Бұл министр қашанғы жалғыз жобасымен мақтана береді екен?

3014

Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрылғанына 2 жылдан асты, отандық ғылымның керемет гүлденгені байқалмайды. 

Бұл министр қашанғы жалғыз жобасымен мақтана береді екен? Фото: dalanews

Ел Президенті 2022 жылғы 11 маусымда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа қол қойған болатын. Оған сәйкес, Білім және ғылым министрлігі жойылып, оның жұртында қалған салалар Оқу-ағарту министрлігіне және Ғылым және жоғары білім министрлігіне ажырады.

Содан бері соңғы ұйымды Саясат Нұрбек табан аудармай басқарып келеді. Не жетістікке жетті?

Мына қызыққа қараңыз: 2023 жылғы 16 қарашада Мемлекет басшысы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдаған болатын. Осылайша, оның бір жылдық жұмысы қорытындыланды. Министр бұдан былай іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары бюджеттен тікелей қаржыландырылатынын хабарлады және ғылым саласының 2023-2025 жылдарға арналған жалпы бюджеті 3,3 есе артып, 643 миллиард теңгеге дейін жеткенін айтты. Бюджеттен кеткен мол шығынның қайтарымы қайда? Саясат бір жыл ішіндегі ғылыми жетістіктердің ішінен шертіп жүріп, Президентке ең таңдаулысын ұсынды.

"Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғалымдары тазалығы 99,5% болатын селен алу технологиясын ойлап тапты! Бұл химиялық элемент медицинада, электроникада және шыны өндірісінде кеңінен қолданылады. Осы жаңалықтың арқасында Қазақстан аталған сирек металды анағұрлым тиімді бағамен экспорттай алады", – деді Саясат Нұрбек Президентке.

Бұл – бір жылдық қорытындысының жетістігі болатын. Таяуда министр Сенат депутаттары алдында өз министрлігінің құрылуының 2 жылдығын да қорытындылады.

"Бір ғана мысал келтірейін! Балқаш мыс қорыту зауыты 2001 жылдан жұмыс істеуде. Мысты балқытқанда металдың үлкен қалдығы қалады. Қ.Сәтбаев университеті жанындағы Металлургия және кен байыту институтына нақты тапсырма берілді. Осы қалдықты не істеуге болады? Оның құрамында құнды, сирек металдар бар. Мысалы, Selenium (селен) деген металл бар, біздің университетіміз 1,5 жылдың ішінде соны тазарту – рафинация әдісін тапты. Балқаш мыс қорыту зауытында былтыр арнайы цех ашылды. Біздің өндірістік компания бұрын тазартылмаған лас селеннің 1 келісін 5–7 доллардан сатып келсе, енді 99,5% таза селеннің 1 келісін 150 долларға сатып отыр", – деді министр С.Нұрбек. Бірақ кейін Үкімет есебінде нақтыланғандай, сатуға әзір кіріспепті.

Бұл ретте оның министрлігі Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп, 2023 жылы "Ғылым жөніндегі ұлттық баяндама" жариялаған болатын. Бұл құжат министрдің "каденциясының" алғашқы қорытындыларын паш етеді. Мысалы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша "Жаһандық инновациялық индексі" рейтингінде Қазақстанның жетістігі 24,7 балды құрапты. Мақтанатын көрсеткіш емес, өйткені бұл жөнінен республика мәстектей көш соңында салпақтап келеді. Мысалы, дүниежүзінде ең көп санкцияға іліккен Ресейдің көрсеткіші – 34,3 балл (47 орын), санкция астындағы Беларусьтікі – 27,5 балл (77 орын). Тіпті экономикалық блокададағы кішкентай Арменияның өзі бізден озық – 26,6 балл (80 орын).

Жоғарғы білімді дамыту қорытындылары қандай?

Үкіметтің хабарлауынша, Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024 жылғы басты жетістіктерінің бірі – "өңірлерде білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал ететін инновациялық технологияларды енгізу" болды. Ведомство оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру жөніндегі бастамаларын қолдай отырып, кадрлық әлеуетті жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Жоғары және жоғарыдан кейінгі білім саласындағы қорытындылар келесідей: Ұлттық статбюросың дерегінше, 2021–2022 оқу жылының басында республикада жалпы саны 122 ЖОО болыпты. 2024 жылы 120 жоғары оқу орны қалды.

Оларда 642 588 студент оқиды. Екі жыл бұрын 575,5 мың студент болған, яғни, саны азайып бара жатқан университеттерге жүктеме күрт артты.

Қазіргі кезде мемлекеттік тапсырыс бойынша 255 685 студент немесе 39,79%-ы ғана тегін оқиды. Қалғаны – ақылы. Екі жыл бұрын мемлекеттік білім гранты арқылы тегін оқитындардың үлесі IV-курста 44%-дан асатын.

Парадокс сол, министрліктің дерегінше, бұл ретте жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс, яғни, бюджеттік шығыс көлемі артып келеді, 2024 жылы 93 952 грантты құрады: бакалавриат – 77 844, магистратура – 13 189, докторантура – 2 919. Оны қаржыландыру көлемі 228,6 миллиард теңгеге жетті.

Бүгінде ЖОО-ларда профессор-оқытушылар құрамы 37,4 мың адамды құрайды: екі жыл бұрын 36 378 адам болған, демек, көп өсе қойған жоқ.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында Қазақстанның жоғары оқу орындарында 27 969 шетелдік студент оқыды. Салыстырсақ, екі жыл бұрын елдегі шетелдік студенттер саны 28 194 адамды құраған. Бұл көрсеткіш құлдырады.

"Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – отандық жоғары білім беру жүйесін дамыту, білім мен халықаралық озық тәжірибені трансферттеу арқылы оның сапасын жақсарту, сондай-ақ шетелдік студенттердің үлесін арттыру. Бүгінгі таңда 19 стратегиялық әріптестік пысықталды, оның ішінде 15-і – шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары. 8 стратегиялық серіктестік жұмыс жүргізуде", – деп хабарлады Үкімет.

QS WUR әлемнің үздік университеттерінің халықаралық рейтингісіне 21, Times Higher Education рейтингіне – 29 қазақстандық ЖОО кірді.

Конкурс өткізу арқылы ректорларды тағайындаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ректорлық корпустың 50%-дан астамы жаңартылды. Шетелдік жетекші ЖОО түлектері, "Болашақ" бағдарламасының стипендиаттары қатарынан жас басқарушылар тартылыпты.

Ғылым саласын дамыту қорытындысы қандай?

Елімізде ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді орындаумен 425 ұйым айналысады. Қазақстандық ғылымда бір-екі емес, бірден 25,5 мың зерттеуші еңбек етуде, қаржы игеруде.

Биыл ғылымды дамытуға және технологиялық саясатты іске асыруға, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізуге, сондай-ақ ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіптік және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған "Ғылым және технологиялық саясат туралы" жеке заң қабылданды. Ол қыркүйек айында күшіне енеді.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 18%-ға артты. Ғылыми атақтарының болғаны үшін ғылыми қызметкерлерге қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды.

• Ғылым кандидаты, философия докторы және бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі бар қауымдастырылған профессор (доцент) үшін 25 еселенген АЕК (бұрын – 17 АЕК);

• Ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар қауымдастырылған профессор (доцент) үшін 42 еселенген АЕК (бұрын – 34 АЕК);

• Ғылым кандидаты, философия докторы, бейіні бойынша доктор және ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар профессор үшін 50 еселенген АЕК (бұрын – 17 АЕК).

Ұлттық Ғылым академиясының институционалдық рөлі нығайып, ол жаңа мәртебеге ие болды. ҰҒА да енді бюджеттен қаржыландырылады. Ғылымды дамыту саласында стратегиялық маңызды шешімдер қабылдау үшін Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.

250 ғылыми ұйым бюджет қаражаты есебінен Web of Science, Scopus және ScienceDirect дерекқорларын пайдаланады.

Биыл 1971 ғылыми жоба, 162 ғылыми-техникалық бағдарлама, 137 коммерцияландыру жобасы іске асырылуда. Жас ғалымдар 727 ғылыми жобаны жүзеге асыруда.

"Мәселен, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғалымдары медицинада, электроникада және шыны өндірісінде кеңінен қолданылатын 99,5% тазалығы бар Селен химиялық элементін өндіру әдісін ойлап тапты. Бүгінгі таңда Қазақстан Селеннің келісін 8 доллардан экспорттайды, өндірудің жаңа әдісінің арқасында бұл элементтің құны 15 есе өсуі мүмкін: 1 келісі үшін 120– 160 долларға дейін", – делінген өткен аптада жарияланған Үкіметтің есебінде. Үкіметке бұл ақпаратты Саясат Нұрбектің министрлігі ұсынғаны белгілі.

Бұдан бөлек, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымы Ақбота Қуандықова көкөністердің өнімділігін арттыруға көмектесетін препаратты ойлап тапты. Бұл препарат Ұлттық зияткерлік меншік институтының арнайы патентіне ие болды. Бірақ оның тиімділігі мен пайдасы қаржыға шаққанда қанша болатыны айтылмаған.

Бәлкім, Үкіметтегі ең жас министрлердің бірі саналатын, 43 жасар Саясат Нұрбектің министрлік "каденциясы" аяқталар тұста қазақстандық ғылым селеннен басқа да ірі жетістіктерге жетіп, мақтана айта алатын жағдайға жететін шығар, кім біледі?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу