарту етілген "Сибирское лукошко" атты пряникті қариялар тістемек түгіл, қолмен сындыра да, пышақпен кесе де алмайтынын көрсетті. "Дұрысы, бұл пряникті губернаторға кері жіберген жөн болар. Шәй ішіп бір қарық болсын", – деп кейіді туысқаны. Оның мәліметінше, бұл нан өнімін жергілікті компания Жеңіс күніне арнайы тапсырыспен, тиісті қаптамамен шығарыпты. Бұған жауап қатқан "Сибирское лукошко" өндірушісінің қожайыны Владимир Лукошин: "Пряник сонша жұмсақ болатындай бисквит емес!" деп зілденді. "Кәрі неме, бергенді же!" дегенге келтірді.

Ал Магнитогорск ардагерлеріне жергілікті билік мерзімі өтіп, бүлінген консерві мен шәйді сыйға тартқанын білген жұрт жаға ұстады. "Әскери сухпаек" деп үлестірген пакеттің ішіндегі қорап шайдың сонау 6 жыл бұрын шығарылғаны, сондай-ақ консервілер – теңіз қырыққабаты мен бұршақ банкаларында олардың 4 жыл бұрын өндірілгені жазылыпты. Жергілікті "Подъем" басылымының хабарлауынша, ардагерлерге, оқушыларға, басқа санаттағы тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау топтамалары не мерзімі өтіп кеткен, не бұзылған, не төмен сапалы өнімдерден тұратыны жиі кездеседі. Оның үстіне мұның бәрін мэрия бірнеше есе қымбатқа сатып алады. Өне-бойын, өзегін коррупция жайлып, әбден іріп-шіріген ел осындай болса керек.

Свердлов облысында да ардагерлерге күлімсі иісі мұрын жаратын, мерзімі бітіп қалған консервілермен "қошемет көрсетілген" екен.

Бұдан да масқара жайттар болады. Мысалы, "Новая газета" Мәскеу шетінде 86 жасар ардагер пәтерінен қуылғанын жазған болатын.

Мұның бәрін әрине, ресейлік пропаганда көрмегенсиді, білмегенсиді. Содан дарақы парад өткізіп, босқа ысырапқа салынбаған Қазақстанды айыптауға әуес. Осы орайда Мәскеудің екіжүзділігінен шаршаған кейбір ресейлік саналы журналистер, блогерлер мен сарапшылар Қазақстанның ісін қайта мақтан тұту, үлгі ету керектігін айтып жатыр. Олар Жеңіс күніне орай Ресейдің ардагерлерге төлеп отырған біржолғы көмегі – ТМД көлеміндегі ең төмені екенін бетіне басып, инфографика, кесте түрінде нақты көрсетті.

Сол арқылы екінші дүние жүзілік соғыс ардагерлеріне Қазақстанда – 2 289 доллар, Өзбекстанда – 1 350, Қырғызстанда – 1 218, Әзербайжанда – 882, Беларусьте – 535, Тәжікстанда – 240, ал Ресейде – 130 доллар шамасында ғана төлем төленгенін есіне салды.

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Руслан Сәкеевтің айтуынша, Жеңіс күні қарсаңында біржолғы көмек көрсету мақсатында бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте тек ардагерлерді ғана емес, сондай-ақ  соғыста Жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлерін, басқа санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылып отыр.

Вице-министр тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру – Қазақстанның мемлекеттік әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының біріне айналғанын атап өтті.  

"Егде жастағы адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық және жергілікті деңгейлерде қатар жүзеге асырылады. Біріншіден, жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғаюда. Азаматтардың 20 санатына – соғысқа қатысушыларға, тыл еңбеккерлеріне, жала жабылып, ақталған азаматтарға және басқаларына арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып, ай сайын алатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері ҰОС қатысушылары үшін 193 714 теңгені құрады. Оны 289 адам алады. 98 ҰОС мүгедегіне – 201 615 теңгеден беріледі", – деді ол.

Қазақстанда екі жылдай бұрын ардагерлер санатына жататын қазақстандықтар саны күрт өсті, ардагерлердің 5 санаты айқындалды. Соған сәйкес, бүгінде:

Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Ирак және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге, яғни 24 943 адамға – 205 041 теңгеден;

ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлға саналатын 3 886 адамға – 161 174 теңгеден;

ҰОС мүгедектеріне теңестірілген 14 780 адамға – 124 409 теңгеден;

ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне, яғни 69 248 адамға – 132 060 теңге төленеді.

Сонымен қатар, Қазақстанда ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары қолға алынды. Олардың бәрі әскери қызметшілер үшін қолданылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Салық салуда жеңілдіктерді пайдаланады. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі. Еліміздегі санаторлық-курорттық емдеу ұсынылады. 

Ардагерлерге көмек ары қарай өрістетілуде.

"Жергілікті атқарушы органдар да жергілікті бюджет есебінен, немесе демеушілерді тартып, ардагерлерге қосымша әлеуметтік қолдау түрлерін көрсетеді. Атап айтқанда, қиын өмірлік жағдайда қалғанда немесе мерекелерде, естелік күндері тұрақты материалдық көмек ұсынылады. Сондай-ақ, жыл сайын ардагерлерге біржолғы материалдық көмек төлеу дәстүрге айналды. Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар тарапынан 5,4 млрд теңге сомасында біржолғы көмек көрсету қарастырылған", – деп хабарлады Р.Сәкеев. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі облыстар мен мегаполистердің әкімдіктеріне Жеңіске үлес қосқан азаматтардың барлық санаттары үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілдендірілген шегін белгілеуді ұсынды. Әйтпесе, бұрынғы жылдары бір өңір 1 миллионнан, енді бірі 150 мың теңгеден біржолғы төлем төлейтін. Қоғам мұны кемсіту деп таныды. Нәтижесінде, қазір барлық өңірде ҰОС қатысушылары мен мүгедектері үшін біржолғы материалдық көмек ең кем дегенде 1 млн теңге болуға тиіс.

"Концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына – кемінде 100 мың теңгеден берілуі міндет. Блокададағы Ленинград тұрғындары кейін Қазақстанға көшіп келді, оларға және ҰОС кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне – кемінде 60 мың теңгеден бөлінуі керек. Ұлы Отан соғысында қайтыс болған мүгедектердің жұбайларына және тыл еңбеккерлеріне – кемінде 30 мың теңге қарастырылған", – деді вице-министр.

Оның мәліметінше, бүгінде бұл төлемдер барлық өңірлерде ҰОС ардагерлеріне төленіп болған. Қалған санаттар төлемдерін 9 мамырға дейін алады. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығын мерекелеу құрметіне ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етілген. Ұлттық компаниялар, жеке кәсіпорындар да өз елді мекендеріндегі ардагерлерге көмек көрсетеді.

Бұдан бөлек, Қазақстанда ардагерлер пойызда тегін жүретіні белгілі болды. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының дерегінше, теміржол көлігімен тегін жүру 1935 жылғы 31 желтоқсанға дейін туылған Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне және еңбек майданының қатысушыларына беріледі. Бұл көмек барлық бағыттағы, соның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шегіндегі пойыздардың купелік вагондарында, сондай-ақ қаламаңы қатынасындағы пойыздарда, "Турист" класты вагондарда және "Talgo" пойыздарында тегін жүруді қарастырады. Науқан 2022 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады.

Еңбекминінің дерегінше, 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан 381 ардагер ғана қалды. Сонымен бірге Жеңіске үлес қосқан 97 758 азамат тұрып жатыр.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу