"Бұл арандатушылық". Сенатор ресейлік депутаттың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

1859

Оның айтуынша, Ресейдегі коммунистік партия қатары азайған соң, осындай мәлімдеме жасап, халықтың назарын өзіне аудартпақ.

"Бұл арандатушылық". Сенатор ресейлік депутаттың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед Ресей депутаты, коммунистік партияның көшбасшысы Геннадий Зюгановтың Қазақстанның солтүстік өңірлері туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Осыған дейін Геннадий Зюганов Қазақстанда орысша сөйлейтін тұрғындарды қорғау керегін айтқан.

"Бүкіл Солтүстік Қазақстанда орыстар тұрып жатыр, ал оңтүстік өңірлерде орыс тілі сабағы өтпейді. Менің ойымша, сондықтан бүгін Ресей президенті Владимир Путин, біздің үкімет, мемлекеттік дума бұл мәселені талқылап, бірқатар шешім қабылдауы керек. Әсіресе, орысша сөйлейтін халықты қорғау керек... Ол үшін Қазақстан басшылығымен барлық қажет кеңесті өткізіп, тілдік, мәдени және рухани қауіпсіздікке кепілдік беретін түбегейлі шараларды қабылдау қажет", – деді ресейлік депутат.

Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл коммунистік идеяны қолдайтын адамның пікірі екенін атап өтті.

"30 жыл бойы Ресейді коммунистік идеямен қорқытып келе жатыр. Осыдан 30 жыл бұрын аға буынның ішінде коммунистік идеяны ұстанатын, оның соңынан еретін адамдар көбірек болған шығар, ал қазір осы тұрған жастардың арасында біреулеріңіз коммунистік партияға енді десе мен сенбеймін", – деді депутат Сенаттың жалпы отырысынан соң журналистерге.

Оның пікірінше, коммунистік идеяға 21 ғасырда орын жоқ. 

"Коммунистік идея – қазақ халқына қисапсыз, мол қасірет әкелген идея. Коммунистік идея бізге репрессия, ашаршылық әкелді. Коммунистік идея Қазақстанның ең мықты азаматтары – Алаш қайраткерлерін қырып жойған, ал енді коммунистік идеяға 21 ғасырда орын жоқ", – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сенатор бүгінде коммунистік партияны қолдайтындар азайып келе жатқанын атап өтті.  

"Сондықтан оның (Геннадий Зюгановтың – автор) абыройынан, беделінен айырылған, аудиториясы аз (партиясы – автор), әрі қатарластары кеміп келе жатқан кезде ол қоғамдық пікірді қайтқан күнде де осындай бір арандатушылықпен назарды өзіме аударамын деп жасап отыр", – деді депутат.

Оның айтуынша, Ресейдің Конституциясында да, заңдарында да коммунистік партияға ешқандай орын жоқ. 

"Бір кездері мұндай әңгімені Владимир Жириновский айтатын. Қазір ол қатты ауырып жатыр деп естідім. Адамға жамандық тілеудің қажеті жоқ. Ол жазылып кетсін. Енді ол ауырып қалғанда оның орнын сол кісі (Геннадий Зюганов – автор) басты. Қазақша айтсақ, ит үреді, керуен көшеді", – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сондай-ақ ол Ресей техникасының белгілерін (Z) қойып алған жүргізушілерге кеңес берді.

"Мен бұған қарсымын. Халықты ашуландыратын, наразылыққа шақыратын емес, керісінше, Қазақстандағы халықты береке-бірлікке шақыратын идея керек. Сондықтан жаңағы Z және тағы басқа әріптерді жазып алу жақсылықтың нышаны емес... Сондықтан құқық қорғау органдары оларға тиісті жазасын беруі керек. Мен оларға мұндай әрекет жасамау керек деп айтамын", – деп түйіндеді сөзін сенатор.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу