Бұрынғы айлығымнан екі есе аз алып жүрмін – Айбатыр Жұмағұлов

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы қызметкерлерінің қанша алатынын атады.

Бұрынғы айлығымнан екі есе аз алып жүрмін – Айбатыр Жұмағұлов

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының директорлар кеңесіне қор есебінен жылдық сыйақы төленбейді. Бұл туралы акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

"Біріншіден, директорлар кеңесіне кіретін тәуелсіз директорлар бар. Оларды қаржыландыру 450 млн теңгеден жоғары деген ақпарат шыққан болатын. Бұл ақпарат дұрыс емес. Директорлар кеңесіне кіретін 7 азамат бар. Оның үшеуі – тәуелсіз директор. Қалған 4 азамат мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Оның біреуі – мен. Бізге директорлар кеңесінде болғанымыз үшін айлық төленбейді. Яғни тек тәуелсіз директорларға ғана төленеді. Олардың айлығы – тоқсанына 600 мың теңге. Бұл процедураны нақты біз ғана белгілемейміз. Жалпы мемлекеттік немесе квазимемлекеттік кәсіпорындар бойынша тағайындалатын қаражаттың нақты процедуралары бар. Соның ішінде, Қаржы министрлігі тарапынан міндетті түрде келісімнен өтеді. Ақпараттық тұрғыда қарайтын болсақ, 2018 жылы директорлар кеңесі бойынша жалпы қаржыландыру көлемі 6 млн теңгеден сәл көп болған", – деген Айбатыр Жұмағұлов өзінің нақты қанша айлық алатынын атамады. 

Сұраққа сырғыта жауап берген ол қазір бұрынғы жұмысынан әлдеқайда аз айлық алатынын меңзеді.

"Нақты менің жалақыма келсек, салыстырмалы түрде айтайын, менің қазіргі жалақым бұрындары банкте істеген жалақымнан екі есе аз. Кейбір ақпарат құралында жүрген кейбір жалақылардың шамасына жақындамайды да. Ал ауыртпалық жағынан айтатын болсақ, бірнеше есе көп", – деді акционерлік қоғам басшысы.

Оның айтуынша, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының штатында 800-ден астам адам жұмыс істейді.

"Әрбір өңірде филиалдарымыз бар. Оларда медициналық ұйымдарда жұмыс істеген тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Өйткені жұмысқа кез келген медициналық мекеменің бірінші басшысымен бір деңгейде сөйлесе алатын адамдарды қабылдаймыз. Орташа жалақы шамамен 200-250 мың теңгенің көлемінде болады", – деді ол.

Айбатыр Жұмағұлов директорлар кеңесінің мүшелеріне төленуі мүмкін жылдық сыйақы туралы да нақты жауап бермеді. Бірде директорлар кеңесі жылдық сыйақы алмайтынын айтса, бірде оның көлемі кейін анықталады деген мәлімет берді.

"Сыйақы бойынша айтсам, мен 2019 жылдың наурызынан бері жұмысқа кірдім. Осы күнге дейін сыйақы бойынша ешқандай нәтиже жоқ. Себебі бәрі мынау жұмыс біткеннен кейін, белгіленгеннен кейін ғана анықталады", – деді Айбатыр Жұмағұлов.

Есімжан Нақтыбайұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу