Бұл не деген бассыздық? Былтыр опырылып түскен үйдің құрылысы қайта жалғасып жатыр

Ал әкімдік "а" деп ауыз ашар емес.

Бұл не деген бассыздық? Былтыр опырылып түскен үйдің құрылысы қайта жалғасып жатыр

Павлодар қаласында заңсыз құрылыс қаптап кетті. Жекеменшік компаниялар аядай жерге "элиталық" үйлерді тұрғызуды әдетке айналдыра бастады. Ал жергілікті әкімдік талаптарға келмейтін құрылысқа тосқауыл қоюдың орнына рұқсат қағаздарын оңды-солды таратып, кемшіліктерге көз жұма қарап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қайта құламасына кім кепіл?

Осыдан тура бір жыл бұрын облыс орталығындағы Торайғыров көшесі, 75/3 мекенжайында салынып жатқан жекеменшік тұрғын үйде қабаттар арасындағы плита құлап, өзбекстандық құрылысшылар ауруханадан бір-ақ шыққан болатын. Содан соң құрылысты тоқтатып, арнайы комиссия құрды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілгі жеке құрылыс компаниясының да, олардың жұмыс сапасын бақылауға тиіс болған жергілікті мемлекеттік органдардың да тарапынан бірқатар олқылық кеткенін анықтады. Кейін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы қауіпті нысан сүрілетінін жария етті.

Алайда осыдан бірнеше күн бұрын құрылыс алаңындағы жұмысқа қайта "қан жүгірді". Бұл жолы жұмысшылар бұған дейін салынған бірнеше қабаттың іргетасын бұзуға емес, керісінше қайта жалғастырып салуға келіпті. Басқасын былай қойғанда, тығыздық көрсеткіші тиісті нормадан 9(!) есе артық болған нысанды соңына дейін тұрғызуға кім рұқсат берді?

Нариман Қайырленов басшылық ететін Павлодар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі жобаны мақұлдаған көрінеді. Алайда мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бұрын-соңды құрылыс саласында тәжірибесі болмаған, көлік тұрағының орнына салуға бел буған төрт қабатты тұрғын үйдің жоспарын ұсынбаған жекеменшік компанияға құрылысты бастауға талон беруден бас тартты.

"Талапқа сәйкес, құрылыс жүргізетін компанияның тым құрығанда тиісті техникаларына, инженерлік-коммуникациялық және құрылыс жұмыстарын жүргізетін білікті мамандары, құрылыс учаскесінің басшысы болуы тиіс. Ал бұл компанияның штатында небәрі үш адам көрсетілген. Сол себепті талон беруден бас тарттық", – дейді басқарманың бөлім басшысы Мадияр Иманханов.

Заңсыз құрылыс "самсап" тұр

Торайғыров көшесі бойында салынбақ жекеменшік тұрғын үй – көптің алаңдаушылығын тудырып отырған жалғыз құрылыс нысаны емес.

Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жыл дересінде облыс орталығында көпқабатты аулалардың алдында, көлік тұрақтарының орнында жекеменшік үйлерді салу жағдайы тым көбейіп кетті. Тұрғындар онсыз да балаларды ойнататын алаңдар мен көліктер қоятын тұрақтар таппай жүргенде қалаған адамның аулада әп-сәтте үй сала салуы одан әрі ашуын тудырып отыр. Ол аздай жеке инфрақұрылымы болмаған жекеменшік үйлер іргелес жатқан көпқабатты баспаналардың желілеріне ортақтасып, су, жылу мен электр энергиясының қысымын одан әрі азайтып, апаттық жағдай тудырып отыр.

Айталық, жақында ғана Назарбаев даңғылы, 46/1 мекенжайындағы үйдің ауласында жеке компания жұмысшылары үйдің іргетасын қалау кезінде электр сымдарын үзіп алды. Соның салдарынан көршілес орналасқан үйдегі 180 отбасы бір апта бойы жарықсыз қалды. Тұрғындарға тоңазытқыштағы тағамдарын қоқысқа лақтырып, дәмханалар жағалап, қап-қара түнекте отыруға тура келді. Ал жекеменшік құрылысшылар бұған шіміріккен де жоқ. Әкімдік тіпті көз жұма қарап отыр. Таяуда өткен жиындардың бірінде Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов аулалардағы тұрғын үй құрылысын доғару керек деп қадап айтып, тиісті тапсырмалар берген болатын. Алайда Асайын Байханов басшылық ететін қала әкімдігі облыс әкімінің тапсырмасы мен тұрғындардың талап-тілектеріне "пысқырып" та қарамайды. Рұқсат қағаздарды негізсіз беруін тоқтатар емес.

Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет департаментінің басқарма басшысы Назымбек Бекжановтың сөзінше, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі нысандардың қоғамға қауіп тудыратынын, олардың заңсыз екенін біле тұра ережелерді белшесінен басып отыр. Айталық, генерал Дүйсенов көшесінде жатақхана салынуы тиіс. Бірақ бұл – жоба ғана.

Шынтуайтына келгенде, мұнда жатақхананың орнына бизнес класс санатына жататын көпқабатты баспана бой көтеруде. Жергілікті әкімдік компанияның техникалық рұқсатқағаздары болмағанына қарамастан, жобаны мақұлдады. Сол сияқты Ак.Сәтбаев көшесі, 350 мекенжайында бір үй салу туралы рұқсатқағаз ресімдеген. Қазір мұнда бір емес, бірден екі үй салынды. Тағы екі үйдің іргетасы қаланып қойды. Жақында жүргізілген аудит нәтижесі осы іспетті 50-ге жуық кемшіліктің барын анық көрсетті.

Павлодар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нариман Қайырленовке құрылыс нормаларының сақталуын қадағаламағаны үшін 8 рет ескерту беріліп, 1,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бірақ ол қызметін әлі де жалғастырып жатыр. Тіпті, кінәнің барылығын өздігінен үй салып жатқан кәсіпкерлерге артты. Сонда қаланың бас сәулетшісі ай бағып отыр ма?

Қалай болғанда да, жаңбырдан соң қаптаған саңырауқұлықтай болған заңсыз құрылыстар қалалықтардың зығырданын әбден қайнатып отыр. Қызыл жолақтан асып кеткен үйлердің салдарынан алдағы уақытта жолдарды кеңейту мүмкін емес. Кеңейту түгілі кей көшелерде жаяу жүргіншілер өтетін жол қалмай қалды. Үйлер қолданысқа берілмей жатып-ақ инженерлік мәселелер туындап жатыр. Ал жекменешік пәтерлер удай қымбатқа сатылып, оған қалталылар қоныстанған соң жағдай не болады? Өкінішке қарай, бұл жайттардың барлығы ашық күйінде қалып отыр. Ал бұл уақытта аядай жерде бой көтеріп жатқан баспаналар көбейіп жатыр...

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу