Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елді алаңдатқан бірқатар мәселелерге қатысты пікір білдірді.
– Ерлан Заманбекұлы, Жаңаөзенде халық қайтадан бас көтеріп жатыр. Олардың талабына бүгін Нұр-Сұлтан және Алматыдағы бірқатар қоғам белсенділері қолдау көрсетті. Ішкі істер министрлігі бұл жолы қандай шара қабылдағалы отыр?
– Рас, бір топ адам Қазақстанға Қытайдан 55 кәсіпорын көшіріледі деген қауесетке еріп, соған қарсы наразылық танытып, көшеге шықты. Елімізде қытайлық кәсіпорындар жаппай ашылайын деп отырған жоқ, бұл жалған ақпарат.
Қазақстан мен ҚХР арасында біздің елде бірлескен кәсіпорын құру туралы уағдаластық бар. Соған орай инвестиция келеді. Бірақ бүгінде әлеуметтік желілерде бұрыс, бұрмаланған, заңсыз мәлімет таратылуда. Егер әлеуметтік желілерде заңсыз шерулерге шығуға шақырулар болса, ішкі істер органдары сөзсіз, мұндай шаралардың жолын кеседі. Әзірге қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу деректері тіркелген жоқ. Наразылық білдіруші азаматтармен кеше жергілікті әкім кездесті, түсіндіру жұмыстарын жүргізді, барлық сұрақтарына жауап берді.
– Қазіргі уақытта оқиғаның қалай өрбіп жатқанын білесіз бе? Полицейлердің түске дейінгі баянатында не айтылды?
– Мен білмеймін. Мен де сіздер сияқты таңғы тоғыздан бері Парламенттемін (министр Мәжілісте Қазақстан мен Армения арасындағы "Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы бойынша баяндама жасады). Жедел ақпарат маған жеткен жоқ. Телефоным қалтамда жоқ, қаласаңыз ақтарып көрсетейін. Парламент ғимаратына кіргенде тапсырып кеткенмін.
– Полицейлер күшейтілген қызметке көше ме?
– Жоқ. Полиция сіз айтып отырған жұмыс тәртібіне көшпейді.
– Ғаламторға Нұр-Сұлтанда барбершоптың көрсеткен қызметіне көңілі толмаған ер адам шаштараздарды қорқытып, бір-бірінің шаштарын қырып тастауға мәжбүрлегені туралы бейнежазба тарап кетті. Полиция бұл жазбаны тексерді ме?
– Иә. Тәртіп бұзушы табылды. Онда тараптар өздерін дұрыс ұстамаған. Біріншіден, шаштараз шеберлерін үрейлендіріп, бір-бірінің шашын қыруына мәжбүрлеген ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар жәбірлеушінің соққыға жығылғаны анықталды. Ер адамның денесіне зақым келген. Сондықтан клиентке зорлық-зомбылық көрсетілгені үшін бұзақылық бойынша екінші қылмыстық іс қозғалды.
– Кезінде жол полициясы жемқорлықтың бір элементіне айналып кеткен ала таяқтан бас тартып еді. Енді сол ала таяқ қайтарылып жатыр. Неге?
– Бізде әрбір экипаждың багажында қажетті заттардың жиынтығы тұрады. Ол оқиға орнын қарау, адамдарды құтқару және басқа шаралар үшін қажет. 1 қыркүйектен бастап, осы жиынтыққа қайтадан ала таяқ қосылды. Бұл құрал тек қана жол қозғалысын реттеу үшін ғана қолданылады. Яғни ала таяқ жол-көлік оқиғасы орын алса, айналаны тұман басса, көру қиындаса, бағдаршамдар сөніп қалса, жөндеу жұмыстары жүргізілсе, көліктерді бұрып жіберу қажет болса, өкілетті делегациялар келе жатса пайдаланылады. Басқа жағдайларда оны қолдануға, мысалы, онымен көлікті тоқтатуға тиым салынған. Өйткені қалаларда барлық дерлік жерде бейнебақылау жүйелері бар. Сонымен қатар біздің әрбір мобильді автомашинада айналаны бақылайтын камералар орнатылған. Жол жүрісі ережелерін бұзушыларды солар анықтайды. Сондықтан көше шетінде ала таяқпен тұрудың қажеттілі жоқ. Сондай-ақ жол полициясын таратып, патрульдік полиция ретінде қайта құрдық. Яғни қазір "жолпол" жоқ.
– Егер көшеде полицей нұсқап, ала таяғын сілтесе, жүргізуші оның дегеніне бағынып, тоқтауы керек пе?
– Әрине, бағынуға тиіс.
– Барлығын "Сергек" реттесе, бұл құралды қайтарудың қаншалықты қажеті бар?
– Жол жүрісі қозғалысын реттеу үшін қайтардық. Біз ережеге осылай жазып қойдық. Өздеріңіз білесіздер, автокөлік саны барған сайын артуда. Жол жүрісін реттеушіге ала таяқсыз қиын. Біздің 5 қызметкер бағдаршам сөніп қалғанда жол қозғалысын реттеу барысында дене жарақатын алды. Бұл инспектордың өмірі үшін де қауіпті, сонымен бірге оның қимылы жүргізушілер мен жүргіншілер үшін де түсініксіз. Ал ала таяқ батарейкамен жабдықталған, жарық шашып тұрады. Тұманда да, түнде де алыстан көрінеді. Оның бағыты бойынша көліктер жүрісін алыстан реттей алады.
– Бұрын керек емес деп ала таяқтарды лақтырып тастадыңыздар ма? Әлде түбі бір қайтарамыз деп, сақтадыңыздар ма?
– Ала таяқтың пайдалану мерзімі болады. Қолдағы қарудан бастап, үстіміздегі киімге дейін ішкі істер министрлігі сатып алатын кез келген затқа сақтау мерзімі бекітіледі. Сондықтан сақталу мерзімі өтпеген ала таяқтардың барлығын лақтырмай, жойып жібермей, ары қарай сақтауға міндетті болдық. Олар қоймаларда тұрды. Егер болашақта қосымша қажет болып жатса, тендер жариялаймыз. Әзірге жаңаларын сатып алу туралы бөлімшелерден өтініш түскен жоқ. Жаңа ала таяқ алуға әзірге қаржы шығындаған жоқпыз.
– Бюджеттен министрлігіңізге не себепті 40 миллиард теңге бөлінгелі отыр?
– Бұл біздің құрылымымыздағы құтқару қызметінің, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге арналған қаржы. Бұл 3 жылға қарастырылған ақша. 1 шілдеден бастап, полиция және қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Алайда төтенше жағдайлар саласы одан тыс қалды. Өйткені қаражат көлемі шектеулі болды. Олардың еңбекақысын көтеру 2020 жылдың 1 қаңтарына қалдырылды.
Президент айтқандай, 22 мыңдай төтенше жағдай саласы қызметкеріне алдағы жылдың басынан 40 миллиард теңге бөлінеді. Бұл сомаға тек жалақы көтеру ғана емес, сондай-ақ олардың баспанасына арналған өтемақы да кіреді.
Жазып алған: Жанат Ардақ