"Бұл Жәнібек допинг қабылдады деген сөз емес": Берік Сұлтан допинг дауына қатысты түсініктеме берді

157

Бокстан орта салмақтағы WBO және IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан екінші допинг сынамасынан тыйым салынған зат анықталғаннан кейін мәлімдеме жасады, деп жазады inbusiness.kz сайты.  

"Бұл Жәнібек допинг қабылдады деген сөз емес": Берік Сұлтан допинг дауына қатысты түсініктеме берді Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

Берік Сұлтан Жәнібек Әлімханұлының тәжірибелі, адал әрі керемет боксшы ғана емес, сондай-ақ нағыз адам екенін және оның өмірінде допинг қабылдау туралы ешқашан ойламағанын айтты.

– В сынамасынан да сол зат шыққан екен. Өкінішті, әрине. Бірақ басқаша болу мүмкіндігі төмен еді. Ендігі қадам не болады – соны күтіп отырмыз. Біздің мамандар айналысып жатыр. Қайдан ағзаға кіруі мүмкін деген сұрақ көтеріліп жатыр. Өйткені Жәнібек тыйым салынған зат қолданбаған. Ақырын күтейік, – деді Берік Сұлтан.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл мәселемен сарапшылар айналысып жатыр. Спортшының менеджері бұл жағдайға ешкімді кінәлауға болмайтынын атап өтті.

– Әлеуметтік желіде түрлі ақпарат таралып, жанкүйерлерді шатастырып жатыр. Жәнібек 4 жылға кәсіпқой бокстан шеттетіліп, 2 титулынан айырылды деген ақпаратты көріп қалдым. Өкінішке қарай, А сынамасынан да, В сынамасынан да тыйым салынған зат шықты. Бұл Жәнібек допинг қабылдады деген сөз емес. Жәнібек ешқашан допинг қабылдамаған. Ол – кәсіби спортшы. 7 жылдан бері түрлі сынақтан аман өткен, мұндай зат шықпаған. Жәнібектің ағзасынан шыққанын зертхана анықтағаны рас. Ол ағзаға қалай түсті, не арқылы түсті – сол зерттеліп жатыр. Ешкімді кінәлаудан аулақпыз. Көзбен көріп, қолмен ұстамағаннан кейін біреуді айыптағымыз келмейді. Ең бастысы, ар алдында тазамыз. Жәнібек ақ! Ешқандай тыйым салынған зат қолданбайды. Бокстағы допинг дауы бойынша мамандар айналысып жатыр. Промоутер, менеджер мен заңгерлер жұмыс істеп жатыр. Жәнібек те, мен де ештеңе жасай алмаймыз. Біздікі – тек күту. Барынша аз уақытқа шеттетілу бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Қайғырып отыра бергеннен ештеңе шешілмейді. Бұдан да өтеміз, – деді Берік Сұлтан.

Ол ресми шешім қабылданғаннан кейін Жәнібек Әлімханұлы барлық сұрақтарға жауап беретінін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу