Бұрынғы ТМД елі Орталық Азияға "өшікті"

412

Енді қырғызстандықтар мен тәжікстандықтар бұл елге емін-еркін бара алмайды.

Бұрынғы ТМД елі Орталық Азияға "өшікті" Фото: canva

Молдова посткеңестік кеңістіктегі елдермен арасында визалық режим енгізді. Осы мақсатта Молдова Үкіметі ел Парламентіне ТМД-ға қатысушы елдерімен арасындағы визасыз режим туралы келісімді денонсациялап, күшін жою туралы ұсыныспен шыққан болатын. Депутаттар бұл ұйғарымды қолдады.

Ұйымның ресми сайтында көрсетілгендей, қазіргі кезде Тәуелсіз мемлекеттер достастығында небәрі 7 мемлекет қана қалды. 1991 жылы құрылғанда оған 11 мемлекет мүше болған еді.

Өз кезегінде ондағы мүшелігін мүлдем тоқтатқан Молдова бүгінде ТМД-ның бірнеше елімен – Орталық Азия республикаларымен визасыз режимге ие. Соның ішінде мысалы, өткен ғасыр соңында КСРО-дан тәуелсіздік алған еуропалық бұл елде қазақстандықтар 90 күн бойы визасыз еркін жүре алады.

Сонау 1992 жылғы 9 қазанда Бішкекте қол қойылған ТМД азаматтарының оған қатысушы мемлекеттердің территориясында визасыз жүріп-тұруы туралы көпжақты келісімді Молдованың денонсациялауының Қазақстанға әсері қандай?

Әсері жоқ көрінеді: Молдова Қазақстанмен арадағы визасыз режимін аяғына дейін – ұжымдық Еуропа отбасына кіргенге дейін сақтап қалуға ниетті. Осы мақсатта Молдова мен Қазақстан арасында визасыз режим туралы жеке, екіжақты келісім әрі қарай да қолданыла береді. Өзбекстанмен арасында да ұқсас келісімі күшінде.

Ендеше Молдова Парламенті қабылдаған жаңа заң бойынша бұл ел біздің аймақта тек Қырғызстан мен Тәжікстанға қатысты визасыз режимнен бас тартып отыр.

Үкіметтегі дереккөздеріне сілтеме жасап, жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл шешім мемлекеттің еуроинтеграцияға ұмтылуымен байланысты. Осы арқылы Молдова өз заңнамасын Еуропалық Одақтың нормаларымен сәйкестендіруге ден қойды. Өйткені Еуроодақ ТМД-ның барлық елдеріне қатысты визалық режимді ұстанады.

Еуропаға бағыт процесі аясында Кишинау (Chişinău – түпнұсқасы, бұрынғы атауы – Кишинёв) КСРО күйрегеннен кейінгі кезеңде бекітілген ескі келісімдердің барлығын біртіндеп және бірізділікпен қайта қарауда.

"Заң жобасы күшіне енген соң Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары жұмыс, оқу мақсатында немесе жеке мақсаттармен Молдоваға еркін бара алмайды, кіру визасын рәсімдеуге тура келеді. Бұл ретте ТМД-ның басқа елдерінің (Қазақстан, Өзбекстан) азаматтары үшін сапарлау режимі өзгеріссіз қалады. Молдованың бұл елдермен арасында бөлек, екіжақты келісімдер қолданыста", – деп хабарлады "Azattyq.org" молдовалық ақпарат құралдарына сілтеме жасап.

Ресми Кишинау бұрынғы одақ республикаларымен жаулық көзқараста еместігін, өшті-қастылығы жоқтығын атап өтті. Бұл қадамы жекелеген елдерге қарсы бағытталмағанын, тек ішкі нормативтік-құқықтық актілерді көші-қон мен визалық саясаттың еуропалық стандарттарына бейімдеу қажет болып тұрғандығымен дәйектеді.

Айта кету керек, 2024 жылғы 20 қазанда президенттік додамен бірге өткен референдумда халқы Еуропалық Одаққа мүше болып кіруді қолдағалы және елдің Конституциясында еуроинтеграциялық курс бекітілгеннен кейін Молдова ТМД-дан белсенді түрде іргесін аулақ сала бастады.

Соңғы 3 жыл ішінде Молдова осы достастық аясында бұрындары қол қойылып, Парламенті ратификациялаған ондаған келісімнен шығып, күшін жойды.

Бұдан бөлек, 2024 жылдан бастап, республика ТМД Парламентаралық ассамблеясынан кетіп, оның іс-шараларына қатысуды түпкілікті доғарды. Бұған қоса, достастықтың "МИР" телеарнасына мүшелік жарна төлеуді тоқтатты және оның өз аумағындағы өкілдігін жауып тастады.

Молдовалық сарапшылардың байламынша, Орталық Азия азаматтары үшін виза енгізу – Молдованың Еуроодаққа қосылуы жолындағы тағы бір қадамға айналады. Республика ЕО-ға мүше болуға ресми түрде өтінім енгізді. Оған толыққанды ену үшін Молдова ұлттық заңнамасын еуропалық нормаларға толық сәйкестендіруге міндетті.

Бұл қадамды Қырғызстан ауыр қабылдады. Бішкектің ұстанымынша, егер Молдова осындай шектеу қойса, онда Қырғызстаннан баратын туристік ағыннан айрылады. Бірақ Молдоваға қанша қырғыз саяхатшысы баратыны беймәлім қалды.

Орыс-молдаван достық пен ынтымақтастық орталығының басшысы Дмитрий Сорокин ТАСС агенттігіне сұхбатында егер Еуроодақтың стандарттарына бейімделемін деп, посткеңестік кеңістіктен алшақтаса, онда Молдова өзіне зиян келтіреді деген пікірін жеткізді.

Ол Молдованың өз заңнамасын Еуропалық Одақтың нормалары мен стандарттарына сәйкестендіріп, бірегейлендіру бағытында кең ауқымды саясатты жүзеге асырып жатқанына назар аудартты.

"Алайда экономикалық тұрғыдан алғанда, прагматикалық көзқараспен қарағанда, бұл өзгерістер ел үшін теріс салдарларға ие. Ақыр соңында ЕО Молдованы өз құрамына алмауы немесе бұл процесті ондаған жылға созып жіберуі де мүмкін. Дәл осы кезде Молдованың ТМД елдерімен қатынастары үзіледі. Мысалы, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтарына қатысты визалық режимді енгізуі бұл елдермен іскерлік байланыстарына нұқсан келтіреді, туристік ағынның сұйылуына соқтырады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бюджетіне және қызмет көрсету саласына қысым көрсетеді", – деп санайды Сорокин.

Бұған қоса, оның тұжырымдауынша, мұндай іс-әрекеттер аталған елдер тарапынан сайма-сай жауап шаралардың енгізілуіне түрткі болуы мүмкін. Бұл халықаралық ынтымақтастыққа қатысты жағдайды әрі қарай ушықтырып, қосымша экономикалық шығындарға әкелуі ықтимал, деп мәлім етті 24.kg Сорокинге сілтеме жасап.

Дегенмен, ТМД-дан алшақтағаннан Молдова көп ұтылмайтын көрінеді. Бұл ел қазірдің өзінде экономикалық, іскерлік тұрғыдан Еуропаға тығыз кірікті және посткеңестік кеңістіктен қашықтап барады.

Молдова Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2024 жылы отандық тауарларды халықаралық нарықтарға экспорттаудан елге 2 млрд 708,3 млн доллар түсім түсті. Бұл 2023 жылғыдан 5,6%-ға аз.

Бұған қоса, Молдова өзге елдердің тауарларын өзінде қайта өңдеп немесе онсыз реэкспорттаудан 846,8 млн доллар табыс тапты. Мұнысы да 2023 жылғыдан 28,1% кеміген.

Ұлттық статбюроның хабарлауынша, былтыр Молдова Еуропалық Одаққа 2 млрд 392,4 млн доллардың отандық өнімін өткізе алды. Сонымен бір мезгілде ТМД елдеріне небары 241,6 млн долларлық тауарын ғана экспорттай алған. Яғни, ЕО-ға сатқаны ТМД-дағыдан 1 мың есе көп.

Бәлкім, Молдова Ресейден және ол бастаған достастық елдерінен көп өнім сатып алып, соның жеткізіліміне тәуелді шығар? Жоқ. 2024 жыл қорытындысында Молдованың сырттан тасыған импорты 9 млрд 65,2 млн долларды құрады. Бұл 2023 жылғыдан 4,5%-ға көп.

Соның ішінде Еуропаодақтың 27 елінің үлесі 4 млрд 546,1 млн доллар болды. Бұл алдыңғы жылғыдан 8,6%-ға артық.

Ал, ТМД елдері бір жыл ішінде Молдоваға бар-жоғы 346,3 млн доллардың өнімін жеткізе алды. Импорт 2023 жылғы көрсеткіштен 35,2%-ға құлады. Яғни, бұл тұрғыда да Молдова достастықтан тәуелсіз бола түсті.

Жалпы, Молдованың Қырғызстанмен арасы бұдан бұрын суыған болатын. Мысалы, Бішкек Кишинаудан сонау Кеңес заманынан қалған қарызын қайтаруды да талап еткені бар.

Сондай-ақ, биыл Молдова тағы да "Еуроодаққа қосылуға дайындық аясында" деп дәйектеп, Қырғызстанның әуекомпанияларының өзіне ұшуына тыйым салды. Өйткені олар ЕО-ның "қара тізімінде" тұр.

"Армения сияқты Молдова да өз заңдарын Еуропаға бейімдеп, тәртіпке келтіруде. Тыйымға іліккендер арасында біздің отандық 16 жүк және жолаушылар авиакомпаниясы бар. Біздің еліміз әзірге Еуроодақтың "қара тізімінен" шыға алмады. Оның бәрін одан суырып алып шығуымыз керек. Еуропалық стандарттарды қалтқысыз сақтайтынымызды, жаңа ұшақтар алғанымызды дәлелдеуіміз қажет. Қара тізімнен құтылса, Молдова да, басқасы да автоматты түрде рұқсат етеді. Президент бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді", – деді Vesti.kg сұхбатында қырғыздың қоғам қайраткері Алмаз Тажыбай.

Молдова Еуропалық Одаққа 5 жыл ішінде, 2030 жылға қарай толыққанды мүше болуды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу