Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қылмыс әлемі алдындағы ең қорғансыз, ең осал топ – балалар болып отыр. Оларға қатысты жыл сайын 2 мыңға жуық қылмыс жасалады. Соның ішінде 700-ден астамы – кәмелетке толмағандарға жыныстық қол сұғу қылмыстары. Полиция балдырғандарға қарсы жыныстық қылмыстардың 70%-дан астамын оның айналасындағылар, туған-туыстары, ата-анасының жора-жолдастары, көршілер жасағанын ескертеді.
ІІМ сендіруінше, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау шаралары жетілдірілуде. Мысалы, балалардың саудасы, балиғат жасқа жетпегендерді жезөкшелікпен айналысуға тарту, балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғу үшін жауапкершілік қатайтылды.
Бұл ретте балаларға қарсы қылмыс жасағандар үшін барынша, максималды қатал жаза тағайындалады. Оларды шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі алып тасталды. Сондай-ақ педофилия үшін сотталғандардың жазасын тек қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме саналатын түрмелерде ғана өтейтіні жөніндегі норма енгізілді. Мұндай адамдар босатылғаннан кейін полиция олардың үстінен әкімшілік қадағалау белгілейді.
Уәкілетті органдар балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың жасырын фактілерін, сондай-ақ интернетті пайдаланатын педофилдерді анықтау бойынша жұмысты ұйымдастырды.
Дегенмен Ішкі істер министрлігі "балаларды зорлық пен зомбылықтан қорғау тетіктерінің тиімсіз екенін" жасырмады. Бұл ретте елдегі барлық дерлік қылмыстар бойынша көрсеткіштер жыл сайын төмендеп келеді, ал балаларға қатысты қылмыстар қайта артуда. Мысалы, 2021 жылы балаларға зорлық-зомбылық қылмыстардың саны 18%-ға күрт өсті. 2022 жылы шамалы, 6%-ға төмендеді.
Балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық қылмыстарының қарқынды артқаны ерекше алаңдаушылық тудырады: олардың саны 40%-ға өсті.
Қылмыскерлер қоғамның ең әлсіз мүшелеріне қаскөйлік танытуын үдетті. Биылғы 2023 жылғы қаңтар–мамыр айларының өзінде кәмелетке толмаған балаларға қатысты 1 080 қылмыс тіркелді. Бұл былтырғы ұқсас мерзімнен 7,6% көп.
Қылмыстардың арасында үлкен бөлігі немесе 364 жағдай орташа ауырлықтағы құқық бұзушылықтарға тиесілі. Ауырлығы шағын қылмыстардың саны – 194.
Балаларға қарсы биылғы 5 айда 252 ауыр қылмыс тіркелді. Аса ауыр 198 қылмыстың жасалғаны әшкереленді.
Биылғы осы кезеңде 83 зорлау оқиғалары тіркелген. 11 бала өлтірілгені анықталды.
ІІМ хабарлауынша, балалардың қылмысқа душар болуына түрткі болатын себептерге көбінесе отбасыдағы проблемалар, тұрмыстық тұрақсыздық және ата-аналардың әлеуметтендірілмеген өмір салты, яғни маскүнемдікке, нашақорлыққа немесе жеңіл жүріске салынуы ықпал етеді. Мұндай қылмыстардың басым көпшілігін, 80%-ын сол балалардың жақын ортасындағы, бұрын полицияның көзіне түспеген адамдар жасаған.
Сонымен бірге полиция балаларға қарсы бағытталған қылмыстардың көбі жасырын қалатынына назар аудартты. Өйткені қоғамда мұндай құқық бұзушылықтар жабулы күйде қалады, жария етілмейді. Сондықтан статистика зорлық-зомбылық проблемасының нақты ауқымын көрсетпейді.
Өңірлер арасында балаларға қатысты қылмыстардың көбі Түркістан облысында жасалыпты: 2022 жылғы 5 айда 100, биылғы бес айда 101 қылмыс тіркелді. Жас ұрпаққа қаскүнемдік оқиғаларының үлкен көлемі сонымен қатар Алматы қаласында (89 оқиға, былтырғы ұқсас мерзімнен 15,6% өсті) және Алматы облысында (86 оқиға, 23,2% кеміді) болған.
Балаларға мейлінше ізгі пейілдегі өңірлерге Ұлытау облысы (15 оқиға), Солтүстік Қазақстан облысы (26) және Павлодар облысы (33) жататын көрінеді.
13 шілде күні Түркістан облысының Сарыағаш ауданында болған оқиға жұртшылықты шошынтты. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері қыздың денесін көршісінің үйінен тапты. Күдікті Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды. Істің мән-жайы анықталып жатыр.
Сол күні полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдікпен бұрын бірнеше рет сотталған аудан тұрғыны Г.-ны ұстап, изоляторға қамады. Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (жас баланы өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Бас прокуратураның хабарлауынша, күдікті Г. 2006 жылы адам өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. 2023 жылдың мамырында Г. алкоголді ішімдік ішу барысында орын алған жанжалда ауылдасын балтамен ұрғаны үшін істі болды. Бірақ сот гуманизм танытып, әрі қылмыскердің жәбірленушімен татуласқанын, бұрынғы соттылығы өтелгенін ескеріп, бостандыққа қоя берген.
Сот үкіміне сәйкес, оның үстінен полиция 3 жыл бойы пробациялық бақылау жүргізуге тиіс болған. Басынан сипағанды лайықты бағаламаған күдікті қылмысқа қайта барғанға ұқсайды. Оны тергеушілер анықтайды. Бас прокуратура биылғы сот үкіміне кассациялық наразылық келтіргенін, жазаны қатайтуды және бас бостандығынан айыруды сұрағанын мәлімдеді.
Алайда мұның бәрі қыршыннан қиылған балдырғанды өмірге қайтара алмайды.
Ішкі істер министрлігі қайталап жасалатын қылмыстардың профилактикасы жүйесінің тиімділігі неге төмен екенін түсіндіруге тырысты.
Ведомство дерегінше, Қазақстанда қылмыс жасаған әрбір үшінші адам немесе 40% бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шығады. Олар жасаған қылмыстардың негізгі бөлігі мүліктік санатқа жатады, әдетте бұл ұрлық.
Дегенмен, қайталанатын қылмыстардың 91%-дан астамын ішкі істер органдары тарапынан профилактикалық бақылауға жатпайтын, бұрын сотталған адамдардың үш санаты жасайды:
- түзеу мекемелерінен босатылғанына 1 жыл өткендер;
- айыппұл сияқты жазаның балама түрлеріне сотталғандар;
- сотқа дейінгі тергеп-тексеруды істері ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылғандар.
Осылайша, профилактикалық есепке алу механизмі белгілі бір тежегіштерге ие.
"Жалпы, қылмыстық қудалау шеңберіне бір рет түскен адамдар қайталап қылмыс жасау қаупі жоғары аймақта болады. Бұған олардың қоғамға әлеуметтік кірігуінің және бейімделуінің төмен деңгейі, стигматизация және маргиналдану себеп. Орнын таба алмағандар ішімдікке, нашақорлыққа салынуы ықтимал. Бұл кесір құбылыстар тұрмысының нашарлығы, жұмыссыздық, білім деңгейінің төмендігі сияқты әлеуметтік-экономикалық факторлардың ықпалымен ушығады. Бұл проблемаларды республикада халықтың осал топтары мен өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды әлеуметтік қолдау шараларының жеткіліксіздігі одан әрі өршітеді", – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі.
Бас прокуратура сарыағаштық күдіктінің қылмыс жасағаны сотта анықталмай жатып, оның пробациялық бақылауда екенін алға тартып, полицейлерді жазалауға кіріскенге ұқсайды.
"Пробациялық бақылауда болған Г. аса ауыр қылмыс жасағанын ескере отырып, пробация қызметінің қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", – деп хабарлады Бас прокуратура.
Бұл жерде жауапсыздық танытқан болса, тәртіп сақшыларын жауапқа тартқан жөн. Алайда тек сонымен шектелуге болмайды. Әлгінде айтылған және басқа да қордаланған мәселелер шешілуге тиіс.
Президенттің тапсырмасына сәйкес жеке адамға қарсы аса қауіпті қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер топтамасы әзірленуде. Осы қылмыстар бойынша санкцияларды қайта қарау, жазаларды тағайындау және одан босату, соттылығын өтеу тәртібін, жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан адамдарға әкімшілік қадағалауды белгілеу шарттарын өзгерту мәселелері пысықталуда.
Әйтсе де, Парламент депутаттары қоңыр күзге дейін каникулда болады. Одан оралған соң ғана қарап, заң жобаларын пысықтауға кірісуі мүмкін. Демек, Президент тапсырған заңнамалық өзгерістер келесі жылсыз күшіне енбеуі де ғажап емес. Оған дейін жас ұрпақ қорғансыз қала бермегені маңызды.