Астана қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық экономиканың бұрынғы министрінің жемқорлыққа қатысы бар екенін дәлелдеп, жоғарыдағыдай үкім шығарды.
Судья Әділхан Шайхисламов Қуандық Бишімбаев қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлімі ("Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық ету, сол сияқты қылмыстық топты құру не оған басшылық ету"), 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы ("Топ болып немесе астыртын сөз байласып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салуды ұйымдастыру") бойынша жауапқа тартылып отырғанын жариялады.
"Қуандық Бишімбаев 10 жыл бас бостандығынан сонымен қатар жарғылық капиталы 50% мемлекет үлесін құрайтын үкіметтік органдарда және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылсын! Қылмыстық жолмен, жемқорлықпен жинаған дүние-мүлкі тәркіленсін" – деді Әділхан Шайхисламов.
Бұдан кейін сот Қазақстан президентінің атына Қуандық Бишімбаевтан мемлекеттік "Құрмет" орденін қайтарып алу туралы ұсыныс жасады.
Сот үкімімен экс-министр жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болды. Жаза мерзімі Қуандық Бишімбаев қамауға алынған күннен, яғни 2017 жылғы 10 қаңтардан бастап есептеледі.
8 қаңтарда өткен сот процесі кезінде айыптаушы прокурор Сәуле Сыдықова Қуандық Бишімбаевті 12 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Өзіне сөз берілгенде Қуандық Бишімбаев: "Президенттің алдында кінәлі екенімді сезінемін. Өзім білетін және сенім артып жұмысқа шақырған адамдар – Бақыт Жақсыбаев, Аслан Жақыпов және басқалар онымды ақтамады, бұл үшін мемлекет басшысының алдында жауапкершілік арқалаймын. Президенттің сенімін ақтай алмағаным жаныма батады, әрі бұл – ұят. Кадр таңдауда қателікке ұрындым. Жақын тұтқан адамдар мені және сенімімді пайдаланып кетті. Мемлекет басшысынан, халқымнан бұл үшін кешірім сұраймын", – деп бәзбір қателігін мойындаған болатын.
Бұған қоса ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтып: "Айыптау қорытындысында айтылған қылмыстарды жасаған жоқпын, оларды мойындамаймын. Мен мұны анық білемін, сіздерге, құрметті сот, өзіме белгілі жайттарға негізделген ұстанымымды жеткізуге тырысамын", – деді.
Сот үкімі шыққанда да Қуандық Бишімбаев кінәлі емес екенін мәлімдеді.
Ұлттық экономиканың бұрынғы министрінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша 22 адамға айып тағылған. Олардың арасында "Бәйтерек Development" АҚ басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев пен төрағаның орынбасары Аслан Жақыпов болды.
Судья Бақыт Жақсыбаевты – 4, Аслан Жақыповты - 2,5 жылға соттады. Қалған 19 адамға да сот үкімі оқылды.
Естеріңізге сала кетейік, ұлттық экономиканың экс-министрі "бірнеше рет аса ірі көлемде пара алды" деген күдікпен 217 жылдың 10 қаңтарында тұтқындалды. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы экс-министр Қуандық Бишімбаевқа жалпы сомасы 346 млн теңге пара алды және 1,2 млрд теңге көлемінде қаржы жымқырды деген айып таққан. Бұған дейін ол президенттің жарлығымен қызметінен босатылған.
Айтпақшы Қуандық Бишімбаев үстінен қылмыстық іс қозғалған мемлекеттік "Болашақ" бағдарламасының ең жоғары лауазымды түлегі. Атап өтейік, экс-министр істі болып жатқан кезде "Болашақ" бағдарламасының түлектері араша сұрап, мемлекет басшысына ашық хат жазған. Хатқа "Болашақ" бағдарламасының 150 түлегі қол қойған.
Қуандық Бишімбаевтың өмірбаянына келетін болсақ, ол 1980 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз университеті мен АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетін бітірген. 26 жасында индустрия және сауда вице-министрі лауазымына қол жеткізген.
2013 жылы "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингін басқарған.
Қуандық Бишімбаев 2016 жылғы 6 мамырдан 2017 жылдың 28 желтоқсанына дейін ұлттық экономика министрі қызметін атқарған.
Еркеғали Бейсенов