БҰҰ-ға қару-жарақтың экспорты мен импорты туралы баяндама ұсынамыз

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3426

Қостанай облысында 292 адам қару сақтау және қолдану құқығынан айырылып, 807 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  

БҰҰ-ға қару-жарақтың экспорты мен импорты туралы баяндама ұсынамыз

Қасақана жасалған аса ауыр қылмыстар көп жағдайда ішкі істер органдарында тіркелмеген заңсыз қарумен жасалады. Демек әлемде суық қарудың көлеңкелі саудасына әлі де еркіндік беріліп отыр. Өз елімізге тоқталар болсақ, Кеңес өкіметі кезінде малшыларға тегін таратылған құжатсыз мылтықтар мемлекетке толықтай өткізілген жоқ. Тым болмаса, әр мылтықтың иесіне оны әкеп тапсырғаны үшін жоқ дегенде нарықтағы  бағаның жартысын бермейінше, қарудың бәрін түгел жинап алу мүмкін емес. Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл жыл басынан бері өңірде полицейлер заңсыз айналымда жүрген әртүрлі 500 қару-жарақты тәркілеген. Жалпы алғанда, жергілікті тәртіп сақшылары бұл жолы тұрғындар тұтынған 20 мыңға жуық қаруды тексеріпті. Нәтижесінде заңбұзушылыққа барған 807 мылтық иесі әкімшілік жазаға тартылып, 292 адам оны сақтау және тұтыну құқығынан айырылған.  Ал жедел алдын алу шаралары мен акциялар аясында облыс тұрғындары 463 атыс қаруын өз еркімен тапсырған. Оның 143-і бұрын тіркеуде болмаған. Бір қызығы,  суық қарудың ең көп партиясы Қостанай қаласының 76 жастағы тұрғынынан тәркіленген. Оның үйінен 7 тапанша, 2 ұсақ калибрлі винтовка, 600-ге жуық патрон, Макаров тапаншасының оқшантайы, дыбыс тұншықтырғыш, автомат шүйдесі, оқдәрілі банкілер мен пышақтар табылған.

Қарағанды облысы Саран қаласының полицейлері де қару-жарақ ұстайтын тұрғындарды тексерді. Нәтижесінде 100 адам суық қару сақтау ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылса, 8 тұрғын үйде заңсыз қару сақтағаны үшін айыпты болды. Ал Алматы облысының полицейлері аймақ тұрғындарынан бір күннің ішінде 30-ға жуық атыс қаруын тәркілеген. Олардың бірі қаруын машинасының жүк салғышында сақтапты. Сол үшін оған әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 484-бабы ("Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қару мен олардың оқ дәрілерін сатып алу, өткізу, тіркеу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу немесе шығару және транзит тәртіптерін бұзу") бойынша айыппұл салынды.

"Республикалық "Учаске" іс-шарасының аясында лицензиялық-рұқсат беру жүйелерінің қызметкерлері Талғар ауданы аңшыларының қаруларын қалай сақтайтынын тексерді. Сақтау ережелерін бұзған қару иелерінің бәріне әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Талғар аудандық ІІБ аға инспекторы Еркебұлан Сәрсенбаев.

Осыдан біраз бұрын Қазақстан "Қару саудасы туралы" халықаралық шартты ратификациялды. Құжат алдымен Мәжілістің жалпы отырысында қаралды. Ондағы мақсат – қару-жарақтың заңсыз саудасына тыйым салу. Айта кетейік, осы  халықаралық шартқа БҰҰ-ға мүше 90-нан астам ел қол қойған. Алдағы уақытта Қазақстан жыл сайын БҰҰ-ға қару-жарақтың экспорты мен импорты туралы баяндама ұсынып тұрады.

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар осыны қарастыратын халықаралық құжатты құптады. Оларға "Қару саудасы туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасын қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров таныстырды. Оның баяндауынша, аталған шарт 2013 жылдың 2 сәуірінде Нью-Йоркте қабылданған.

"Шартқа сәйкес, егер қару-жарақ беру "БҰҰ қауіпсіздік кеңесі қабылдаған шараларды бұзуға соқтырса", "халықаралық шарттар бойынша мемлекеттердің халықаралық міндеттемелерін бұзуға алып келсе", "егер қару-жарақ геноцид актілерін, сондай-ақ адамзатқа қарсы қылмыстарды жасауға, 1949 жылғы Женева конвенцияларын айтарлықтай бұзуға, азаматтық нысандарға немесе қорғауға алынған азаматтық тұлғаларға шабуыл жасауға, басқа да әскери қылмыстарға пайдаланылуы мүмкін болса" онда оған тікелей тыйым салу белгіленеді, – деді Талғат Мұхтаров.

Өз кезегінде депутат Қуаныш Сұлтанов қазір әлемдегі қақтығыс ошақтарында қанқұйлы пиғылды қылмыскерлердің қолына түскен миллиондаған қару-жарақ бейбіт тұрғындарға қауіп төндіріп, ажал құштырып жатқанын алға тартты.

"Бақылаудан тыс қару-жарақ қозғалысы әр жердегі шиеленістерді ушықтырып, соғыс өртін қоздыруда. "Қару саудасы туралы" шартқа қосыла отырып, Қазақстан оған мүше мемлекеттер арасында қару саудасының тасымалын реттеуге мүмкіндік алады, қауіпсіздік талаптарын күшейтеді, заңсыз қару айналымына тосқауыл қоюға сеп болады. Бұл – ел президентінің бейбітшілік ұстанымы мен бастамаларына сай келеді", – деді депутат.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу