Бұрынғы вице-министр судьяға сенбеді

2364

Қарағандыда Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Анатолий Шкарупаға қатысты сот өтуде.

Бұрынғы вице-министр судьяға сенбеді Фото: ratel.kz

Қарағандыда бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаға қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Анатолий Шкарупамен қоса сот алдында "ТКШ дамыту қоры" компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Қайсар Байдалы мен "ENERCO" компаниясының директоры Ерлан Набиев те  жауап беруде. Сот барысында Анатолий Шкарупа судья Жанат Егембердиеваға сенімсіздік танытып, басқа судьяның істі қарауын сұрады.

"Сот тарапынан менің қылмыстық іс материалыммен танысуымды аяқтауыма шара жасалған жоқ. Сонымен қатар сіз істі қарамай тұрып, маған бірден айыпталушының құқығын оқып бердіңіз. Сіз бұл істі қарай алмайсыз",– деп мәлімдеді сотта Анатолий Шкарупа.

Мемлекеттік айыптаушылар экс-Энергетика вице-министрінің судьяны ауыстыруға қатысты өтінішін қанағаттандырмауды сұрады. Анатолий Шкарупаның бұл өтініш хатын Қазыбек би ауданының қылмыстық іс бойынша сотының төрағасы қарайтын болады.

Еске сала кетсек, Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Анатолий Шкарупа 2018 жылы қарашада қамауға алынған. Ол 2014-2017 жылдары Саран қаласында әкім болған кезде "бюджеттен 215 млн теңгенің жымқырылуына жол берді" деген күдікке ілініп отыр. Мемлекет қазынасынан бөлінген 200 млн теңге Сарандағы жылу желілеріне есептеу құрылғысын орнатуға бағытталған. Сол кезде Саран қаласының әкімі болған Анатолий Шкарупа тергеу мәліметі бойынша бұл есептеу құрылғыларын бос тұрған қабырғаларға орнатуға жол берген. Қайсар Байдалы мен Ерлан Набиевке де  осы қыруар қаражаттың шашылып кетуіне қатысы бар деген айып тағылуда. Бұрынғы вице-министр желтоқсан айында өзін қамаудан босатуды өтініп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хатта жазған болатын.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу