470 мыңға жуық майнинг жабдығы есепке алынды. Бұл туралы Жасанды интеллект жəне цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ең бастысы қазір майнинг пулдар бізге өндірілген цифрлық активтер туралы ақпаратты тұрақты түрде ұсынады. Соның нəтижесінде мемлекетте саланың нақты көлемін жəне оның даму көрсеткіштерін жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік пайда болды. 2025 жылы Қазақстанда майнинг пулдар арқылы шамамен 3600 биткоин өндірілді. Яғни, 2023 жылмен салыстырсақ өндіріс көлемі 4 есеге өсті", – деді Ғиззат Байтұрсынов.
Салық түсімдері бойынша да айтарлықтай өсім бар екені айтылды.
"2023 жылы саладан бюджетке 9 млрд теңге түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 22,4 млрд теңгеге жетті. Яғни, салық түсімдері 2,5 есеге жуық өсті. Бұл – енгізілген жүйенің нақты нəтижесі. Майнерлер есепке алынды, өндірілген цифрлық активтердің айқындалды, ал бюджетке түсетін салық көлемі артты", – деп атап өтті вице-министр.