Бургос Вуэльтасы. Таулы кезең алдындағы спринт

1583

Испаниялық көпкүндіктің 2-кезеңін "Астана" шабандоздары бірқалыпты, еш кедергісіз өткізді.

Бургос Вуэльтасы. Таулы кезең алдындағы спринт

"Бургос Вуэлтасының" 2-кезеңі жазық аймақта өтті. Кастрохеристен басталған жарыс жолы 168 шақырымнан кейін Вийядиегода мәресіне жетті. Кезең жаппай спринтпен аяқталып, колумбиялық велошабандоз Фернандо Гавирия жеңімпаз атанды.

Шамамен финишке 200 метр қалғанда, соңғы айналымда шабандоздар қақтығысы орын алды. Қуанышқа орай олардың арасында "Астана Про Тим" спортшылары болған жоқ.  

- Бүгінгі жарыс күні біз үшін бірқалыпты өтті. Ешқандай мәселе туындаған жоқ. Біз бүгінгі кезең спринтерлер кезеңі болады деп топшылағанбыз және сайыс барысында өзін көрсете алатын тек бір шабандозымыз бар еді. Ол Алекс Аранбуру. Финалда ол алдыңғы шепте болды. Алайда мәреге 200 метр қалғанда оның алдында келе жатқан шабандоздар құлап, Алекске тоқтауға тура келді. Қуанышқа орай Алекс құлаған жоқ, кезеңді ешбір кедергісіз аяқтады. Қалай болғанда да жеңіске жетуге деген талпынысымыз болды. Дегенмен, біз ертең өтетін кезеңге дайындаламыз. Себебі 3-кезеңде финалдағы асу жолы өте ауыр болмақ. Біз үшін қызықты өтеді деп ойлаймын, - деді "Астана Про Тимнің" спорттық директоры Стефано Занини.

Сейсенбі күні Аранбуру алғашқы кезеңде мәреге 4-болып келген. Ол бас классификация бойынша аустралиялық шабандоз "Bora-Hansgrohe" командасының велошабандозы Феликс Гроссшартнерден небәрі 8 секунд уақыт ұтылды. Олармен бір топта "Астананың" тағы бір шабандозы Оскар Родригес те келе жатқан. Оскар көшбасышадан небәрі 16 секунд қана артта қалды.  

"Бургос Вуэльтасының" 3-кезеңі ертең өтеді. Сархентес де ла Лорадан басталатын кезең 150 шақырымнан кейін Пикон Бланкода аяқталады. Бұл асуда екі жыл бұрын "Астана" велесебедшісі Мигель Анхель Лопес жеңіске жеткен болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу