БҰҰ соты Мьянманы рохинджа халқына жасалған геноцидке кінәлі деп таныды

835

Бұл жолғы шешімнің ерекшелігі – жекелеген лауазымды тұлғалар немесе әскери қызметкерлер емес, тұтас бір мемлекеттің жауапкершілігі қарастырылды.

БҰҰ соты Мьянманы рохинджа халқына жасалған геноцидке кінәлі деп таныды Фото: un.org

19 қарашада Гаага соты Мьянманы рохинджа халқына геноцид жасады деп таныды.

Гаагадағы БҰҰ Халықаралық сотының аталған шешімі тарихи оқиға ретінде бағаланып отыр. Өйткені сот алғаш рет қандай да бір мемлекетті геноцид жасады деп айыптап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Іс 2017 жылғы тамыз-қыркүйек айларында Ракхайн штатында өткен әскери операцияға байланысты қозғалды. Сот сол жылы жүргізілген әскери операция барысында әскерилердің кем дегенде 10 000 адамды өлтіргенін анықтады.

Сондай-ақ, құжаттарда жаппай жыныстық зорлық-зомбылық, балаларға жасалған шабуылдар және көршілес Бангладешке қашып өтуге тырысқан адамдарды қудалау деректері тіркелген. Қауіпсіздік күштерінің бұл әрекеттері мұсылман азшылығы өкілдері болып табылатын рохинджа халқының едәуір бөлігін жою ниетінен туындаған.

Басылымның жазуынша, рохинджа халқына қарсы жаппай қылмыстарға қатысты сот процесі 7 жылға созылған. Мьянмаға қарсы талап-арызды 2019 жылғы қарашада Ислам ынтымақтастығы ұйымының қолдауымен Гамбия берген.

Құқық қорғау ұйымдары мен БҰҰ миссиясының мәліметінше, әскери операция кезінде бейбіт тұрғындар жаппай қырғынға ұшырап, азаптау мен зорлық-зомбылыққа тап болған. Сонымен бірге халық туған жерінен Бангладешке қарай күштеп көшірілген. Олардың көбі әлі үйлеріне орала алмай отыр. 1,2 млн адам босқын күйінде қалды. 

Жалпы 1948 жылы Геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау туралы конвенция қабылданғаннан бері халықаралық сот органдары бірнеше рет жекелеген адамдарды геноцид жасағаны үшін кінәлі деп таныған. Атап айтқанда, Руанда мен бұрынғы Югославия аумағында жасалған қылмыстарға қатысты осындай шешімдер шығарылған.

Сот шешімі: 

  • Өтемақы: Мьянма зардап шеккен рохинджаларға өтемақы төлеуге (көлемі кейін анықталады), олардың қауіпсіз оралуын және отбасыларымен қайта қауышуын қамтамасыз етуге міндеттелді.
  • Түпкілікті үкім: Шешім түпкілікті және шағымдануға болмайды. Алайда соттың өз шешімдерін мәжбүрлеп орындату тетіктері шектеулі. Осыған байланысты Ұлыбритания Мьянманың әскери атташесін елден шығаратынын мәлімдеп, мәселені БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне шығаруға шақырды.
  • Тарихи өзгеріс: Бұл – Холокосттан бері халықаралық соттың геноцид фактісін мойындаған төртінші жағдайы (бұған дейін Руанда, Сребреница және Камбоджа оқиғалары мойындалған) және тұтас бір мемлекеттің геноцидке жауапты деп танылуының алғашқы дерегі.

Бұл жолғы шешімнің ерекшелігі – жекелеген лауазымды тұлғалар немесе әскери қызметкерлер емес, тұтас бір мемлекеттің жауапкершілігі қарастырылды.

Мьянма билігі тағылған айыптарды жоққа шығарып, әскери операция рохинджа қарулы топтарының полиция бекеттеріне жасаған шабуылдарына жауап ретінде, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізілгенін мәлімдеген.

Халықаралық соттың шешімі түпкілікті әрі оны орындау міндетті. Алайда соттың өз шешімін орындатуға мәжбүрлейтін тетіктері жоқ. Ол тек шешімнің орындалмағанын тіркей алады. Соған қарамастан, бұл үкім халықаралық деңгейде елеулі салдарға әкеліп, геноцидке қатысты өзге істерге құқықтық негіз болатын маңызды үлгіге айналуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу