БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Асад билігі құлағаннан кейін Сирияға алғаш рет барып, елдің соғыстан кейін қалпына келіп қана қоймай, тұрақты әрі өркендеген мемлекет құруға мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді.
Дамаскіде Сирияның Сыртқы істер министрі Асаад аш-Шибанимен өткізген баспасөз мәслихатында ол бұл сапардың ерекше маңызға ие екенін айтып, БҰҰ жүйесінде қызмет еткен жылдары сириялықтармен ұзақ уақыт жұмыс істегенін еске салды. Сондай-ақ 2011 жылы елдегі қуғын-сүргін басталғаннан бері Асад билігі құлағанға дейін Сирияға әдейі бармағанын жеткізді.
Гутерриш сириялықтардың ұзақ жылдарғы соғыс пен қиындықтарға қарамастан төзімділігін жоғалтпағанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Сирияның алдында соғыс зардаптарын еңсеріп, тұрақты әрі инклюзивті қоғам қалыптастыруға мүмкіндік туып отыр. Бұл үшін әрбір азамат өзін ел болашағының бір бөлігі ретінде сезініп, мемлекеттік институттарды сириялықтардың өздері қалыптастыруы қажет.
Бас хатшы сондай-ақ Сирияның халықаралық қолдаусыз толық қалпына келе алмайтынын айтып, әлемдік қауымдастықты елдің экономикасы мен инфрақұрылымын қалпына келтіруге, негізгі қызметтерді жандандыруға, жұмыс орындарын ашуға және босқындардың оралуына қолдау көрсетуге шақырды.
Сонымен қатар ол БҰҰ Сирияның егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын толық қолдайтынын мәлімдеп, бұл қағидаттардың бұзылуына жол берілмеуі тиіс екенін айтты. Голан жоталарына қатысты пікірінде аталған аумақтың Сирияға тиесілі екенін еске салып, өңірдегі қазіргі жағдайдың алаңдаушылық тудыратынын жеткізді.
Сапар барысында Гутерриш Сирия президенті Ахмед аш-Шараамен, жоғары лауазымды тұлғалармен, БҰҰ-ның Голан жоталарындағы Бақылау күштері өкілдерімен және азаматтық қоғам мүшелерімен кездеседі. Дүйсенбі күні ол Сирияның жаңа Халық жиналысында сөз сөйлеп, кейін Кипрге барады.