БҰҰ: Газада үш жасқа толмаған әр үшінші бала соңғы тәулікті аш өткізді

179

Бұл туралы Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігі мәлімдеді. 

БҰҰ: Газада үш жасқа толмаған әр үшінші бала соңғы тәулікті аш өткізді Фото: Anadolu Ajansı

Агенттіктің америкалық X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланған мәлімдемеде Газадағы балалардың ахуалына қатысты деректер келтірілген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Ақпаратта израильдік шабуылдардың балаларға және олардың балалық шағына аса ауыр әсер етіп жатқанын атап өтті. Көптеген жасөспірімдер ауыр жұмыс істеуге немесе қайыр сұрауға мәжбүр. Балалардың жағдайын жақсарту үшін атысты дереу тоқтату режимі қажет екені баса айтылды.

Газа секторы гуманитарлық апат алдында тұр: аштық жайылып барады, су, дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар мен гигиена құралдары тапшы.

Жергілікті және халықаралық деректерге сәйкес, ең алдымен балалар арасында аштықтан көз жұмғандар саны өсіп келеді. 

Израиль армиясы Газадағы азаматтық инфрақұрылымның 88%-ын қиратқанымен, босқындар жасырынған аймақтарға әуе соққыларын жалғастырып жатыр.

Халқы 2,3 млн адамды құрайтын Газада 2 млн-ға жуық адам шабуылдар мен эвакуацияға мәжбүрлеу салдарынан баспанасынан айрылған. Көпшілігі бірнеше рет үйсіз қалған.

Алғашқы қажеттіліктерден айырылған палестиналықтар қолда бар заттардан жасалған шатырларда немесе шамадан тыс лық толы мектептерде тұрып жатыр. Онда гигиеналық жағдай жоқ, дәретханалар жетіспейді, жұқпалы аурулар тарап жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу