Бұл сайлау – қазақстандық оппозицияның зор жетістігі – Қосанов

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4068

Әміржан Қосанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевты жеңісімен құттықтады.

Бұл сайлау – қазақстандық оппозицияның зор жетістігі – Қосанов

Президент сайлауына оппозиция атынан түскен Әміржан Қосанов Exit-poll нәтижесі бойынша жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтады.

"Қасым-Жомарт Тоқаев қоғаммен диалог орнатуға бейілді, өзге көзқарастарға, әсіресе жастар тарапынан айтылған балама пікірлерге төзімді екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сондықтан оны бүгінгі жеңісімен құттықтағым келеді. Оның билік пен бұқара арасында диалог орнату туралы айтқандары сөз күйінде қалмай, іс жүзінде орындалады деп ойлаймын. Біз, оппозиция, демократиялық күш ретінде мұндай бірлескен күреске бейімделетін боламыз" – деді Әміржан Қосанов 9 маусымнан 10 маусымға қараған түні 24.kz телеарнасына берген сұхбатында.

Сондай-ақ ол өзіне қолдау білдірген сайлаушыларға алғысын білдірді.

"Бұл сайлау – қазақстандық оппозицияның зор жетістігі. Қазақстандық оппозицияның өкілі біріккен күштерсіз-ақ, саяси партиясыз-ақ өте маңызды саяси деңгейге көтерілді. Біз екі бірдей саяси партияның парламенттік сайлауда жеңіске жетуіне қажетті дауысты жинадық. Сайлау кампаниясы кезінде мені қолдаған сайлаушылардың бәріне ризашылығымды білдіремін. Бағдарламамның қаншалықты қолдауға ие екенін көрдім. Бұған сайлау науқаны мен соңғы деректер дәлел", – деді Әміржан Қосанов.

Ол өзінің сайлауалды бағдарламасы демократиялық құндылықтарды дәріптеуде билікпен тең құқықты диалог жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Егер мен сайлауға бірлескен оппозицияның атынан түскенде, артымда тәжірибесі мол саяси партия тұрғанда нәтижем бұдан да жоғары болар еді. Бұл ретте кезінде демократиялық лагерде бірге жүрген, қазір шетелде тұрып жатқан бұрынғы әріптестерім жариялаған байкот менің жалпы нәтижеме кері әсерін тигізді. Десе де, мен қазақстандықтардың сайлауға белсенді қатысқанын көрдім. Демек, елдегі билік транзиті халықтың қатысуымен, олардың пікірінің ескерілуімен өтеді. Осы орайда мен айтқан бағдарламалық мақсаттар Қазақстанның болашағын қалыптастыруда ескерілетін болады", – деді Әміржан Қосанов.

Еске сала кетейік, кеше Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті.  Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, саяси науқанның алдын ала қорытындылары бойынша сайлаушылардың 70,76 пайыз дауысына ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Ал оппозиция өкілі Әміржан Қосанов 16,2 пайызбен екінші орынға ие болды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу