БҰҰ әлем картасын өзгертпек: Африка енді бұрынғыдан әлдеқайда үлкен көрінеді

132

Гренландия Африкамен шамалас болып көрінеді, ал шын мәнінде Африканың аумағы одан шамамен 14 есе үлкен.

БҰҰ әлем картасын өзгертпек: Африка енді бұрынғыдан әлдеқайда үлкен көрінеді Фото: canva

Ғасырлар бойы әлем карталарында Африка шын мәніндегі аумағынан әлдеқайда кіші болып көрсетіліп келді. Жұма күні БҰҰ-ға мүше елдердің басым көпшілігі бұл түсінікті өзгерту бастамасын қолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты БҰҰ жаңалықтарына сілтеме жасап.

БҰҰ Бас Ассамблеясы Африка елдері көтерген әлем карталарындағы құрлықтарды бейнелеу тәсілін өзгерту туралы ұсынысты мақұлдады. Дауыс беру кезінде 164 мемлекет аумақтардың көлемін шынайыға жақынырақ көрсететін карталарды пайдалануды көздейтін қарарды қолдады. Қарсы дауыс берген жалғыз ел – АҚШ. Алты мемлекет – Эстония, Грузия, Литва, Молдова, Сербия және Украина – қалыс қалды.

Қарар Меркатор проекциясына тыйым салмайды және оны нақты бір картамен алмастыруды міндеттемейді. Меркатор картасында бағыттар дәл сақталғанымен, аумақтардың көлемі, әсіресе полюстерге жақын орналасқан жерлерде, қатты бұрмаланады. Мысалы, Гренландия Африкамен шамалас болып көрінеді, ал шын мәнінде Африканың аумағы одан шамамен 14 есе үлкен.

БҰҰ қарары үкіметтерді, мектептерді, халықаралық ұйымдар мен технологиялық компанияларды аумақтардың нақты арақатынасын көрсету маңызды болған жағдайда Equal Earth және басқа да тең шамалы карталарды пайдалануға шақырады.

Бастаманы Того Африка елдерінің атынан ұсынды. Тогоның сыртқы істер министрі Робер Дусси карталардың адамдардың әлем туралы түсінігіне әсер ететінін атап өтті.

Equal Earth картасы 2018 жылы құрлықтардың аумағын шынайы көлеміне барынша жақын көрсету мақсатында жасалған. Онда Африка, Латын Америкасы, Оңтүстік Азия және Океания әдеттегі карталарға қарағанда едәуір үлкен болып көрінеді. Дусси бастаманың Меркатор проекциясына қарсы бағытталмағанын айтты. Оның сөзінше, мақсат – әлемді бейнелеудің бір ғана тәсілін тану емес.

АҚШ бұл бастамадан саяси астар көрді. Америкалық дипломат қарардағы "репарациялар" мен "когнитивті әділеттілік" ұғымдарын сынап, оны "радикалды идеологиялық жобаның" бір бөлігі деп атады.

Франция болса, Меркатор проекциясынан бас тартып, Африка одағының бастамасына қосылатынын мәлімдеді. Бұл өзгеріс Франция, АҚШ және Ресейдің жаңа картада бұрынғыға қарағанда кішірек көрінуіне әкеледі. Тең шамалы карталар Африканы әдейі үлкейтпейді, керісінше Меркатор проекциясындағы аумақтардың көлемін бұрмалауды азайтады.

БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары міндетті сипатқа ие емес. Сондықтан Меркатор проекциясы қолданыстан бірден шықпайды. Дегенмен дауыс беру Африка елдері көтеріп жүрген мәселенің халықаралық деңгейде кең қолдау тапқанын көрсетті: картадағы аумақтарды бейнелеу тәсілі адамдардың әлемді қабылдауына әсер етуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу