БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израильдің әрекеттерін сынға алып, Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын толық құрметтеуге шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Ол бұл туралы X әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Антониу Гутерриш Израильдің 1974 жылғы күштерді ажырату туралы келісімді бұзуын "жол беруге болмайтын әрекет" деп бағалап, мұндай іс-қимылдарды тоқтатуға үндеді.
"Сирияның егемендігі, тәуелсіздігі, бірлігі және аумақтық тұтастығы толық құрметтелуі тиіс", – деді Гутерриш.
Башар Асад режимі құлағаннан кейін Израиль әскері 1974 жылғы күштерді ажырату туралы келісімді бұзып, Сирияның оңтүстігіндегі Дераа және Кунейтра провинцияларында бақылауына алған аумақтарда 10-нан астам әскери база мен нысан салған.
Euronews жазуынша, Антониу Гутерриш Сирияға қарсы енгізілген барлық санкцияларды алып тастауға да шақырды. Ол бұл мәлімдемені Сирияға жасаған екі күндік сапарының қорытындысында жасады.