Бұрымды боксшыларымыз Әлем чемпионатының ширек финалына шықты

843

Нью-Делиде XIII Əлем чемпионатында 60 елден келген 300-ден астам таңдаулы спортшы жүлдеге таласуда. Чемпиондар Халықаралық бокс қауымдастығынан 100 мың, күміс медаль иегерлері 50 мың, қола 25 мың АҚШ долларын алады. 

Бұрымды боксшыларымыз Әлем чемпионатының ширек финалына шықты

Қазақстандық Жайна Шекербекова Нью-Делиде (Үндістан) өтіп жатқан бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында 1/4 финалға шықты. 54 келі салмақ бойынша өткен жекпе-жекте оған жастар арасында әлем чемпионы, өзбекстандық Нигина Уктамова қарсылас атанды. Бұл кездесуде Шекербекова үшінші раундтың соңында нокдаунға түскеніне қарамастан, төрешілердің шешімімен 5:2 есебімен жеңіске жетті. Шекербекова бұған дейін екі рет әлем чемпионатының қола және күміс жүлдесін иеленсе, 2010 және 2022 жылдары Азия чемпионатында алтыннан алқа таққан болатын. Азия ойындарында да екінші орын алды (2014 ж). Енді ширек финалда Шекербекова колумбиялық Марсела Кастаньеда Ариаспен кездеседі.

Әлем чемпионатында тағы бір қазақстандық боксшы Валентина Хальзова 1/8 финалда жұдырықтасты. 75 келіге дейінгі салмақта 2016 жылы Әлем чемпионы атанған Хальзова бұл жолы венесуэлалық Мариэлис Иризамен кездесті. Қазақстандық былғары қолғап шебері қарсыласын төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен 5:0 есебімен сенімді түрде жеңді. 22 наурызда өтетін ширек финалда Валентина түркиялық Элиф Гунеримен жұдырықтасады.

Сонымен қатар 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық боксшы Мәдина Нұршаева ширек финалға шықты. 1/8 финалда ол кореялық Хонг Ген Чоймен кездесті. Бұл жекпе-жекте Нұршаева 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Өкінішке орай, Жазира Орақбаева (52 келіге дейін) 1/8 финалда жергілікті боксшы Сакши Сакшиден (0:5) жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды. Сондай-ақ 19 наурыз күні бокстан әйелдер арасындағы 2023 жылғы әлем чемпионатында қазақстандық Назым Қызайбай алғашқы жекпе-жегін өткізген болатын.. 50 келі салмақта сынға түскен Қызайбай жарысты 1/16 финалдан бастады. Оның қарсыласы вьетнамдық Тхи Там Нгуен болды. Екі дүркін әлем чемпионы (2014, 2016) және Азия чемпионатының (2021) жеңімпазы атанған қазақстандық төрешілердің шешімімен жеңіліп қалды. Осылайша Назым 1/16 финалдан әрі аса алмады.

Ал бүгін, 21 наурыз күні бокстан әйелдер арасындағы 2023 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының бес өкілі өнер көрсетеді. Түстен кейінгі сессияда Астана уақытымен 14:30-да үш спортшымыз шаршы алаңға шығады. 48 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова ресейлік Юлия Чумгалаковамен кездеседі. 57 келіге дейінгі салмақта Карина Ибрагимова әзірбайжандық Махсати Хамзаевамен жұдырықтасады. Ал Аида Әбікеева (63 келі) қытайлық Ченгю Янға қарсы рингке шығады.

Астана уақытымен 18:30-да басталатын кешкі сессияда екі қазақстандық боксшы қыз өнер көрсетеді. Римма Волосенко (60 келі) Сербия өкілі Наталья Садринамен, ал Надежда Рябец (66 келі) Доминикан Республикасынан келген Мария Моронта Эрнандеспен жұдырықтасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу