– Зулфухар Сұлтанұлы, гранттарды үсті-үстіне көбейте беру жоғарғы және кәсіптік-техникалық білімнің қадірін кетірмей ме? Онсыз да қазақстандық дипломды әлемде ешкім мойындамайды.
– Негізі, бір жағынан, гранттардың саны көп болғаны дұрыс. Бұл қазіргі күрделі жағдайда халықты әлеуметтік қорғаудың бір түрі. Ата-аналар балаларының оқу бітіріп, мықты маман болғанын тілейді. Бала оқыту оңай емес. Барлық оқу орындары кейінгі жылдары оқыту ақысын көтеріп жіберді. Грантқа түссе, тек балалар ғана емес, ата-аналар да қуанышқа бөленеді. Мемлекетке риза болады. Осы арқылы мемлекет отбасыларға үлкен жеңілдік береді деп есептеймін.
Бірақ екінші жағынан, гранттарды беталды көбейте берген жөн емес. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, жұмыс берушілермен ақылдасып, қай салада мамандық тапшы, алда қандай кәсіп иелеріне сұраныс мол болады, соған мониторинг жүргізіп, соның негізінде бөлу керек. Еңбек, Білім және ғылым министрліктері арасында ведомствоаралық комиссия болған, ол нарыққа қажет болатын мамандықтарға алдын ала болжам жасайтын. Осы жұмысты жандандыру қажет. Әйтпесе, алыс болашақ, ғасыр ортасы түгіл, таяу 5 жылдықта еңбек нарығы қалай өзгеретіні назарға алына бермейді.
Қазақстанда соңғы жылдары гранттар саны мыңдап көбейіп жатыр. Биыл БҒМ жоғарғы оқу орындарына білім гранттарының санын бірден 5 мыңға артырды. Яғни, жаңа оқу жылына бакалавриат бағдарламасы бойынша 51 561 грант бөлініп отыр. Оның бір бөлігі "Серпін" бағдарламасына арналады. Бұған қоса, "Nur Otan" партиясының бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы аясында тағы 5 мың грант қосымша беріледі. Нәтижесінде, бакалавриат бағдарламасы бойынша гранттардың жалпы саны – 56 561, магистратурада – 13 263, ал докторантурада – 1 890.
Колледждерге тоқталсақ, 2021–2022 оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысына сай 10 бағыт және 200-ден астам сұранысқа ие мамандық бойынша 97 мың бала тегін оқи алады. Бүгінде елде жалпы саны 795 колледж бар. Оның 454-і – мемлекеттік. Гранттарды оның бәрі бірдей игермейді: 435 мемлекеттік және 170 жекеменшік колледж алады.
– Сіз ғұмырыңыздың отыз жылынан астамын білім саласына арнаған білікті, тәжірибелі маман ретінде елімізге қазір және болашақта қандай мамандықтар қажет болады деп есептейсіз?
– Біздің еліміз үшін өзектілігін жоймайтын кәсіп иелері қатарына зор қарқын алған құрылыс, қайта өңдеу салалары және техникалық мамандықтар жатады. Сондай-ақ пандемия кезеңі медицина, педагогика салаларын кадрмен қамтуда олқылық барын көрсетті. Қазақ елі ежелден аграрлық ел болды, солай болып қала бермек. Жерді ұтымды қолдансақ, өнімі жарты әлемді асырауға жетеді. Ендеше бізге аграрлық секторды заманауи, инновация, жоғары технологиялар көмегімен өркендететін мамандар керек. Осыларға грант көбірек бөлінсе дейміз.
Кейде шенеуніктер Қазақстан аграрлы ел дегенді айтуға арланатын сияқтанады. Мысалы, Еуропаның қақ төрінде Нидерланды (Голландия) деген ел бар. Олар аграрлық ел екенін айтуға ұялмайды. Осы кішкене ғана мемлекет жалғыз Еуроодақты ғана емес, бүкіл дүниежүзін ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтып, баюда.
Экономика, басқару және менеджмент, бағдарламалау және ақпараттық технологиялар секілді сала мамандықтары үлкен сұранысқа ие, алайда оларға грант аздау бөлініп жүр.
Яғни, грант санын көбейткен дұрыс, дегенмен, олар Қазақстан экономикасын шынайы көтеретін, өркендететін, ілгері сүйрейтін секторларға, нарықта сұранысқа ие мамандықтарға берілгені жөн.
Олай болмағасын, баяғыда таңдалған салаларға беталды грант бөле берген соң, басыартық кадр пайда болады, жұмыссыздық өрістейді. Айталық, мұнай-газ, кен өндірісі, энергетикалық ресурстар секілді салаларда мамандықтарға сұраныс аз. Өйткені бұл нарықтарды кадрмен молықтырып болдық десек, артық айтқандық емес.
Өзге елдердің озық үлгілерін қабылдау сыртында өз тәжірибемізді де қайта жаңғырта аламыз. Кеңес кезінде Алматыда, Жамбыл облысында жеңіл және тамақ өнеркәсібіне маманданған ірі технологиялық институттар болды. Олар біздің республикада өсетін өнімдерді өңдеу мәселелерімен айналысты, маман даярлады. Өйткені ет, жеміс-жидек, көкөніс және басқасын шикі қалпында арзанға шетел асырмай, оны қайта өңдеп, түрлі консерві және басқа да дайын өнімдер түрінде экспорттаған әлдеқайда табысты. Бұған әзірге мән беріліп жатқаны шамалы.
– Әлгінде кейбір салада кадр артықшылығы бар дедіңіз. Білім министрлігі осыған орай "өмір бойы оқу" деген қағидатты енгізуде. Яғни, мамандардан өмір бойы түрлі курстардан өтіп, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуді, жаңа мамандықтарды игеруді талап етпек. Бұған қалай қарайсыз?
– Оқу деген әркімнің өз ісі, оған зорлай алмайсыз. Қазірдің өзінде кейбір салада бір жұмыс орнына 5–6 адам таласып жатыр. Оның бірі жұмысқа алынса, қалғаны сабылып, көшеде жүреді. Мұның қауіпті жағы бар. Мәселен, Мысырда (Египет) жоғарғы білім девальвацияға ұшырады. Кейін бұл елде бір емес, екі рет революция болды. Сонда көшеге қаптап шыққандар қараңғы халық емес, негізінен, жастар және олардың бәрінің дипломы болған. Бұл жағын да біздің билік ойлағаны жөн.
Мүмкіндігінше, жұмысшы мамандықтарына көбірек көңіл бөлген абзал. Бұл тарапта үлкен жетістікке жеттік деп айта алмаймыз. Елордадағы орталықазиялық ең зәулім ғимарат "Абу-Даби Плазаны" кімдер салып жатыр? Түркия, Үндістан, Корея және басқа елдердің азаматтары. Оның орнын қазақстандық білікті мамандар басуы керек еді. Балаларды жаппай жоғарғы оқу орындарында оқытумен әуестеніп кетпеу керек. Бізде де жоғарғы білім девальвацияға ұшырады. Университеттердің дипломдары шетел түгіл, өз елімізде қадірленбейді.
– Кейбір колледждер интернетте, әлеуметтік желіде хабарландыру жариялап, еш емтихансыз, кез келген жасты грантпен оқытатынын айтуда. Білімсіз балаға грант беру сорақылық емес пе? Әлде бұл артылып қалған мол грантты әйтеуір, игерудің амалы ма?
– Биыл колледждерге қабылдау рәсімі жаңа ережелер бойынша жүргізіледі. Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарды қоспағанда, өзге мамандықтар үшін қабылдау емтихандары болмайды. Конкурс аттестаттағы міндетті және бейіндік пәндердің орташа балы бойынша өткізіледі. Яғни, баланың мектеп қабырғасында қалай оқығаны ескеріледі. Жалпы, пандемия басталғалы екінші жыл қатарынан осылай жасаудамыз. Оның үстіне Елбасы жұмысшы мамандықтарын көбірек даярлау міндетін қойды. Ал жұмысшыларды колледждер дайындайды. Осылайша, Қазақстанда көңілі қалаған кез келген жасқа алғашқы жұмысшы мамандығы тегін беріледі. Ресейде де солай. Бұл әлемдік тәжірибе.
Сондай-ақ министрлік "ақша студентпен бірге жүреді" қағидаты негізінде гранттарды бөлудің жаңа тетігін енгізуде. Өзгешелігі неде? Егер бұрын гранттар колледждер арасында бөлінетін, енді олар талапкерлердің таңдауына сай таратылады. Тиісінше, қандай колледжге неғұрлым көп студент түссе, оған соғұрлым көп қаражат – мемтапсырыс беріледі. Колледждердің барлық ақпарат құралдары, әлеуметтік желі арқылы өзін жарнамалап, шақырып жатқаны содан болады.
Колледждерге қабылдау 25 маусымда басталды. Талапкерлер құжаттарын екі тәсілмен, яғни Egov.kz порталы арқылы немесе тікелей колледжге әкеліп, тапсыра алады. Әр талапкердің бірден 4 мамандық пен 4 колледжді таңдауына құқығы бар. Баланың мектеп аттестатындағы міндетті және бейіндік пәндер бойынша бағасы жоғары болса, оның грантқа түсу мүмкіндіктері молаяды. Аттестаттағы бағалары бойынша баланың орташа конкурстық балы есептеледі, оны адам емес, ақпараттық жүйе автоматты түрде есептейді. Сөйтіп, адами фактор жойылды. Ақпараттық жүйе құжат тапсырушылардың орташа балы негізінде олардың рейтингін, ретін түзеді. Рейтинг басында тұрғандар, балы жоғарылар бірінші кезекте грант иеленеді. Бұл балалардың емтихансыз-ақ колледжге түсуіне жол ашып отыр. Мұнысы – жаңа жүйе. Биыл бірінші рет сынақтан өтпек. Нақтылай кетейін, бұл тек колледждерге ғана қатысты, ЖОО-ға қатысы жоқ.
– Кейде қоғамда "кеңес кезінде білім жүйесі мықты болғаны", қазір "тесттегі дайын жауаптың бірін түрте салуға жаман үйренген білімсіз жастардың қаптағаны" туралы ой айтылады. Білім саласының маманы ретінде осы құбылысты байқадыңыз ба?
– Жоқ, меніңше, бұл бос сөз. Қазіргі заманғы білім артық болмаса еш кем емес. Қазіргі балалардың ақпаратқа қанығатын дерек көздері өте көп. Мен 1983 жылы оқу бітірдім. Кеңестік тоталитарлық заманда оқушылар мен студенттерге тек сүзгіден өткен, шектеулі білім ғана берілетін. Мәселен, әлемде тұңғыш портативті ұялы телефон 1973 жылы АҚШ-та пайда болып, дамыған елдерге тараған. Ал бізде 90-шы жылдарға дейін ол жайында ештеңе білмедік, тек сымды телефонмен ғана сөйлесетінбіз. Себебі, дүниежүзіндегі, әсіресе, Батыстағы жоғарғы технологиялар туралы ақпарат халыққа қолжетімсіз болды. Бүгінде оқимын деген бала ғаламтордан өз бетінше білімін кемеліне келтіре алады.
–Былтыр тосын оқиға болды: білім бағдарламасына сәйкес, педагогтер қашықтан оқып жатқан оқушыларға "Еңбек пәнінен" картоптан әртүрлі пішін жасауды жүктепті. Үйде ата-анасының бақылауынсыз отырған балалар қолын кесіп, жараланып, шу көтерілгені бар. Қазіргі бала техника, еңбек жағынан олақ емес пе?
– Барлық баланы бір қалыпқа салуға болмайды. Қазіргі балалар бәсекеге бала кезден үйренеді, өз бетінше өнер тауып, әлеуметтік желіде, YouTube-та танылуды ойлайды. Талпынып, жетістікке жетіп жатқаны бар.
Ал жұмысшы дағдысына, машықтарына келсек, кеңес кезінде ауыл, қала балаларын, студенттерді жазғы каникулда тегіс картоп, жеміс-жидек жинауға апаратын. Ол кезде ауыл тұрғындарының саны басым болды ғой. Сонда қаланың балалары бір шелекті екі жағынан көтерісіп, мықшыңдап бара жататын. Ал біз, ауыл балалары 25 келі алма толы қапты көлікке дейін бір өзіміз көтеріп кете беретінбіз. Бұл басқа мәселе. Ауыл және қала баласы деген тақырып. Бүгінде балаларды картоп, қарбыз жинауға апара алмайсың, егістіктің бәрі жекеменшікте. Еңбек дағдысы бойынша алшақтықты жою үшін әртүрлі үйірмелер санын арттыру керек. Колледждер қасынан да осындай үйірмелер ашылуда.
Қазір робототехника үйірмелеріне баратын қаланың балалары керемет роботтарды құрастыруға үйренуде. Біздің болашақ ғалымдарымыз бен білікті мамандарымыз сол балалар арасында жүр деп ойлаймын.
АҚШ-та, дамыған елдерде оқушылар мектеп жасында көлік жүргізуді, машинаның бөлшектерін шашып, жөндеуді үйренеді, жүргізуші куәлігін алып шығады. Кеңес кезінде біздің мектептердің жанында автомектептер болатын. Осы тәжірибені қайта қалпына келтіруге болады.
"Бұрынғының балалары тамаша еді, қазіргінің баласы түк білмейді" дегенге мен қарсымын. Бәрі баланың өзіне, білім-қабілетіне, отбасына, ортасына байланысты.
Әңгімелескен Жанат Ардақ