Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр акциялары жақсы өсім көрсеткен үш компания бар. Олар – "Қазатомөнеркәсіп", "KAZ Minerals PLC" және "Кселл". 2020 жылы "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының Қазақстан қор биржасындағы (KASE) акциялары 37 пайызға қымбаттаған. Жыл соңында бір акцияның құны 7 150 теңгеге жеткен. Бұл 2020 жылдың қорытындысы бойынша KASE индесінде тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш.
2020 жылдың наурыз айында "Қазатомөнеркәсіптің" бір акциясының құны 4 707 теңгеге дейін төмендеген. Бұған жаһандық қор индекстері мен шикізат бағасының құлдырауы себеп болды. Кейін уран бағасы өсті. Тиісінше, компания акциялары да қымбаттай бастады. 2021 жылдың 20 қаңтарындағы жағдайға сүйенсек, ұлттық атом компаниясының бір акциясы 7 927 теңгеге сатылуда. Демек, акцияның құны жыл басынан бері 2,81 пайызға қымбаттаған.
2020 жылы "KAZ Minerals PLC" компаниясының акциялары 33,2 пайызға өскен. Осылайша, компания KASE индексінде өсім жағынан екінші орынға ие болды. Қор биржасының мәліметінше, компанияның акциялары негізінен өткен жылдың қазан-желтоқсан аралығында жақсы өсім көрсеткен. Дәлірек айтсақ, дәл осы аралықта бірден 15,2 пайызға қымбаттаған. "KAZ Minerals PLC" акцияларының қымбаттауына әлемдік нарықтағы мыс бағасының оң динамикасы әсер еткен. 2021 жылдың 20 қаңтарындағы жағдай бойынша, компанияның акциялары жыл басынан бері 2,36 пайызға өсіп, бір акция 3 997 теңгеге сатылуда.
Үштікті "Кселл" АҚ түйіндеген. Компанияның акциялары 2020 жылы 18,5 пайызға өскен. Әсіресе, өткен жылдың 30 желтоқсанында ерекше өсім көрсетіп, бір акцияның құны 2 780 теңгеге дейін жеткен. "Кселл" акциялары биыл да жақсы өсім көрсетуде. Қазір оның бір акциясын 2 839 теңгеге сатып алуға болады.
"KEGOC" АҚ-ның акциялары 4,5 пайызға қымбаттаған. 2020 жылдың басында оның бір акциясы 1 624 теңгеге сатылса, жыл соңында 1 697 теңгеге бағаланған.
Жалпы, өткен жылы KASE индексінің мәні 13,2 пайызға, яғни 2 675,58 пунктке дейін өскен. Жыл қорытындысы бойынша индекстік акциялармен жасалған сауда-саттықтың жиынтық көлемі 150,4 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 39 пайызға артқан.
Ғалия Әділ